Бүгін Казталов ауданы әкімі Асланбек Сарқұловтың қатысуымен Батыс Қазақстан облысы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында баспасөз мәслихаты өтті. Аудан әкімі баспасөз мәслихатында ауданымыздағы ауыл шаруашылық және кәсіпкерлік саласында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.
Қазіргі таңда ауданымызда 994 ауыл шаруашылық құрылымы бар болса, оның ішінде 645-і малды түрледіру, асылдандырумен айналысады. Мал саны да жыл санап артып отыр. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, былтырғы жылмен салыстырғанда қой мен ешкі 6,6 пайыз, мүйізді ірі қара 12 пайыз, жылқы 11,8 пайыз, түйе 12,3 пайызға өсіп отыр.
Аудан әкімі мал санының артуына ауыл шаруашылық құрылымдарына мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары себеп болып отырғанын атап өтті.
- Соңғы жылдары мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын қолдауда басымдық ауыл шаруашылық құрылымдарға берілуде. Соның нәтижесінде ауыл шаруашылығы құрылымдардағы мал саны өсуде. Мысалы, осыдан 3 жыл бұрын мүйізді ірі қараның 78,1 пайызы, ұсақ малдың 65,9 пайызы, жылқының 76,9 пайызы ауыл шаруашылығы құрылымдарында шоғырланған болса, қазіргі таңда мүйізді ірі қараның 80,6 пайыз ұсақ малдың 68 пайыз, жылқының 77,9 пайызы ауыл шаруашылығы құрылымдарда шоғырланып отыр. Яғни мал шаруашылығын кәсіп ретінде жүргізуге ниетті азаматтар шаруашылықтар мен кооперативтер құрып, несие алу және қосымша субсидиялау бағдарламалары аясында істері алға басып, жоғарыда көрсетілгендей ауданда мал басы артып, ауыл шаруашылығы құрылымдарындағы мал үлесі айтарлықтай көбейіп келеді, - деді аудан әкімі.
Аудан әкімі аудандағы асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеке сектордағы малдың өнімін жақсарту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар, егін және өсімдік шаруашылығы, машина-трактор паркінің жай-күйі, «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылу барысын да тілге тиек етті.
Аудан басшысы баспасөз мәслихатында кәсіпкерлік саласындағы өзгерістерге де тоқталды.
- Соңғы үш жылда аудан бойынша жалпы құны 2 млрд. 862 млн.теңгені құрайтын 95 жеке инвестициялық жоба іске асырылып, 284 адамға тұрақты жұмыс орны ашылды. Ірі жобаларды атап айтсақ, ауданда 80 орындық жеке балабақша, «Нефтэк» көпбейінді жану-жағармай құю бекеті, супермаркет, компьютерлік оқыту-робототехника және фотостудия орталығы ашылды, - деді.
Жалпы ауданда кәсіпкерлік саласында да ілгерілеушілік бар. Бүгінгі таңда шағын және орта кәсіпкерліктің 1956 субъектісі тіркелген. Ал кәсіпкерлік саласында жұмыс істейтіндердің саны – 2455 адам. Ол ауданның экономикалық белсенді халқының 15%-ын құрайды. Сонымен қатар 329 кәсіпкерлік объектілері жұмыс жасап халыққа қызмет көрсетуде.
Батыс Қазақстан облысы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында аудан әкімі жер мәселесіне де тоқталды. Ол мал санының артуы салдарынан ауданда жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі мәселесі бар екенін атап өтті.
- Ауыл тұрғындарының мал басының саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Осыған байланысты аудан көлемінде жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі байқалып отыр. Ауыл тұрғындарының иеліктеріндегі төрт түлікті мал азығымен қамтамасыз ету мақсатында бірқатар елді мекеннің жайылымдық жерлері, қосымша 24 722 га ұлғайтылды. Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю үшін халықтың жайылымдық алқаптарға деген мұқтажын қамтамасыз ету мақсатында ауданның қордағы жерлерінен 163 362 га құрайтын жер учаскелері резервке қойылды, - деді аудан басшысы.
Жер жетіспеушілігі мәселесін реттеудің бір жолы – пайдаланылмай қалған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару. Сол арқылы резервтегі жер учаскелерін арттырып, жайылымдық жерлерді ұлғайту мүмкін болмақ. 2022 жылы 45 жер учаскесінен 53 213 гектар, ал биылғы жоспарға сәйкес 22 280 гектарды құрайтын 18 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылған. Ал ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмай жатқан 29 475 га құрайтын 24 жер пайдаланушының 33 жер учаскесі Батыс Қазақстан облысының жер ресурстарын басқару департаментіне тексеріс амалдарын жүргізу үшін жолданған.
Баспасөз мәслихатынан түйгеніміз аудандағы ауыл шаруашылық саласында оң серпіліс бар. Негізгі бағыты ауыл шаруашылығына маманданған ауданның әлеуеті де артып, кәсіпкерлердің де қатары жыл санап толығып отыр.
Бұл халықтың табысын арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына сеп болып, аудан экономикасын ілгерілетпек.
Асылбек Нәсіпқалиұлы,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz