Ұлттық қорға жыл басынан 2,6 трлн теңге түсті. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жалпы халықаралық резервтер маусым айының соңында 94,3 млрд долларды құрады. Екінші деңгейдегі банктер қаражатының валюталық шоттардан Ұлттық банкке әкетілуіне байланысты Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері жыл басынан бастап 1,7 пайыз немесе 34,5 млрд долларға дейін төмендеді», - деді ҰБ төрағасының орынбасары.
Оның дерегінше, Ұлттық қордың активтері жыл басынан бастап әлемдік индекстердің өсуі салдарынан 7,4 пайызға немесе 59,8 млрд долларға дейін ұлғайды.
«Ұлттық қордан республикалық бюджетке 2,1 трлн теңге сомасына трансферттер бөлу үшін жыл басынан бастап Ұлттық қордың 3,5 млрд долларға валюталық активтері сатылды. Қорға жыл басынан бастап түскен жиынтық қаражат 2,6 трлн теңгені құрады», - деді ол.