22 маусымда Казталов ауданына қарасты Бірік ауылдық округінің Қыркөл қыстағында, «Багисов» шаруа қожалығынан өрт шыққан болатын. Аудандық төтенше жағдайлар департаменті берген мәліметке сүйенсек, қожалықтағы былтыр жиналған 237 тонна шөп өртенген. Салдарынан бір азаматтың денесін 85 пайыз күйік шалып, ауруханаға жеткізіліп, жедел медициналық көмек көрсетілді. Бірақ 23 маусымда сағат 23:20-да науқас ауруханада көз жұмды.
Ал 10 шілде күні Болашақ ауылдық округінде далалық құрғақ шөп өртенді. Өрттің шығуына кеңестік кезеңдегі үгітілген ескі бетон бағананың құлауы себеп болып отыр. Қызыл жалынды байқаған шаруалар жергілікті округ әкімі аппаратына, өрт сөндіру бөліміне хабар берген. Тілсіз жау желдің күшімен ен даланы шарпып кете барды. 10 шілдеде 13:00 шамасында басталған өртті 11 шілде күні таңғы сағат 06:40-та толық сөндіру мүмкін болған.
- Дала өртінің салдарынан Казталов ауданы Болашақ ауылдық округінің 4800 гектар далалық құрғақ шөбі өртенді. Сонымен қатар «Батыс Сервис Плюс» ЖШС-ның өрт сөндіру бекетінің жүргізушісі өрт сөндіру барысында екі қолын, білегін, алақанын және белін ІІ-ІІІ дәрежелі күйік шалып, медициналық бекетке жеткізілді. Жалпы дала өртін сөндіруге 91 адам, 22 техника жұмылдырылды, - деді Казталов ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Айнар Сәкенов.
Айнар Сәкеновтың сөзіне сүйенсек, 13:00-де аудандық төтенше жағдайлар бөліміне хабар түсіп, өртті сөндіруге «БатысСервисПлюс» ЖШС-ның өрт сөндіру бекетінің жеке құрамынан 9 адам, ЗИЛ АЦ-2,5-40 техникасы жіберіліп, Болашақ ауылдық округінің ерікті өрт сөндіру жасағы шыққан.
Содан соң топқа сағат 13:26-да №11 өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамынан 5 адам, Камаз АЦ-6-40/7 өрт сөндіру автокөлігі, УАЗ автокөлігі және аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің жеке құрамынан екі адам, бір техника қосылған. Өрт сөндірушілердің ырқына көнбеген қызыл жалынды ауыздықтауға сағат 14:25-те көршілес Талдықұдық, Қайыңды ауылдық округтерінен ерікті өрт сөндіру жасағының жеке құрамы, сағат 15:52-де №17 өрт сөндіру бекетінің жеке құрамынан үш адам Камаз АЦ-3-40 өрт сөндіру автокөлігі көмекке келген. Дегенмен аптап ыстық пен желдің екпіні өртті сөндіруге мүмкіндік бермеген. Аудан әкімі Асланбек Сарқұлов та оқиға орнына барып, жағдайды бақылауына алды. Қаһарына мінген қызыл жалын 11 шілде күні таңғы 06:40-та сөндірілген. Елдің қамын ойлаған азаматтардың арқасында ауылдан 5 шақырым жерде тұтанған өрт ауылға жетпеді. Қазіргі таңда өрттің шығындары есептеліп жатыр.
Болашақтағы өртпен әбігерге түсіп жатқан уақытта Ақжайықтан басталған өрт 10 шілде 18:00 шамасында Тасқала, Ақжайық, Казталов аудандарының шекарасына жеткен. Қызыл жалынды байқаған Талдықұдық, Қараөзен, Жаңажол, Тереңкөл, Ақпәтер ауылдық округтерінің азаматтары дереу оқиға орынына барып, көршілес аудандарға қол ұшын созды. Жалпы шекара аумағындағы өртке 60 адам 15 техника жіберілген. Абырой болғанда шекарадағы ахуал бақылауға алынып, өрт аудан аумағына кірмеді.
Болар іс болды. 4800 гектар алқап күлге айналды. Әйтеуір, адам мен мал шығыны жоқ. Ал Болашақтағы өрттен зардап шеккен «БатысСервисПлюс» ЖШС қызметкерінің жағдайы дәрігерлердің бақылауында.
- 10 шілде күні кешкі сағат 22:00-де Казталов аудандық ауруханасына Болашақ ауылының 1973 жылғы азаматы келіп түсті. Науқасты өрт сөндіру кезінде күйік шалған. Ауруханаға жеткізілген кезде науқассқа иықтың сыртқы бетінің, білектің екі жағында, қолдың сыртқы бетінің, белдің 2-3 дәрежесінде термиялық күйік диагнозы қойылды. Күйік ауданы 20-22% құрайды. Қазіргі уақытта науқас аурухананың хирургия бөлімінде стационарлық ем алып жатыр, - деді Казталов аудандық ауруханасы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Ануар Сапаров.
11 шілде күні аудан әкімі Асланбек Сарқұлов Казталов аудандық ауруханасында ем алып жатқан науқасқа өртті ауыздықтауға қосқан үлесі үшін ризашылығын білдіріп, облыс әкімінің де алғысын жеткізді. Сондай-ақ, науқасқа жан-жақты көмек көрсетілетінін атап өтіп, мердігер мен аурухана басшылығына қажетті шараларды қолға алуды тапсырды.
Тілсіз жаумен күресте ерікті жастардың белсенділігі анық байқалды. Олар өртті ауыл іргесіне жақындатпаудың амалын жасап, үстіндегі күртешесімен де өртті сөндіруге бел буған. Өрт сөндіруге қатысқан Ислам Ермеков, Бейбарыс Жанғабылов, Әділбек Мәліков, Бауыржан Қадырғалиев, Рысбек Хамитов, Мерлан Мұханов, Нұрым Өтегенов, Ербол Ермеков, Медет Мұқанбетқалиев, Марат Иманғалиев, Жанат Қазекенов, Айбек Мұсағалиев, Мұнайдар Жанұзақов және т.б. жастардың ерлігі жас ұрпаққа үлгі болмақ.
Қазіргі таңда Болашақ ауылдық округіндегі өрт ошағына кезекшілік ұйымдастырылды.
Асылбек Нәсіпқалиұлы,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz