Жуырда аудандағы түрлі салаларда қызмет жасап жатқан жас мемлекеттік қызметшілер мен жастар мемлекеттік қызмет ардагерлерімен кездесті.
Ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, үлкеннен өнеге алуға және жастарды ізеттілік пен жауапкершілікке баулу мақсатында ұйымдастырылған шара барысында ардагерлер жастардың көкейтесті сауалдарына жауап беріп, өз өмір және еңбек жолдары жөнінде пікірлесіп, өздерінің ұсыныс, кеңестерін білдірді.
- Бұл салада біздің азаматтарымызға қажет екі-ақ нәрсе бар. Ол - білім және шыдамдылық. Осы екеуі болса, ешкім далада қалмайды. Қазіргі жастар бір қызметке қол жеткізсе, оған қанағат етпейді. Бәрі басшы болғысы келеді. Егер арың таза болса, бәрі өз уақытымен болады. Сондықтан сендерге айтарым, қызметте жоғарылауға, баюға асықпаңдар, барлығы алған білімің мен шыдамдылығыңа байланысты. Менің тілегім, мемлекетке, халыққа ынтамен, шын ниетпен қызмет етіңдер, таза жұмыс жасаңдар,- деді ардагер Қаражан Әбдірахманов.
Кез келген мемлекеттік қызметші мекемеге келген адамға жылышырай танытып, жылы сөз айтып, ілтипат білдіруі тиіс. Жасалатын қызмет, айтылатын әңгіме жүректен шығуы керек. Қазіргі жас мемлекеттік қызметкерлер арасында адамдарға деген құрмет, сыйластық азайып барады. Сондықтан мұндай олқылықтар болмауы үшін кез келген адам өз-өзін тәрбиелеп, қарапайым болып үйренуі керек, - деп ардагер Мұрат Бекжанов өз тәжірибесімен бөлісе келе, осындай шараларды жиі ұйымдастырудың маңыздылығын атап өтті.
Динара Хабибуллиева,
Шыңғырлау ауданы