20.06.2023, 11:15
Оқылды: 59

Euro-2024. Абат Айымбетов: "Маңызды кездесуде гол салғаныма қуаныштымын"

Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу сатысының төртінші турында Қазақстан құрамасының Солтүстік Ирландияға қарсы ойынында жеңіс голын салған Абат Айымбетов кездесу жайында пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

42967d8b-5d7f-443f-8796-edcaf1b5c47c

Фото: kazfootball.kz

Кездесу барысында Абат Айымбетов 88-минутта жасыл алаңның ортасынан қарсылас құраманың бірнеше футболшысын алдап өтті. Қақпашымен бетпе-бет шығып, жеңіс голын соғып кетті.

«Барша жанкүйерлерді жеңісімен құттықтаймын. Әрбірімізге жақсы эмоция сыйлады деген ойдамын. Жеңіске жеткенімізге өте қуаныштымын. Соңғы минутта үш ұпай олжалап кетуге мүмкіндік туды. Құрамамыз жақсы ойнады. Жеңіс голын соғу - жалғыз менің еңбегім емес. Ұлттық құрама жейдесін киген жігіттердің барлығы бір отбасы секілді. Біз ойынның қиын болатынын алдын ала білдік. Соған қарамастан қарсыласқа тойтарыс беріп, жеңіс жолында тер төгілді. Мұндай ойында ұпай олжалау оңай емес. Бүкіл Қазақ елін жеңіспен құттықтаймын. Маңызды үш ұпаймен елге оралу - біз үшін үлкен мәртебе.

Маңызды кездесуде гол салу бақыты бұйырғанына қуаныштымын. Жалпы, ойында әртүрлі гол болады. Негізінде оны әдемі гол немесе басқаша деп бөліп қарауға негіз жоқ. Сол сәтте өзім қарсыластар қақпасын дәл көздей алғанымды мақтан тұтамын. Бапкер маған ойынға қатысты жоспарын айтқан еді. Жоспарымыз жүзеге асты. Әзірге қайталау сәтін көрген жоқпын. Десе де барлығы әдемі гол салғанымды айтып мақтап жатыр», - деді Абат Айымбетов.

Шабуылшы ұлттық құрама жейдесіндегі 29 ойында сегізінші голын соқты. Бұған дейін Әзербайжан мен Беларусьті - 2, Біріккен Араб әмірлігі, Дания, Литва құрамаларын бір мәрте қапы қалдырды.

Абат Айымбетов 1995 жылы 7 тамызда Қызылорда облысы Арал ауданында дүниеге келген. Қазірге дейін қазақстандық «Ақтөбе», «Қайрат», «Астана» клубтарында ойын көрсетіп келеді.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале