4.07.2023, 9:15
Оқылды: 55

«Кездесу құр есепке емес, нақты нәтижеге негізделуі керек»  

 

Жуырда  «Атамекен»  өнер  ордасында  ҚР  Мәдениет  және  спорт  вице-министрі  Нұрғиса  Дәуешов  зиялы  қауым  өкілдерімен  және  сала  қызметкерлерімен  кездесті.

IMG_0297

Жиында вице-министр мәдениет саласындағы облыстың жетістіктерін тілге тиек етті. Сонымен қатар ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің 2023-2029 жылдарға арналған «Мәдени саясат тұжырымдамасын» жүзеге асыру бағытында атқарылып жатқан  жұмыстарды  атап  өтті.

– Қадірлі әріптестер, бүгінгі кездесудің басты мақсаты – мәдениет майталмандары және архив саласының қызметкерлерімен бірлесе отырып туындаған мәселелердің түйінін тарқату. Бұл ретте осы саланың қазанында қайнап жүрген сіздердің ой-пікірлеріңіз маңызды. Мемлекет басшысының руханият пен мәдениетке ерекше назар аударғанын жақсы білесіздер. Осы орайда министрлік пен жергілікті әкімдік арасындағы байланысты одан әрі нығайтып, ортақ мүддеге екі жақтап кірісу керек деп ойлаймын. Көптеген жобаның жүзеге асуы үшін жүйелі жоспар құрып, механизммен жұмыс істеу қажет болады. Бұл жерде іскерлік қабілетті шыңдау маңызды. Тағы бір айта кетер жайт, облыс көлемінде өтіп жатқан түрлі іс-шаралардың, концерттік бағдарламалардың сапасын арттыруға міндеттіміз. Мәдениет саласының қызметкерлері халыққа сапалы қызмет көрсету кезінде аянып қалмауы тиіс. Бұған дейін атқарылған жобаларға әрқайсысыңыз бір кісідей үлес қостыңыздар. Алдағы күндерде де бар ынта-ықыластарыңызбен қызмет етесіздер  деп  үміттенемін.

Театр – келешек ұрпақты тәрбиелейтін орын. Облыстағы екі театр ұжымына артылар жүк пен жауапкершіліктің зор екені сөзсіз.  Десе де, жұмыс барысында әлі де жетіспей тұратын тұстардың бар екенін мойындау керек. Осы облысқа өзге аймақтардағы шығармашылық ұжымдардың сирек келетіні байқалады. Театр ұжымының гастрольдік сапарын жиілеткен дұрыс. Сонымен қатар тарихи маңызы бар қойылымдарды қолға алу қажет. Тарихи тұлғаларды танытуға атсалысайық. Сондай-ақ кітапхана және архив ісінің жұмыстарына да жаңа дем беруді жоспарға алған абзал. Себебі ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу жолында кітаптың да маңызды рөлге ие екені айтпаса да түсінікті. Жас буынның кітапқа деген құштарлығын ояту үшін кітапхана жұмысының сапасына мән берген дұрыс деп есептеймін. Аталған бағытта жұмыстану – біздің міндет. Бұл кездесу құр есепке емес, нақты нәтижеге негізделуі керек.

Алдағы жиындар да саладағы жұмыстардың тиімділігін арттыруға ықпал етеді деп сенемін, – деді Нұрғиса Мұратұлы.

Дөңгелек үстел басына жиналған зиялы қауым өкілдері вице-министр Нұрғиса Дәуешовтың орынды ойларына қосылып, өз пікірлерін айтты. Кездесуде халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Ақұштап Бақтыгереева ұсынысын ортаға салды.

– Шынын айту керек, Түркістан қаласындағы «Фараб» кітапханасын көргенде Жұбан ақын атындағы кітапхананы аяп кетесің. Кітапхана ғимараты көз тартып тұратындай болса, бас сұғатын оқырманның саны артады. Оның үстіне қазіргі кезде кітап оқымайтындар көп. Ұлт тарихында Алаш зиялыларының орны бөлек. Бүгінде телевидение болсын, басқа да мәдени ошақтарда жеңіл күлкіге әуес, құр қиқуға салатындар көбейді. Солардың орнына «Алаш» тақырыбындағы мән-мағынасы бар тарихи кино немесе қойылымдарды шығарсақ жаман болмас еді. Ұрпақ санасын оятып, ұлттық мұраларымызды насихаттау кешегі Алаш зиялыларының арманы болғаны белгілі. Кейде сол Алашты әлі де өз деңгейінде дәріптей алмай жүргеніміз қынжылтады. Сондай-ақ Жайық жұртының опера тыңдауына мүмкіндік жасалса, артық болмас еді. Оралдықтарды опера тыңдауға лайық деп есептеймін. Себебі опера халықтың музыкалық талғам қалыптастыруына әсер етеді. Тағы да бір ұсыныс бар. Бұл өңірде өмірден  небір мықтылар өткен. Олардың қатарында ел мәдениетінің ілгерілеуіне үлес қосқан тұлғалар да бар. Облыстағы әр ауданда сол бабаларымыздың ескерткіштері қарсы алып тұрса, кейінгі буынға үлгі болар еді. Жалпы көзге көрініп, көңіл қуантып жүрген жұмыстар жетерлік. Дегенмен жетіспей жатқан жерлері де аз емес, – деді  Ақұштап  Бақтыгереева.

Вице-министр Нұрғиса Дәуешов ақынның ұсыныстарын қолдайтынын және алдағы күндері аталған бағыттағы жұмыстарға атсалысатынын айтты.

Аманжол  Исламғали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале