Шыңғырлау ауданының намысын бірінші орынға қойып, осы жолда шәкірттерінің қызығушылығын арттырып, ұлттық спортқа шын жанашыр болып жүрген Бекболат Елубайұлының есімі жұртшылыққа әбден таныс.
Ол ауданымызға келген күннен бастап өз ісіне білек сыбана кірісіп кеткені әлі көз алдымда. Алғаш келген кезде ұлттық спорт түріне қызығушылық танытатын оқушыларды табу мақсатымен мектептерді, ауылдарды аралап, насихат жұмыстарын жүргізгені шындық. Бекболаттың ең алдымен ден қойған басты мақсаты-ұлттық ойынымыз көкпарды ауданда жаңғырту еді. Қазір оқушылардың бас-аяғы 25-ке жетіп, ең жасы 11 жаста болса, алдыңғы буын 17-де. Бүгінде Бекболат жұмысты алғаш бастаған кезде кездескен көптеген қиыншылықтарды жымия отырып еске алады.
Тынбай атқарған еңбектің арқасында ғана команданы аяққа тұрғызып, облыстағы бетке ұстар үздік шабандоздардың қатарына қосты. Былтыр облыстық чемпионатта шәкірттері ІІ орынды қанағат тұтса, биыл, күні кеше 31 мамыр мен 1 маусым күндері аралығында Орал қаласы Асан атшабар алаңында Халықаралық балаларды қорғау күніне орай көкпар мен аударыспақтан кіші жасөспірімдер арасында өткен ұлттық спорт түрлері бойынша біріншілікте алтыннан алқа тақты. Шыңғырлау ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің, ұлттық спорт бөлімінің тәрбиеленушілері, «Бөкенбай батыр» көкпар командасының ат үстінде тақымына серке басқан жас шабандоздары 6 команданың ішінен оқ бойы оза шапты.
Аударыспақтан 38 келі салмақ дәрежесінде Меңді Айхан біріншіліктің қола жүлдесін қанжығасына байлады.
Шабандоздар айтулы додада ешбір қарсыласты шақ келтірмей айқын басымдылықпен жеңіс тұғырынан көрінді. Шәкірттерінің осындай биік белестерді бағындыруында Бекболаттың орасан зор үлесі бар.
Нұрлыбек Қайырбекұлы,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz