27.06.2023, 17:30
Оқылды: 20

Су тасқыны кезінде бұзылған жолдарды жөндеуге кім жауапты?

Жуырда аудандық қоғамдық кеңес отырысында биыл наурыз айында су тасқыны салдарынан шайылып кеткен жолдарды қалпына келтіруге жауапты болатын мердігер ұйымдарды анықтау мәселесі қаралды.

WhatsApp Image 2023-06-27 at 09.35.12

Кеңеске қоғамдық кеңес мүшелерімен қатар аудан әкімінің орынбасары Д.Абдрашитов, ауылдық округ әкімдері, мекеме басшылары, депутаттар, ауыл ақсақалдары және мердігер болуға үміткер компания өкілдері қатысты.

Ең алдымен Шыңғырлау ауылдық округі әкімінің орынбасары М.Сатыбалдиев аудан орталығындағы қатты тұрмыстық қалдықтарды күтіп ұстау үшін бүгінде атқарылып жатқан жұмыс жөнінде баяндама жасаса, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Т.Байғалиев кеңестің басты мәселесі – аудан көлеміндегі қалпына келтіруге тиісті жолға қанша қаражат бөлінгенін айтып өтті.

Осы орайда «СПС» ЖШС-ның өкілі, жобалаушы Айбол Жұманов көктемде аудан орын алған төтенше жағдайға байланысты жолдарды жобалау жасалғанын, дегенмен ерекшелігі бұл жолғы жобада гидролог мамандардың су тасқыны кезінде су ағысының көлемін есептеуі назарға алғанын баса айтты.
Жалпы жиын барысында көптеген ұсыныс айтылды. Әркім «көрпені өзіне тартып», өзіне ыңғайлы жолды ұсынып, бірінің пікірімен келіспеу басым болды. Мәселен, бірі барлық жөнделуге тиісті 10 жобаны бір мердігерге беру, келесі бірі осы ауданның азаматтары жұмыстансын, ал біреуі маған бес жобаны бер деген секілді ұсыныстар айтылды. Құрылыс саласының ардагері С.Имашев:

- Құрылыс саласында елу жылға жуық еңбек өтілім бар. Сондықтан менің пікірім, жұмыс жасаймын деген және техникалары жеткілікті компанияларды мердігер ету керек. Қажет десеңіз ауылдың азаматтарына өзімнің ақыл-кеңесімді айтып, жұмыс барысына тегін атсалысамын, - деген ойын ортаға салды.
«Тоқсан сөздің – тобықтай түйіні» демекші үш сағатқа созылған жиынның нәтижесінде қоғамдық кеңес мүшелері әр мердігердің ұсынысын тыңдап, материалдық базасына қатысты сұрақтарына жауап алған соң дауысқа салып, болашақ мердігерлерді анықтады.

Атап айтқанда, Шыңғырлау-Ақшат-Сегізсай жолының 52 шақырымы мен Мырзағара ауылына кіре беріс жолды жөндеуге «Жәрдемғалиев» ШҚ жауапты болса, Шыңғырлау-Ақшат-Сегізсай жолдарының 105,2, 106-ыншы, 107,5, 109,3 және 109,8 шақырымын жөндеу жауапкершілігін «СтройЭлит-2019» ЖШС өз мойнына алды. Ал Алмаз ауылына кіре беріс жол мен Жіңішке ауылына кіре беріс жолдарды «ГКЖ Агро» ЖШС жөндейді. Шыңғырлау-Ақшат-Сегізсай жолының 39 шақырымын жөндеуге «RaizKZ» ЖШС мердігер деп танылмақ.
Мердігерлер анықталды, қаражат бөлінді.  Енді сапалы жұмыстың нәтижесін күтеміз.

Аман Іхмұхан,
Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале