Батыс Қазақстан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қуанышқали Исимов жұмыс сапарымен Теректі ауданына келді.
Жұмыс тобы құрамында табиғат қорғау шаралары және экологиялық зенрттеу бөлімінің басшысы Фариза Сұлташева, БҚО «Қазсушар» РМК филиалының басшысы Қайрат Жұлқашев бар. Ауданға атбасын тіреген табиғат қорғаушыларын аудан әкімінің орынбасары Амангелді Тоғызбаев қарсы алып, Подстепный ауылдық округінің тыныс-тіршілігімен таныстырды. Алғашқы орын — Ядовитое өзені. Өзен жағасында «Ақжол» демалыс орны салынып жатыр.
Өзеннің қазіргі жәй-күйін баяндаған аудан әкімінің орынбасары Амангелді Кәрімұлы су жіберу жөнінде құлағдар қылды.
-Барлық жобаларды облыстық бюджет комиссиясына ұсынамын. Халыққа су қажет, құрғақшылыққа жол бермеу керек,-деген облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қуанышқали Сергейұлы қолдан келгенше көмектесетінін тілге тиек етті.
Одан соң сол жердегі қоқыс қалдықтары полигонымен танысты. Ол жерде де бірқатар түсіндірме жұмыстары жүргізілді.Теректі ауылына келген жұмыс тобы марқұм болған өлкетанушы Геннадий Креймер атына арнап салуды жоспарланған тынымбаққа барды. Ауданға ұзақ жылдар қызмет еткен тұлға атына алаң беруді олар да қолдады.
Меймандар ауылда қайталама шикізат жинау, қабылдау және сұрыптау мақсатында кәсіп бастаған «Болашақ» жеке кәсіпкеріне барды.
2022 жылдың қазанында жеке кәсібін бастаған Теректі ауылының тұрғыны Саржан Ибатов құны 1 млн 600 мың теңгені құрайтын кәсіп бастаған.
-Биыл мемлекеттік «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 4,5 млн теңге несие алып, қажетті өндіріс техникасын сатып алдым.
Ауыл ішінен қатты картон, пластик бөтелкелер мен пакеттерді жинап, «Батыс КНК» ЖШС тапсырып отырмын. Облыс орталығындағы сатып алушының материал бағасын төмендетуіне байланысты жоба тиімсіз бола бастады. Картон 30-40 теңгеден 5-15 теңгеге түссе, пластик пен полиэтилен 80-90 теңгеден 20-30 теңгеге дейін құлдырап кетті. Оны қалаға апарып тапсырғаннан ешқандай пайда жоқ, — деді Саржан Тұрмағамбетұлы.
Жеке кәсіпкердің сөзін тыңдаған басшылар, арнайы орынмен қамтып, қолдау көрсетуді қарастыру керектігін тапсырды.
Жұмыс сапары одан әрі қарай аудан әкімдігі залындағы жиынмен жалғасты.
Жауһар Нұрым,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz