Көрікті Қонақай көлінің жағасында орналасқан «Арай» жазғы демалыс лагерінің ашылу салтанатының тақырыбы осылай аталды. Бүлдіршіндердің бос уақытын тиімді өткізіп, көңілді демалыс күндерін ұйымдастыруды мақсат тұтқан лагерьдің бірінші кезеңіне келген оқушылардың қуанышында шек жоқ. Ашылу салтанатының шымылдығы балақайлардың әзірлеген арнайы биімен ашылды. Шараға арнайы келген аудан әкімі Мұрат Амангелдіұлы демалушы бүлдіршіндерге жылы лебізін білдірсе, ардагер ұстаз Кітабия Скендірқызы балақайларға ақжарма тілегін арнап, батасын берді.
Ал мерекеге келген меймандар аудандық білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Есенов, аудандық маслихат төрағасы Сағидолла Тұрғалиев демалушылардың өнерін тамашалап, балақайлардың жазғы демалыстарының сәтті өтуіне тілектестік білдірді.
Шара барысында Миранков Назар «Ерке сылқым» күйін күмбірлете орындаса, «Смайл» тобының демалушылары спорттық билерін тарту етті.
Салтанатты шараның мазмұны «Қыран» тобының бүлдіршіндерінің орындауындағы «Бір үйдің баласындай» әнімен қорытындыланды.
Айта кетейік, аудандық «Арай» жазғы демалыс лагері 5 кезеңге жоспарланған. Әр кезеңде 40 балаға арналған лагерь жалпы саны 200 демалушыны қамтуды жоспарлап отыр.
Самат Байболат,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz