Маусымның 1 мен 12-сі аралығында Оралда «Балалар еңбегін пайдалануға қарсы 12 күн» атты ақпараттық науқан өтті. Іс-шара дәстүрлі түрде жыл сайын Дүниежүзілік бала еңбегіне қарсы күрес күні шеңберінде ұйымдастырылды.

Науқан күндері әдістемелік, нормативтік-құқықтық әдебиет көрмелері, «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ», «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім», «Көше» сияқты рейдтік іс-шаралар, оқушылар мен ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстары өтті. Сондай-ақ «Бала еңбегін пайдалануға жол жоқ!» деген ұранмен түнгі рейд ұйымдастырылды. «Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн» ақпараттық науқаны және «Жасөспірім» жедел профилактикалық іс-шарасы аясында Орал қалалық ПБ ювеналдық полиция бөлімшесінің қызметкерлері кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия мүшелерінің, еңбек инспекциясы мен білім беру бөлімдерінің уәкілдерімен қала аумағында бала еңбегін бағалау, артық жұмысқа мәжбүрлемеу бойынша ескерту жұмыстарын жүргізіп, арнайы тақырыптық жадынамалар таратты.

Орал қаласы полиция басқармасы ювеналды полициясының бастығы, полиция подполковнигі Мәдина Құспанованың берген мәлімдемесі бойынша ақпараттық науқан кезінде барлық жауапты құрылымның қатысуымен 18 рейдтік іс-шара ұйымдастырылған. «Жасөспірім» жедел профилактикалық іс-шарасы кезінде түнгі мезгілде ата-ананың қарауынсыз көше кезген 72 жасөспірім анықталып, олардың ата-анасы жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ түнде компьютерлік клубты шарлаған үш жасөспірім ұсталып, олардың ата-аналарына және ойын залының иелеріне айыппұл салынған. Сегіз жасөсіпірім мен өз міндетін орындамай отырған 5 ата-ана есепке алынған.
– Еңбек кодексіне сай 14-16 жас аралығындағы балаларға аптасына 24 сағат, 16-18 жас аралығындағы жасөспірімдерге 36 сағат жұмыс істеуге рұқсат етілген. Негізінен, ата-ана, бала, жұмыс беруші қол қоятын үш жақты келісімшартта жасөспірімнің еңбекақысы, сағаты көрсетілуі тиіс. Ақпараттық науқан кезінде қала аумағындағы аутокөлік жуу нысандарын, базарларды, сауда үйлерін, сауналарды, түнгі клубтарды, құрылыс нысандарын, саябақтарды, демалыс алаңдарын тексердік. Бірақ бала еңбегін қанауға қатысты заңбұзушылық кездескен жоқ. Егер бала құқы тапталған жағдайда, біз еңбек инспекциясына ұсыным жібереміз. Олар әрі қарай жұмыс берушімен заң аясында жұмыстанады. Екі-үш жыл бұрын осындай рейд кезінде ата-аналар «Баламыз жұмыс істей берсін» деп наразылық танытып жүрді. Біз үшін де жасөспірімдердің бұзақылық жасап, көшеде жүргенінен еңбек еткені жақсы. Дегенмен олардың құқы тапталмай, лайықты еңбекақысын алып, белгіленген сағаттан артық жұмыс істемеуі тиіс. Біз сол үшін тексереміз. Өткен жылдары таңнан кешке дейін шыжыған күннің астында балмұздақ сатқан балаға мың теңге төлеген деректер кездесті. Жұмыс берушілер баланы арзан жұмыс күші ретінде пайдаланбауы тиіс. Биыл ондай деректер анықталған жоқ. Бұл біздің үнемі жүргізетін профилактикалық іс-шараларымыздың нәтижесі шығар деп ойлаймын. Дегенмен өткен жылмен салыстырғанда жасөспірімдердің үйден кетіп қалуы, түнгі мезгілде атаанасының рұқсатынсыз жүруі екі есе көбейіп кетті. Бұл ата-ана рөлінің төмендеп, баланың бақылаусыз қалғанын көрсетеді. Сондықтан ата-аналарды жазғы демалыс кезінде кәмелетке толмаған балаларды қараусыз қалдырмауға шақырамын, – дейді Орал қалалық полиция басқармасының ювеналды полициясының басшысы, полиция подполковнигі Мәдина Құспанова.
Айта кетейік, балалар еңбегін пайдалану – әлемдік кеңістікте өте өзекті мәселе. Халықаралық еңбек ұйымының ақпаратына сәйкес бүкіл әлемде жұмыс істейтін балалар саны өткен онжылдықта 38 пайызға қысқарған. Алайда 150 миллионнан астам бала әлі де еңбекке тартылуда. Балалардың құқықтарын қорғау комитеті мұндай статистикаға ерекше алаңдаушылық білдіріп, балалар еңбегін пайдалануға жол бермеуге шақырады. Қазақстан Республикасының Еңбек заңнамасына сәйкес 16 жасқа толған жасөспірімдермен еңбек шартын жасауға рұқсат беріледі. Сондай-ақ он бес жасқа толған балалармен оқудан бос уақытында денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу үдерісін бұзбайтын жұмыстарды орындау үшін еңбек шартын
жасауға болады. Кәмелетке толмаған баламен еңбек шартын жасамаған жағдайда жұмыс берушіге ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне сәйкес жауапкершілік көзделген.
Гүлжамал Жолдығали,
«Орал өңірі»