Хан Ордасында "Нарын жастары" ҚБ-нің ұйымдастыруымен, аудан әкімдігінің қолдауымен Астананың 25 жылдығына орай "Bokei Orda Trail 2023" жаяу жүгіруден республикалық жарыс өтті.
Желаяқтар аламанына Ақтау, Ақтөбе, Атыраудан және аудандардан қатысты. Аудан әкімі Нұрлыбек Даумов "қош келдіңіз!" айтып, сәттілік тіледі. 18-63 жас аралығындағы 103 желаяқ сегіз шақырымға жүгіріп, бақ пен баптарын сынға салды. Оның 25-і қыздар. Ерлер арасында ақжайықтық Қаныбек Ерсайын 32 минутта мәре сызығын бірінші боп кесіп, чемпион атанды. ІІ орынды казталовтық Баубек Ілиясов, ІІІ орынды ақжайықтық Қуандық Төлегенов иеленді.
Қыздар арасында оралдық Ләззат Төлепбергенова І орын, казталовтық Айман Сәрсенғалиева ІІ орын, оралдық Диана Әсетова ІІІ орын иеленді.
Аламанға арнайы келген облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Нұрділдә Ораз тарихы тереңнен тамыр салған киелі мекендегі мұндай шараның маңызы зорын айтты.
- Бұл тек спорт сайысы емес, достықтың мерекесі, ішкі туризмді дамытуға қосылған үлкен үлес. Қасиетті мекенге келген әрбір қатысушы салауатты өмір салтын ұстанатын мүдделесімен кездесіп қана қоймай, соңғы қазақ хандығының тарихи орнымен танысып, үлкен әсер алды деп ойлаймын, - деп, жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтарын табыстады.
Десе дегендей, AQJAIYQ RUN CLUB ұйымдастырушысы Рустам Беркалиев, UR7 мүшесі, фитнес нұсқаушысы Әйгерім Саматова басқа марафондарға қарағанда Ордадағы марафонның бәсі биіктігін айтты.
- Орда тек тарихи мекен ғана емес, қазақ қонақжайлығының озық үлгісі сақталған ауыл екен. Жердің шалғайлығына қарамай, қайтара келе беретін жер екен, -десті.
Анар Артықбай,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz