Сырым ауданының Қособа ауылдық округі әкімінің сайлауына орай кандидаттар арасында пікірсайыс өтті. Бұған дейін үміткерлер ауыл тұрғындарымен танысып, кездескен болатын. Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына енгізілген жаңа үрдіс ауданымызда алғаш рет өткізілді.
Пікірсайысқа үміткерлер — «Аmanat» партиясы қоғамдық бірлестігінің Сырым аудандық филиалынан ұсынылған Жайманов Бейімбет Есетұлы, өзін-өзі ұсынушылар Искаков Артур Сүндетқалиұлы, Өтепов Едіге Иманғалиұлы қатысып, ауыл тұрғындары көрермен болды. Пікірсайыс модераторы — Мәди Қайыров.
Дебат қатысушылары жеребе тарту арқылы сөйлеу ретін анықтады. Пікірсайыс Facebook әлеуметтік желісінде тікелей эфирден көрсетілді.
Болашақ әкімдердің сөз, ой додасы үш кезеңнен тұрды. Алдымен Қособа ауылдық округі әкіміне үміткерлер сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Бейімбет Жайманов Жырақұдық мектебін, Қособа ауылының жолын жөндеу, көшелерге жаяу жүргінші жолағын салып, жарықтандыру, ауылға балалар спорт алаңын салу, электр желісі бағаналарын жөндеу, «Ауыл аманаты» жобасымен тұрғындарға несие алуға жәрдемдесу секілді жұмыстарды сайлауалды бағдарламасына енгізіпті.
Артур Искаков сайлауалды бағдарламасы ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту, бюджетті жоспарлау және атқару жұмыстарын мақсатты пайдалану, білім, денсаулық сақтау, мәдениет мекемелерінің қалыпты жұмыс жасауына жағдай жасау, оқушылардың сапалы білім алып, ұстаздардың тұрмыс-тіршілігіне қажетті көмектер ұйымдастыру, мектептерді күрделі жөндеуден өткізу, жас мамандарды ауылға тартып, тұрақтандыру, спорт алаңдарын ашып,бұқаралық спортты дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, тағы басқа да мәселелерді шешуден тұратынын айтты.
Едіге Өтепов әкім болып сайланса, ауылдық округтегі қоғамдық-саяси ахуалды жақсарту, шағын және орта кәсіпті дамытып, округ бюджетіне жергілікті салықтан түсетін кіріс көздерін ұлғайту, ауыл азаматтарын тұрақты жұмыс орындарымен қамту, жұмыссыз тұрғындардың қайтарымсыз грант алып, кәсіпкерлікпен айналысуына жағдай жасау, ауыл шаруашылығын заманауи технологиялар арқылы дамыту, ауылда қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалау, ауылды көгалдандыру, абаттандыру, санитарлық-тазалық нормаларын сақтау, жастар, көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар, тұрмысы төмен отбасыларға көмектесу жұмыстарын атқаратынын айтты.
Пікірсайыстың екінші бөлімінде кандидаттар бір-бірінің сауалдарына жауап беріп, азаматтық ұстанымы мен округтегі түйінді мәселелерге көзқарастарын, шешу жолдарын айтты. Үміткерлердің ойларын ашық жеткізуі сайлаушылардың болашақта қай үміткерді таңдайтынына, жауаптарын саралап қарап, дұрыс таңдау жасауына себеп болары сөзсіз.
Үшінші кезеңде ауыл тұрғындары әкімдікке үміткерлерге сауалдар қойды. Ауылдың өзекті, кезек күттірмей шешімін табуға тиіс мәселелері айтылды. Тұрғындар тарапынан жарық, жол, су, Жырақұдық ауылына жаңа мектеп салу, оның бала санын тұрақтандыруға қатысты сұрақтар қойылды. Ортақ қойылған сауалдарға үміткерлердің түрліше жауаптары тұрғындардың 2-інші шілде күні ауыл әкімін таңдау мүмкіндіктерін арттыра түсті.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz