20.06.2023, 20:16
Оқылды: 35

Солдат шөбі халыққа арзан бағамен

Аудан орталығы Казталов ауылы аумағында ауыл халқына мал азығын дайындау үшін Солдат шабындық көлі бар. Былтырғы жылдан бастап «Нұрсай ауылы» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі Солдат көлінен шөп шауып, буып, ауыл халқына қолжетімді бағамен тасып беріп жатыр.

20230620_174123
Нақтырақ айтсақ, ауданымыз бойынша нəтижелі жұмыс жасап жатқан «Нұрсай ауылы» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі бүгінде қанаты қатайып, əлеуеті артып келеді. Сөзімізге дəлел ретінде Орынбек Бақтияров жетекшілік ететін кооператив меншігіне былтырғы жылы "КазАгроФинанс" АҚ арқылы 2 дана МТЗ-82 тракторын, шөп шабатын, буатын агрегаттарын сатып алған болатын.
Жаңа техниканы тізгіндеген «Нұрсай ауылы» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі былтыр Солдат көлінен кооператив мүшелеріне мал азығын дайындауға мүмкіндік туғызса, Казталов ауылдық округі əкімі аппаратының ұйымдастыруымен аз қамтылған отбасыларға жəне жалғызбасты зейнеткерлерген əр бумасын 4000 теңгеден тасымалдап берген болатын.
Биыл да аталмыш ауыл шаруашылық кооперативі Солдат көлінен шөп дайындап, ауылдың жалғызбасты зейнеткерлері мен әлеуметтік осал топ отбасыларға әр бумасын 4000 теңгеден тасуда.

20230620_174039
Бояуы кетпеген жасыл шалғын басына Казталов ауылдық округінің әкімі Ернар Ғалымовпен бірге барып қайттық.
—Былтырдан бастап «Нұрсай ауылы» ауыл шаруашылық кооперативі ауыл халқына арзан бағамен шөп дайындап беруде. Биыл Сарыөзенге су аз келіп, Солдат көліне шығатын судың да көлемі аз болды. Дегенмен, су шыққан шабындықтың кейбір жерінде шөп шығымы жаман емес. Біз де қарап жатпай көлге ақылы қоғамдық жұмыс арқылы күзетші қойдық. Бірақ, ауылдың жылқысы көлге түсіп, маза бермей тұр. Көл басында 14-ке тарта жылқы үйірі жүр. Мал болғасын жасыл шалғынды отап тастайтыны белгілі. Сол үшін былтырғыдай «Нұрсай ауылы» ауыл шаруашылық кооперативінің техникаларын көл басына алдырып, уақытынан асырмай мал азығын дайындау жұмыстарын ұйымдастырып жатырмыз. Ауылдағы жалғызбасты зейнетке шыққан, аз қамтылған, көп балалы, мүгедектігі бар 70 адамның тізімін жасап, кооператив басшысы Орынбек Бақтияровқа бердік. Өздеріңіз көріп отырғандай мал азығын дайындау жұмыстары басталып жатыр. Жоғарыдағы тізімге енген ауыл тұрғындарына ауыл шаруашылық кооперативі бір бума шөптің бағасы 4000 теңгеден беріп жатыр. Бұл биылғыдай шөп шығымы аз кезеңде ауыл халқы үшін көп көмек болады деп сенемін,-деді ауыл әкімі бізбен әңгімесінде.
Солдат көлі басында кооперативпен қатар жекелерге де жер берілген. Оларда шөп шабу жұмысына білек сыбана кіріскен. «Қыстың қамын жазда ойла» демекші, жасыл шалғынды уақытында шабу үшін аянбай еңбектенген дұрыс.

20230620_173748

20230620_174005

Қайрат Жақып,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz  

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале