2007 жылы 5 маусым күні «23 маусым - Полиция күні» деп бекітілді.
Бұл күн тұрақтылық пен қоғамдық тәртіпті сақтауға үлес қосып жүрген, қызметтік парызын өтеуде өмірін қиғандарға ризашылық пен алғыс білдіру күні болып саналады. Яғни, бейбіт күніміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін күзетіп жүрген жандардың мерекесі.
Заңның орындалуын қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау – жауапкершілігі мол жұмыс. Полиция қызметкерлерінің өз өмірін өзге үшін бәйгеге тігетіндері де жасырын емес.
Бүгін ауданымызға адал қызмет етіп жүрген полиция қызметкері жайында қалам тербеуді жөн көрдік.
«Ел алдындағы міндетімізді адал атқару – парызымыз»
Руслан Жексенов - Теректі аудандық полиция бөлімі ақпарат және байланыс тобының аға инспекторы, полиция аға лейтенанты.
Жас болса да бас болып жүрген Руслан Мәлікұлы көпке үлгі десек, қателескеніміз емес. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тәртіпті қадағалау, табан асты туындайтын түрлі жағдайларға дайын болу секілді салмақты жауапкершілікті қажет ететін жұмысқа екінің бірі бармасы анық.
Руслан Жексенов 1990 жылы Ақжайық ауданы, Чапаев ауылында дүниеге келген. Мұхтар Әуезов атындағы №2 жалпы орта білім беретін мектебін үздік аяқтаған. Арман қуып, Астана каласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетіне оқуға түседі. Әр ісіне тиянақты, мұқият кейіпкеріміз жоғары оқу орнында да үздіктердің қатарында болған.
- Тәртіп сақшысының бойында жауапкершілік, жұмысына адалдық, өз-өзіне сенімділік, ұқыпты болу секілді қасиеттер болуы керек. Кез келген полиция қызметкерінің басты мақсаты - қоғамдық тәртіпті ретке келтіру, қылмыстың алдын алу және болдырмауға жұмыстану. Сондай-ақ мемлекетке адал болуы да басты парыз. Әрине, жұмыстың оңайы жоқ. Біздің жұмысымызда дәл солай. Күні-түні тұрғындардың тыныш өмірі үшін жұмыстанамыз.
Өзім Бауыржан Момышұлы атамыздың «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөзін әрдайым басшылыққа аламын. Тұрғындардың алдында жауапкершілік жүгін арқалап жүргенімді сезінемін. Берілген кез келген тапсырманы бұлжытпай орындауға барымды саламын. Әр ісімізге халық төреші. Ел алдындағы міндетімізді адал атқару – парызымыз, - дейді Руслан Мәлікұлы.
Жалпы қоғамдық тыныштықты сақтау - тек полиция қызметкерінің міндеті емес. Сол жерде тұратын әр адамның борышы. Өкінішке орай, кейде кейбір адамдардың қоғамдық орындарда өзін ұстай алмай, балағат сөздер айтып, адамдардың бейбіт өміріне кедергі келтіріп жатқанын көріп жүрміз. Полиция қызметкерлері ең бірінші кезекте сондай құқық бұзған жанға қоғам алдындағы жауапкершілікті түсіндіреді. Халықты оқыс жағдайлардан қорғайды және алдын алады.
- Қуатты ел құру үшін өзің соған лайықты болу керексің. Яғни, қоғамға пайдаңды тигізуің керек. Негізі біздерге, яғни полиция қызметкерлеріне, сүйене бермей, ел тыныштығы үшін әрбір адам күресуі керек деп ойлаймын. Сонда ғана дамимыз, ал ізімізді жалғаушы жастар алдыңғы көшке қарап, бой түзейді.
Қоғамда билік пен халық арасында ашық диалог орнауы қажет. Бұл мемлекетіміздің дамуының өзегі болмақ. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы «Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығымен өркендеуінің негізі» атты Жолдауының түйіні осы. Президент заман талабына сай мемлекет құру үшін алдымен азаматтардың барлық өтініш-тілегін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру қажеттігін алға тартты.
Осы тұжырымдама негізінде бізде тұрғындармен ашықпыз. Халық жанашыры ретінде қызметімізді адал атқаруға бар күшімізді салып жүрміз, - деді аға инспектор.
204 мемлекеттің туын жатқа біледі
Жыл басында «Жастар Рухы» жастар қанаты ұйымдастыруымен мекемелер арасында «QUIZIZZ» интеллектуалды ойыны өткен болатын.
Бес команда қатысқан ойынға аудандық аурухананың «Авиценна», ішкі істер бөлімінің «Оқжетпес», спортшылардың «Жеңімпаз», аудандық газет редакциясының «Ұшқыр қалам» командалары мен алаң иелері - кітапханашылардың «Қазына» тобы зияткерлік сайысқа дайындықпен жиналды. Сол сайыста полиция бөлімінің командасындағы Руслан Мәлікұлы барша қатысушылардың есінде қалды. Өйткені ол барлық мемлекеттің туларын жатқа білетінін аңғартып, көпшілікті таң қалдырған болатын.
-Кішкентай кезімнен бастап әр мемлекет жайында толық білгім келетін. Теледидардан ауа райын көрсеткен сәтте басқа елдердің атауын оқып, қай жерде орналасқанын білгім келіп, қызығушылық таныта бастадым. Үйдегі ағам алғаш болып глобустан әр елдің орналасқан жерін көрсетіп таныстырды. Сол қызығушылығыммен «Страна и мир» деген кітапты оқып, мәліметтерді жаттадым. Қазіргі таңда әлемде 204 дербес мемлекет болатын болса, сол елдердің туы мен астанасын жатқа білемін. Мектеп қабырғасында білім алып жүрген кезімде география сабағын қызыға оқыдым. Соның әсерінен әлі күнге дейін әлем елдері жайында ақпарат білуге құштармын, - дейді ол.
Бір күннің ішінде хит болды
Өткен жұмада Іnstagram әлеуметтік желісін қолданушылар қолындағы газетпен жол сілтеген жігітке алғыс жаудырды.
Оқиғаның мән-жайын Русланның өзінен сұрап алдық.
- Қазіргі уақытта кезекті еңбек демалысындамын. Шаруаларыммен Оралға барған едім. Сол күні облыс орталығының бірнеше аумағында жарық өшіп, светофорлар жасамай, қала ығы-жығы болды. Әрдайым халыққа қызмет етіп үйреніп қалған мен осындай қарбалас сәтте ештеңе жасамай, бос отыра алмадым. Күнделікті киімде, еңбек демалысымда жүрсем де, қолыма түскен газетті ұстап, түзетуді жасай бастадым. Бірінші бір бағытты жіберіп, кейін екінші, үшінші деп барлығын бағдаршамның бағытындағы ретке келтірдім. Сөйтіп әрі қарай жұмысымды жалғастыра бердім. Жарты сағатқа жуық тұрдым. Барлық жолаушылар алғысын жаудырды. Кейін 102 қызметі келіп, ризашылықтарын білдірді. Бұл жерде «Жол патрульдік полициясы қайда қарап отыр?» деген сауал туындауы мүмкін. Оларды да түсінуге болады, себебі көп жерде дәл осындай кептеліс болып жатты. Барлығы қолдарынан келгенше үлгеруге тырысты.
Менің іс-әрекетімді жолаушылардың бірі видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге салып жіберген екен. Содан соң түрлі қоңыраулар келіп түсті. Облыстық полиция департаментінен де хабарласып, алғыс айтты. Ол жерде менің орнымда кез келген полиция қызметкері солай жасар еді. Бұл да менің бір міндетім деп білемін, - деп ағынан жарылды бір күннің ішінде «хит» болған полиция қызметкері.
Балнұр Қанаева,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz