24.07.2023, 16:15
Оқылды: 54

Іскер әйелдер басқосты

Жуырда Шыңғырлау ауданында шыңғырлаулық әйелдердің әлеуетін көтеруге арналған шара өтті. Шара әйелдердің қолөнер бұйымдары және қолдан өндірген тағам өнімдері көрініс тапқан сан-алуан көрмеден басталып, облыстық іскер әйелдер қауымдастығы өкілдері қатысқан мазмұнды кездесуге ұласты. Шараға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Азамат Бисембаев ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы және оған әйелдердің қосқан үлестерін айта отырып, қоғамдық жұмыстардағы белсенділіктеріне тоқталды. Жиынға арнайы келген Батыс Қазақстан облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Жансұлу Төремұратова қазіргі замандағы әйелдер қауымының алдарындағы үлкен жауапкершілік, отбасы және кәсіпкерлік саласындағы жетістіктері мен мәселелі тұстары туралы баяндама жасады.

әйел

Әйелдердің шағын және орта бизнеске қосқан үлестері туралы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы Надежда Жұбаниязова хабарлама жасаса, көпбалалы және үйден табыс табу көздерін қажеттеріне жаратып, отбасылық бюджетті өздерінің іскерліктері мен шеберліктерімен толықтырып отырған еңбекқор әйелдер атынан Шынар Нәжмеденова сөз сөйледі. Сондай-ақ ауыл әйелдерінің қолдарынан бәрі келетіндігін, тіпті шағын инкубаторлардың арқасында жеке аулада миниферма жасап отырған Әсемгүл Құрманғожиеваның іс-тәжирибелік баяндамасы көптің көңілінен шықты. Ұстаздықпен бірге жеке аула шаруашылығын дөңгелетіп отырған Әсемгүл құстарының арасынан бірнеше түрін ала келіп, замандастарына практикалық сабақ өткізді.

әйелл

Облыстық іскер әйелдер қауымдастығының өкілдеріне көрмедегі ісмер шеберлерінің бұйымдары, атап айтсақ зерлі көрпе тыстары, қолдан жасалған әшекейлер, бас киімдер, қолдан тоқылған аяқ киімдер, керемет тоқылған шәлі-шарқат, сөмкелер мен тіпті сатылымда жақсы өтетін өсірмелі гүлдер және тағы басқа да тауар түрлері жиналғандарға керемет әсер қалдырды. Сондай-ақ брендке айналған «Торыатбас» құрт-майы, ақсұғымдық бал қымыз, ірімішік пен қайнатпа құрт көзді қызықтырып көрмеге сән берді. Соған қоса табыс көзін өзгешелеу бағыттан тапқан әйел адамдарда көпшіліктің көңілін аудартты. Мысалы жеміс-жидектен пастила, гранола, жеміс чипсиын, фрипсиын үйде жасап жүрген Мәдина Тәжбаева көрмеде хош иісті жеміс шайын да ала келіп дәм таттырды. Ал үй жағдайында жасалған халал шұжық пен басқа да өнім түрлерімен тамсандырған Тауила Усманғалиеваны да атап өткен дұрыс.

әйеллл

Облыстан келген қонақтар шараның екінші бөлімінде әйелдер қауымына арналған қаржылық сауаттылықты арттыру жолдары бойынша сабақ өткізіп, соңынан ашық диалог алаңы ұйымдастырылды. Осы шарада көптеген әйел-аналар ауылдық жердің басымдық тұстарын бағамдап ауылға арналған, соның ішінде әйел адамдарға арналған мемлекеттік бағдарламалар, ауқымды жобалар, гранттар туралы және жеңілдетілген несие түрлерінің сан алуындығын тағы да бір тындап, оның тиімді тұстарын білді. Ол үшін ең алдымен қаржылық сауаттылықты көтеру жөн десті дәріс өткізген мамандар.

Аналардың басын қосқан «Өмір.Өнеге.Өрнек» тақырыбындағы мазмұнды шара баршасына жақсы әсер, жылы жүздесу және жүректерге үлкен жылылық сыйлағандай болды. Алған әсермен қоса білсем деген көптеген сұраққа жауап алған шыңғырлаулық әйелдерге белсенділіктері үшін Жансұлу Төремұратова ризашылығын білдірді.

Шыңғырлау аудандық ішкі саясат бөлімінің тапсырысымен «Шыңғырлау әйелдері» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған аталмыш шара бұл жолы да ауылдық әйелдердің әлеуетін арттыруға бағытталды.

Айсұлу Арыстанова,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале