13.07.2023, 12:15
Оқылды: 30

Жолапта блок-модуль орнатылды

Жылдар алға жылжыған сайын тұрғындардың өмір сүру қалпын жақсарту үшін барлық жағдай жасалуда. Ақжайық ауданында тұрғындарының көгілдір отын, ауыз суға қолжетімділігн қамтамасыз ету мақсатында ілгері істер орын алды.

1eb9f9ea-80fd-490b-87ef-770132f38b41

Мерген ауылдық округіне қарасты Жолап ауылы тұрғындарының таза ауыз су көптен бергі арманы еді. Округ, аудан әкімімен жүздескенде, шағын ғана елді мекенді сумен қамтамасыз ету туралы ұсыныс ең бірінші айтылатын. Міне, жолаптықтардың тілегі орындалып, жуырда ауылдың қақ ортасынан блок-модуль кешені орнатылды. Бұл кешеннің артықшылығы – ауыл халқын таза ауыз сумен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етуге қауқарлы.

Бұл ауылда су мәселесі осыған дейін қиын болып келген. Өйткені қазған құдықтан пайдалануға жарамсыз ащы су шығады. Ауыл шетінде ескі құдық болып, соны қолданып жүріп, соңында ол да бітеліп тынған. Жағдайы барлар аудан орталығынан су тасып, әрекет етсе, қалғандары ащы болса да, құдықтан аққан суды пайдаланатын.

Қазір Жолап ауылында 15 үй бар, 34 адам мекен етуде. Дені мал басын көбейтіп, шұрайлы жерді тастағысы келмейді. Шағын дегенмен, ауылдың мәселесіне көз жұмып қарауға болмайды. Сондықтан кешенді орнатуға аудандық бюджеттен  9 млн. 800 мың теңге бөлінген.

Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің берген мәліметінше, бұл кешенді шымкенттік «DEK» жеке кәсіпкерлігі орнатқан. Осындай кешен Бітік, Тасоба, Коловертное ауылдарында халықты ауыз сумен қамтып тұр. Ал Алғабас ауылдық округіне қарасты Қарағай елді мекеніне мердігер мекемені анықтау үшін конкурстық рәсім жүргізіліп жатыр.

Қазіргі уақытта ауданда 45 елді мекен болса, соның бесеуі ауыз сумен қамтылмаған.

Аида Асылбек,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале