Елордамыз Астана күні қарсаңында аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының жаңа ғимараты ашылды.
Салтанатты шараға Бөрлі ауданы әкімі Еркебұлан Ихсанов пен Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің БҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Бауыржан Айнабеков қатысты. Қаржыгерлерді құттықтаған қонақтар жаңа ғимарат ұжымға тың серпін беретініне сенім білдірді.
- Аудан тұрғындарын сан ғасырлар бойы бабаларымыздың арманы болған тәуелсіз елдің ордасы, мемлекетіміздің басты мақтанышы Астанамыздың 25 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Осындай атаулы мереке қарсаңында ауданымыздың тұрғындарына игілікті қызмет көрсету үшін жаңа ғимарат пайдалануға беріліп отыр. Мемлекеттік бюджеттің қалыптасуына зор үлесін қосып отырған мемлекеттік кірістер басқармасы жеке және заңды тұлғалардың міндетті төлемдерін қамтамасыз етеді. Жаңа, қолайлы жағдайда мемлекеттік кірістер басқармасының алға қойған мақсаттарына жете білетін, өз ісінің кәсіби мамандары басшысы Ермек Әлғазыұлымен бірге жақсы жетістіктерге жетеді деп сенемін. Еліміздің игілігі үшін атқарып жатқан еңбектеріңізге табыс тілеймін, - деді аудан әкімі Еркебұлан Нұретдинұлы.
Жаңа мекеменің лентасын БҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Бауыржан Қазбекұлы және қаржы саласының ардагері Сағынғали Қабдысатұлы қиды.
Салтанатты рәсімнен кейін келген қонақтар жаңа ғимаратты аралап, бөлімдердің жұмысымен танысты.
Аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының жаңа ғимараты қаламыздың Орталық көшесі, 1 мекенжайында орналасқан.
Ғимарат екі қабаттан тұрады. Бірінші және екінші қабаттардың аралығында қызметкерлерге арналған шағын асхана мен демалыс орны бар. Мекеменің екінші қабатында «Ақсай» кеден бекеті мен салықтық бақылау және өндіріп алу бөлімі және де аудандық сайлау комиссиясы мен аудандық статистика басқармасы да орналасқан.
Айдана Абдрахманова,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz