23.06.2023, 16:00
Оқылды: 46

Бір отбасындағы қос полицей

23 маусым – ел тыныштығын күзетіп, қоғамдық тәртіпті қадағалап жүрген Қазақстан Республикасы полициясының төл мерекесі. Осыған орай мереке қарсаңында қалың оқырманға уақытқа бағынбайтын тәртіп сақшыларының жұмысын көрсетуді жөн санадық. Иә, қатаң тәртіп пен талапты қажет ететін құқық қорғау саласы қоғам өмірімен біте қайнасып жатыр. Жауапты қызметте қырағы сақшыға зор жауапкершілік артылады. Қай кезде де ел тыныштығын, бейбіт адамдардың өмірін қорғау жолында кәсіби маманнан қырағылық талап етіледі.

2

Бұл қызметте ер-азаматпен қатар нәзік жанды арулар да еңбек етеді. Тіпті отбасылы жандар да бар. Солардың бірі – Тасқала аудандық полиция бөлімінде еңбек етіп келе жатқан Сұлтан Ораз бен Әсем Нұрланқызы.

1994 жылы Орал қаласында дүниеге келген бала Сұлтан бүгінде аудандық полиция бөлімінде қызмет атқарады. Орта мектепті тәмамдаған ол 2012 жылы Орал қаласындағы БҚМУ-ды әлеуметтік педагог мамандығы бойынша аяқтайды. Жоғары оқу орнын бітірген соң бірден Жамбыл облысына қарасты Отар қаласындағы 21450 әскери бөлімдегі 12-танк бригадасында  азаматтық борышын өтейді. Бір жыл ішінде темірдей қатаң тәртіпке үйренген ол өзінің болашақ өмірін әскери бағытта жалғастыруды жөн санайды. Сөйтіп 2018 жылы Ақтөбе қаласындағы М. Бөкенбаев атындағы заң институтында білімін жалғастырады. Аталмыш білім ордасын 2020 жылы аяқтап, сол жылы Орал қаласындағы патрульдік полиция батальонында инспектор болып алғашқы еңбек жолын бастайды.

4

2022 жылы Тасқала аудандық полиция бөліміне жұмысқа ауысады. Сол уақыттан бастап күні бүгінге дейін полиция аға лейтенанты Сұлтан Қазбекұлы Тасқала АПБ ЖПҚБ учаскелік полиция инспекторлары тобының қызметін ұйымдастыру жөніндегі  инспектор болып еңбек етіп келеді.

– Мен бұл мамандықты өзім таңдадым. Ішкі істер министрлігінің Ақтөбе қаласындағы заң институтындағы оқу бізге өмірлік мектеп болды. Бізге дейтін себебім, мен осы білім ордасында жүріп өмірлік жарым Әсеммен танысып, отбасын құрдым. Осы жерде жүріп екеуіміз де теориялық білім алып қана қоймай, тәртіп пен шыдамдылыққа үйрендік. Басты ұстанымымыз – алдымен заң қағидасына жүгіну, сосын заңдылықты сақтау, – дейді Сұлтан.

Жұбайы екеуі де Ақтөбе қаласындағы М. Бөкенбаев атындағы заң институтын тәмамдаған. Болашақ өмірін құқық қорғау саласымен байланыстыруды жөн көрген екі жас аталмыш білім ордасында оқып жүріп танысады. Достықтары махаббатқа ұласып, кейін жұбы жарасып, отбасын құрады. Бүгінде екеуі Альтаир есімді жігітті өмірге әкеліп, тәрбиелеуде.

Жарық дүниеге келген адам баласы екі нәрсені таңдаудан қателеспеу керек деген қағида бар. Оның біріншісі – мамандық таңдау болса, екіншісі – жар таңдау. Байқағанымыздай Сұлтан Қазбекұлы екеуінен де қателеспегенге ұқсайды. Бүгінде Сұлтанның сүйікті жары Әсем де – полиция қызметкері. Полиция аға лейтенанты шеніндегі Әсем Нұрланқызы қазіргі таңда Тасқала аудандық полиция бөлімінде ӘПб инспекторы болып қызмет атқарады. Жұмыстан қолы босағанда бала тәрбиесіне көңіл бөледі. Таңертең ертемен жұмысқа кетіп, кеште үйіне асыға басып келе жатқан әскери формадағы қос полицейге адамдар да сүйсіне қарайды. Ал Сұлтан мен Әсем үшін полицей абыройынан биік ештеңе жоқ. Олар өздерінің құқық қорғау саласында бірге қызмет атқаратынын мақтан тұтады.

– Бір салада еңбек ету жауапкершілікті ғана емес, отбасындағы түсіністік пен сыйластықты да қалыптастырады. Десе де қызметтік мәселелерді бірге шешіп, кәсіби міндетті бірінші орынға қоямыз. Ал кәсіпке адалдық, қиын да жауапты істі абыроймен атқару – басты ұстанымымыз, – дейді қос полицей.

Назгүл Серікқызы,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале