19.07.2023, 15:45
Оқылды: 59

Тұрғын үй көмегі – сіздің үйіңізге деген көмек!

Әлеуметтік төлем – әлеуметтің игілігі. Сырым аудандық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Кенжегүл Исатаеваның берген мәліметіне сүйенсек, ауданда атаулы әлеуметтік көмек алушы 141 отбасы бар.

Бізді ойландырған бір дерек, сырымдықтар тұрғын үй көмегін алуға келгенде аса ықыласты емес екен.

ЖП ақша 2

Тұрғын үй көмегі қандай көмек? Ол кімдерге төленеді?

2023 жылдың 6 айы ішінде Сырым ауданы бойынша 10 отбасы тұрғын үй көмегіне жүгінген. Мұның сыртында аз қамтылған 10 отбасы алып отыр. Тұрғын үй көмегі қандай көмек? Ол кімдерге төленеді?

Осы сауалдарға бөлімнің бас маманы Б.Қабекешева жауап береді:

- Тұрғын үй көмегі аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) «Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері және тәртібін айқындау Қағидасына» сай тағайындалады. Мұндай көмек тұрмысы төмен отбасыларына коммуналдық қызмет ақысын төлеу шығындарын өтеуге арналған. Тұрғын үй көмегі коммуналдық төлем ақысы мен отбасы табыстарының арасындағы айырмашылық ретінде есептеледі.

Маман газет оқырмандары үшін тұрғын үй көмегінің қалай есептелетіндігін нақты түсіндірді:

- Мысалы, қаңтар айында тұрғын үй көмегіне өтініш берсе, алдыңғы тоқсанда яғни (қазан, қараша, желтоқсан) отбасы кірістерінің жиынтық табыстары жөніндегі анықтамаларын ұсынуы тиіс. Соған сәйкес алдыңғы үш айдың коммуналдық шығындары жөнінде түбіртектерін дайындайды. Айлық коммуналдық шығын (су, газ, телефон, айлық жарна, электр жарығы, т.б.) 12 500 теңге болса, тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері және тәртібін айқындау қағидасына да шекті жол берілетін шығыстар үлесі отбасының жиынтық табысынан бес пайыз мөлшерінде белгіленген. Айлық кіріс 120 000 теңге болса х (кірістің 5 %) = 6000 теңге. Енді коммуналдық шығынмен айлық табысының айырмасын есептесек, 12 500 теңгеден (коммуналдық шығын) алу 6000 теңге (жиынтық табысынан 5 %) = 6500 теңге осы шыққан сомманы 3 айға тағайындаймыз, яғни, көбейтеміз 3-ке сонда 19500 теңге  (тағайындалған сомма) болады.

Ескеретін жағдай, отбасында 3 жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырған, күтімге мұқтаж мүгедектігі бар тұлғаларды, сонымен қатар уақытша жұмысқа жарамсыздығы жөнінде дәрігерлік-кеңестік комиссияның қорытындысын алған азаматтарды қоспағанда, еңбекке жарамды, бірақ, жұмыс істемейтін, оқымайтын, әскери қызмет атқармайтын және жұмыссыз ретінде тіркелмеген отбасы мүшелері бар отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегі көрсетілмейді - дейді Бибігүл Балораққызы.

Электр энергиясына сараланған тарифтерді қысқарту жөніндегі пилоттық жоба шеңберінде және энергия көздерінің жабдықтарын кешенді жаңғырту, сондай-ақ электр, жылу, сумен жабдықтау және су тарту желілерінің тозу деңгейін төмендету мақсатында «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасына сәйкес облыста коммуналдық қызметтер тарифтерінің өзгеруі 7-14% -ды құрады.

Міне, «Тұрғын үй көмегін тағайындау» мемлекеттік қызметі халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарының коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығындардың бір бөлігін өтейді.

Көмек қалай рәсімделеді?

Аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 қаулысымен бекітілген Тұрғын үй көмегін көрсету ережесіне сәйкес «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына және/немесе «электрондық үкімет» веб-порталына (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) жүгінеді.​​

Құжаттарды қарау және тұрғын үй көмегін көрсету туралы шешім қабылдау немесе көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап беру мерзімі Мемлекеттік корпорациядан немесе «Электронды үкіметтің» веб-порталынан құжаттардың толық топтамасын қабылдаған күннен бастап сегіз жұмыс күнін құрайды.

Тарифтердің өсуіне байланысты аз қамтылған отбасылар (азаматтар) айлық коммуналдық шығындарды уақытылы ай сайын төлесе, тоқсан сайын, яғни жылына төрт рет тұрғын үй көмегіне жүгіне алады. Тұрғын үй көмегі арқылы коммуналдық қызметтерге төлеген шығындарды, жиынтық табысыңыздың 5 (бес) пайыз мөлшерінде есептелінеді.

Үлкен үйге не керек, кішкентай үйге сол керек!

- Қазақта «Үлкен үйге не керек болса, кішкентай үйге де сол керек» деген сөз бар. Әр үйдің өзінің шығыны, қажеті бар.  Әлеуметтік жағдайы әлжуаз, табысы төмен жерлестеріміз тұрғын үй көмегін пайдаланса​ екен деймін. Иә, көмек көлемді болмас. Бірақ, бұл да үкіметтің жәрдемі, бір жыртықты жамауға жетеді. Халық біз көрсететін мемлекеттік қызметтің осы түрінен хабарсыз қалмаса екен, – дейді бөлім басшысы Кенжегүл Исатаева.

 

Б. Шерім,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале