22.06.2023, 15:30
Оқылды: 60

Криминалист Ильдар

Құқық қорғау саласында өзіндік орны бар, қырықтың қырқасына шыққан осы бір азаматтың еңбекқорлығына еріксіз сүйсінесің. Кісі жатырқамайтын кішіпейілділігі мен өзгеге қол ұшын созуға дайын тұратын қайырымдылығы да ерек. Ол алғашында Орал қалалық  ішкі істер басқармасының патрульдік бөліміне кіші сержант шенімен қызметке қабылданған. Араға екі жыл салып, яғни 2007 жылы жедел криминалистік бөлімге ауысып, көп ұзамай полиция лейтенанты атанады. Содан бергі 16 жылдай уақыт ішінде өзін тек жақсы жағынан танытып, ұжымдағы белсенді азаматтардың қатарынан көріне білді. Тек беделі өсіп қана қоймай, кәсіби шеберлігі шыңдалып, кейінгі келген жас мамандарға тәлімгер де болып жүр.

4cbc5878-8d0c-4931-a352-d5f453787b4c

Қызмет ретімен әрі төл мерекесі – Полиция күніне орай біз сол Ильдар Вахитовты әңгімеге тарттық. Алғашқы сауалым криминалист жігіттің есінде қалған қылмыстық оқиғалар туралы болды. Бірақ ол мамандығының өзіндік ерекшелігі жайында әңгімеледі.

– Әрине, кез келген мамандықтың өзіндік қалтарыс-бұлтарыстары болады ғой. Біздің кәсіпке қажеттісі – қырағылық пен ұстамдылық, нақтылық пен тиянақтылық. Ізіне түскен қылмыскерді індете іздеп, бағытынан адасып қалмау. Осыдан екі жылдай бұрын Орал қаласында пәтер тонау етек алды. Бірінен кейін бірі төрт ұрлық тіркеліп, қала тұрғындары арасында гу-гу әңгіме өршіді. Тергеушілерден маза қашты, ұрыларды ұстау – міндет. Төрт эпизодты сол қылмыс есіктің жақтауында  қалған саусақ ізімен ашылды.  Оның да бір мүлт кеткені ғой. Әккілігі сонша,  қолына жұқа қолғап киіп, жымысқы ойын жүзеге асырып отырған. Қазақта «Ұры алыстан келмейді» деген сөз бар ғой, бірақ бұл атыраулық «қонақ» болып шықты. Мұндай «қызықты» оқиғалар көп қой, қайсыбірін айтайын, – дейді  Ильдар Шамилұлы.

Бүгінде полиция майорына дейін көтерілген аға криминалист И.Вахитов үш жас маманды қамқорлығына алып, оларға өз білгенін үйретуде.

Шаған полиция бөлімінің криминалисі, Қарағанды академиясының түлегі Мирлан Құсмановтың өзіндік ізденісіне дән риза. Татар ұлтының өкілі, жаны тыныштық таппайтын тәртіп сақшысы Ильдардың абырой-беделі асқақтай түсуіне  тілектеспіз.

Гүламан Исмағұлова,

Орал қалалық полиция

басқармасының баспасөз қызметкері  

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале