5 шілде күні ауданымызға Батыс Қазақстан облысының қоғамдық даму басқармасының басшысы Нұрділдә Ораз жұмыс сапарымен келді.
Ауданға ат басын бұрған басқарма басшысын аудан әкімінің оорынбасары Зәйлім Мәжитова қарсылап алып, бұдан кейін Ақпәтер ауылдық округіндегі Ақпәтер тарихи-өлкетану музей жұмысымен танысты. Ақпәтер тарихи-өлкетану музейінің негізін қалаушы, осы ауылдың байырғы тұрғыны Кәрім Өтеғұлов келген қонақтарға өткен тарихымызға қатысты терең сыр шертетін экспонаттармен және ашық аспан астында жасақталып жатқан музей жұмысымен таныстырды. Басқарма басшысы Нұрділдә Ораз ХХ ғасырдың 50 жылдарынан бері қарай шығарылған ауыл шаруашылығы техникаларынан жасақталып жатқан ашық аспан астындағы музейді, тізіле орналасқан техниканың сирек түрлерін, қысқы шананы, тағы сол секілді бүгінде көзге өте сирек ұшырасатын құнды жәдігерлерді көріп, ерекше таңданысын білдірді. Музей ауласында жайқала өскен теректер мен жеміс ағаштарының түр-түрлері бар екен. Қазірдің өзінде аулада 300-ге жуық әртүрлі ағаштар егіліп, күтімге алынып отыр. Басқарма басшысы осындай ауқымды жұмысты атқарып отырған ел ағасына ризашылығын білдіріп, оң бағасын берді. Бұдан кейін аудан орталығындағы "Жеңіс" саябағында бой көтерген "Бесеудің хаты" обелисктің жұмысымен танысты. Тарихи ескерткішті жүзеге асыруға мұрындық болған еңбек ардагері Уәлиолла Әбішев «Бесеудің хаты» және тақтадағы жазулардың мән-маңызы туралы түсіндіріп өтті. Бұдан соң қоғамдық даму басқармасының басшысы аудандық кітапханада аудан жастарымен және қоғамдық ұйым өкілдерімен кездесті. Кездесуде сөз алған аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Исатайқызы мейманға қош келдіңіз айтып, ауданда атқарылған жарқын жобаларды әңгімелеп берді. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айша Әбішева бөлімнің атқарылған жұмыстарымен таныстырып өтті. Кездесуде Нұрділдә Ораз сөз алып, аудан халқына ризашылығын білдірді.
-Құрметті қасиетті өлкенің перзенттері! Бүгін алғаш рет Казталов ауданына жұмыс сапарымен табан тіредім. Тылсым табиғатқа толы ауданның тарихи шежіресі де бай. Бұны біз Ақпәтер музейіндегі құнды жәдігерлерден байқап, аңғардық. Елордамыз Астана қаласы болса, тарихи астанамыз -Түркістан қаласы. Сол секілді Батыстағы тарихи мекен - Казталов, Бөкей орда аудандары деп есептеймін. Аудан жастарына айтарым, ерінбей еңбектеніп, өлкенің дамуына үлестеріңізді қосып, туған жерге тер төгіңіздер. Бүгінде жас ұрпақ белгілі бір кәсіпке бет бұрып, заман талабына сай еңбек етсе, еліміздің, қала берді аудан экономикасы да шарықтап дамитыны сөзсіз. Сіздерге табыс тілей отырып, отбасыларыңызда амандық, елімізде тыныштық болсын, -деп лебізін білдірді. Кездесуге жиналған жұртшылық сауалдарын жолдап, пікірлерін ортаға салды.
Әсем Болат,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz