Қаратөбе ауданының 95 жылдығына орай баскетболдан ерлер арасында аудандық жарыс өтті. Қ.Жұмалиев атындағы мектеп-гимназиясының спорт залында өткен жарыс 9 команда арасында тартысты өрбіді.
Ауданымызда біраздан бері кенжелеп қалған баскетбол ойынының ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қаратөбе ауылдық округінің әкімі Берікқали Муса құрылғанына 95 жыл толған ауданымыздың көркейіп дами беруіне тілектестігін жеткізіп, жарысқа қатысушы спортшыларға сәттілік тіледі.
Жарыстың ережесімен таныстырған бас төреші Ақан Төлеуов ойын шарттарын атап өтті.
Жарыс қорытындысы бойынша үлгілі ойын өрнегін көрсеткен «Қаратөбе-1» командасы жарыс жеңімпазы атанды. Жүйелі шабуылдарымен көзге түскен «Жусандыой» командасы ІІ орынан көрінсе, «Қаратөбе-2» құрамасы ІІІ орынға табан тіреді.
Шебер ойындарымен көрермендер көңілінен шыққан ойыншылар түрлі аталымдарды иемденді. Атап айтсақ, «Үздік қорғаушы» аталымымен «Қаратөбе-2» командасының ойыншысы Парасат Тілес, «Үздік шабуылшы» аталымымен «Жусандыой» командасының ойыншысы Естай Айтқожақов, «Үздік ойыншы» аталымымен «Қаратөбе-1» құрамасының ойыншысы Әлемхан Ғайып марапатталды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер «Қаратөбе» спорт клубының арнайы медальдарына, дипломдарына және ақшалай сыйлықтарға ие болды.
Серікбай Хасанов,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz