5.07.2023, 23:29
Оқылды: 46

«Астанаға өзімді дәлелдеу үшін бардым...»

Астана – арман қала! Астана жігерлі, еңбекқор жандарды жақсы көреді, жалқауларды, ездерді сүймейді. Сол үшін де елорда суық, қатал көрінетін шығар, бірақ... Астана талайларды арманымен қауыштырған.

WhatsApp Image 2023-07-05 at 21.23.05

Ермұхамбет екеуіміздің арамызда үй жоқ. Жармен – жар көршіміз. Көрші болу – біздерге «әкеден қалған мұра» Менің әкем қырда тұрғанда оның әкесі Сапиолламен көрші болған. Ауылдың орталығына көшіп келгенде де қос механизаторға үй бір шаңырақтың астынан бұйырыпты.

Ермұхамбет - бала күнімнің көркем кейіпкері. Талдың бірін тай қылып «мініп», бірін садақ қылып иіп, ауылдың көшесін талай шаңдатқанбыз. Ойынның «төрт бұрышын» шығарып едік...

Ол – көп ағайынды. Дәулетті тұрмыс кешті деп тағы айта алмаймыз, бәріміздің де басымыздағы күй – қоңыр тіршілік-ті. Содан да болар, Ермұхамбет ойын баласы бола тұра, жалданып еңбек қылуға, екіні бір етуге уақыт табатын. Біреуге су тасып береді, біреудің тезегін жинап беріп, өз үйіне отын алады. Тіпті болмаған күні танымайтын үйдің де шаруашылығына жәрдемдесіп, қол қайырым қылып жүреді.

WhatsApp Image 2023-07-05 at 21.23.07 (1)

Ермұхамбетті биікке бастаған екі қасиеті болса -  еңбекқорлығы және біреуге  «Болсын!» деген осы мөлдір ниеті шығар деп ойланамын бүгінгі күні.

Көршім спортқа да дарынды болды. Ж. Досмұхамедов атындағы мектепте оқып жүріп, бапкері Батырбек Мұратовтың залында күреспен айналысты. Алып күштің иесіне күресу қиын болған жоқ. Қапсыра құшақтап, алып ұру – оның сүйікті әдісі. Кешкілік үйіне шылдырлатып медаль тағып келе жатқанын талай көргенбіз.

Ермұхамбет денешынықтыру және туризмнен мұғалім боламын деп, Оралға оқуға келді. Дипломды да қолына алды. Алайда, оны басқа жол, дәлірек айтқанда темір жол күтіп тұр еді.

WhatsApp Image 2023-07-05 at 21.23.07 (2)

Астанаға жұмыс іздеп келген кезде Ермұхаметте «Еңбек қылып, адам болсам!» - деген арман - ынтадан басқа ештеңе де болмады. Ағайын жоқ, таныс жоқ.

«Қажымұқан атамыз қолымен иген рельс қой! Тілін, ебін табармыз!» - деген балуан жігіт «Қазақстан Темір жолы» АҚ Астана қаласы, Шортанды станциясына техник болып қызметке тұрды. Көп ұзамай №8 электр жабдықтау бөліміне электромонтер болып ауысты. Пойызға отырып, сапарлаудың өзін жаңалық дейтін қырдың баласы қызыл кеудеше киіп, рельс жағалап бара жатыр. Иығында «Қазақстан темір жолы» деген жазу бар.

-Ауылдан Астанаға өзімді дәлелдеу үшін бардым. Күтіп отырған ағайын, шаруам үшін шабатын таныс болмады. Теміржолға қызметке тұрдым. Мені қатарымнан оздырса – ол, еңбек қана деп ойладым. Жұмысты адал атқаруға тырыстым.  Күндіз табанымнан тозып қызмет жасадым, түнгі кезекшілікке тұрдым. Кезекшілікті аяқтап, екі сағаттай тынығып, таңмен жұмысқа қайта шықтым. Басқалар тартынатын болса, мен алыс мекендерге іссапарларға өзім сұрандым.

Білім – еңбектің егізі. Сондықтан, Алматы қаласындағы логистика және көлік академиясының сырттай бөліміне оқуға қабылданып, жоғары білім алдым. «Қазақстан Темір жолы» қызметімді бағалап, сенім артып, лауазымға тағайындады. Қазір 12 дәрежелі электромеханикпін. 15 шақты электрмонтері бар бөлімді басқарамын, – дейді күні кеше спорттық сөмкесін асынып Астанаға келген бала.

WhatsApp Image 2023-07-05 at 21.23.07

Шортанды станциясы тәулік бойы пойыз қабылдайды. Күніне 10 шақты жолаушылар пойызы, 20 қаралы жүк пойызы аялдайды. Ермұхаметтің ұжымы локомотивтер мен вагондардың байланыс желілерін тексереді, қалыпты жұмысын қамтамасыз етеді.

Әдетте, Астана күні қарсаңында елорда қоныс аударып, шығармашылығын жаңа биікке көтерген әншілер, актерлер жайлы немесе саяси қызметкерлер туралы жазамыз, Есілдің оң жағалауында қыдырып жүрген жастарды таныстырамыз. Алайда, Астана тек аспан тіреген ғимараттарымен емес, Ермұхаметтей алғыр, еңбекқор жастармен де мақтанады.

 

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz  

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале