Соңғы жылдары ауылдағы ағайынның еңсесі көтеріліп, етек-жеңін жинай түскендігі көпке аян. Біреуі мал бақса, екіншісі құс өсіріп, егіншілердің де шаруасының шалқығаны көңілге қуаныш ұялатады.
Арамызда кәсібін өркендетіп, талай жанды жұмыспен қамтып отырған шаруа қожалықтары жетерлік.
Солардың бірі – Борсы ауылындағы «Ермек-2» шаруа қожалығы. Оған ордалық кәсіпкерлердің бірі Ермек Момынов жетекшілік етуде. Күні кеше аудан әкімі Тимур Шиниязов аталған ауылдық округте болып, қожалық иесімен кездесіп, шаруасымен танысты. Кездесу барысында шаруа иесі Бөкей ордасы ауданының тумасы, екі жүз шақырым жерді артқа тастап, ауданға келіп, шаруасын дөңгелетіп, жерді игеріп отыр екен. Шаруасын жай ғана дөңгелетіп отырған жоқ, бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр.
Жәнібек, Бөкей ордасы аудандарының ауылдарында да қыстақтары бар. Тек Борсы ауылының өзінде 8 мың гектар жерде 800 бас ақбас ірі қара малын өсіріп отыр. Он трактор он тракторшымен қамтылып, бірнеше отбасыны тұрғын үй және жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
Мемлекет тарапынан қолдау болса, шаруаның қай түрі болса да ширайтыны рас. Бастысы еңбек ету керек.
Гүлзара Мәди,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz