25.07.2023, 15:00
Оқылды: 18

«Оталарды Жымпитыда жасағымыз келеді»

Сырым аудандық ауруханасында ем алушылар үшін бүгінгі таңда қолайлы жағдай туғызу жаңаша серпінмен қолға алынды. Олай деуімізге себеп, жуырда ғана облыс орталығындағы білікті хирург-дәрігер Сабыр Меңдешев басшылық қызметке келді. Тағы бір оң хабар - ауруханада құрылғылар да жаңартылып жатыр.

сырым больница (4)

- Сабыр Ғабдыхалықұлы, ең алдымен жаңа қызметіңізбен құттықтаймыз. Елге қош келдіңіз! Сұхбатымызды негізгі мәселелерден бастасақ.

- Аудан медицинасы кадрлық дағдарысты бастап кешіріп жатқандығы жасырын емес. Біздің ойымызша, сіздің де бірінші қолға алған бірінші шаруаңыз сол болса керек. Осы тұрғыда қандай өзгерістер бар?

- Рақмет! Қош көрдік! Аудан медицинасының қазіргі таңда кадрлық мәселесі шешіліп жатыр. Қатарымыз бір ай турасында жас терапевт дәрігерімен толықса, алдағы уақытта ауруханамызға ауадай қажет мамандар гинеколог, анестезиолог-реаниматолог мамандары келеді деп күтіп отырмыз. Орта буын бойынша Қоңыр фельдшерлік акушерлік пункті (ФАП), Құспанкөл медициналық пункті (МП) фельдшермен, медбикелермен биыл бітірген жас мамандармен толыққанын қуана айта аламыз. Алдағы уақытта оқу бітірген жас медқызметкерлер аудан, ауылдық округтегі маман тапшылығына тосқауыл болады деген сенімдемін.

сырым больница (1)

- Аудандық аурухананы техникалық жарақтандыру қай деңгейде? Маман болмағасын шаң басып тұрған аппараттар бар ма немесе қандай аппараттар жетпейді?

- Аудандық аурухананың техникалық жарақтандырылуы бүгінде 90,86 пайызды құрап отырған болса, 2022 жылдың желтоқсан айында цифрлық заманауи Ультра 200 жылжымалы рентген аппараты, биыл шілде айында ересектерге, балаларға, жаңадан туған нәрестелерге арналған сенсорлық монитор қолданысқа алынды. Одан бөлек, видео ларингоскоп - нәрестелерге арналған ашық реанимациялық жүйе апараттары құжаттары тексерістен өткеннен кейін қолданысқа беріледі деп күтілуде.

сырым больница (2)

- Сырым аудандық орталық ауруханасы жылына қанша пациентке қызмет көрсетеді? Қандай оталар атқарылады?

- Сырым ауданы бойынша тіркеуде тұрған халық саны 17 281 адам болса, биыл алғашқы жартыжылдықта стационарлық ем алғандар саны - 607. Күндізгі стационардан 1324 науқасқа қызмет көрсетіліп, ем тағайындалды. Ал амбулаториялық диспансерлік есептегі науқастар тегін дәрілермен қамтамасыз етіліп отыр. Ота жасау деңгейі де ауруханамызда жолға қойылған. Атап айтсам, хирургия бөлімінде «шап жарығы», «варикоцелла эктомиясы», «аппендоэктомия» ересектерге, «парапроктитті бөлу және дренаждау», «жергілікті жансыздандыру» арқылы оталар жасалуда. Анестезиолог-реаниматолог маманы келгеннен кейін оталарды кеңейту жоспарланып отыр. Оған себеп, қолдағы бар медициналық жабдықтарымызды басы ауырып, балтыры сыздаған тұрғындарымызды облыс орталығына жібермей-ақ, уақыт оздырмай өзіміз ота жасағымыз келеді.

- Президентіміз «Ана мен бала» денсаулығын қорғау - негізгі басымдықтың бірі. Ана мен баланы қорғау, онкологиялық, кардиологиялық, пульмонологиялық және медициналық көмектің басқа да түрлерін көрсету – ел алдындағы міндетіміз” деген еді. Ауданымызда туу көрсеткіші қалай? Ана мен бала денсаулығы қандай жолға қойылған, гинеколог мәселесі жайында айта кетсеңіз.

- Бүгінде жүктілік бойынша 168 нәзік жанды есепте тұр. Туу көрсеткіші бойынша биыл 6 айда 148 бала дүниеге келді. Одан бөлек, алдын ала жүктілікті жоспарлау кабинеті жұмыс жасап жатыр. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша 1500 бала туу жасындағы әйел кеңес алды. Жалпы тәжірибелік дәрігерлер № 452 бұйрық бойынша 2В тобындағы абсолютті экстрогенетальді аурулары бар әйелдермен жүктілікті жоспарлау бойынша жұмыстанып жатыр. Ал жас аналар мен дені сау балалар кабинеті балалардың ерте жастан ақауларын анықтап, алдын алу шараларын жүргізіліп жатыр.

сырым больница (3)

- Аурухананың жөндеуі қай уақыт аралығына жоспарланған, әкімшілік мәселелеріне тоқталсаңыз. Ауруханаға дені сау адам келмейтіні белгілі. Ғимарат айналып, әжетхана іздеп жүрген пациенттерді көзіміз шалып жүр. Сол мәселенің шешілу жолы бар ма?

- Ауруханың жөндеу жұмыстары жоспарда тұр. Әжетхана мәселесіне келетін болсақ, емханамыздың ішінде екі әжетхана бар. Өкінішке орай кәріз жүйелерінің (канализацияның) тозуына байланысты дренаждық түтігі бітеліп, қайтадан жауып қоюға тура келіп тұр. Алдағы уақытта аурухананың сыртындағы әжетхананы жаңартамыз.

- Жеделсаты мәселесі аудандық «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінде көтеріліп жүрді. Бүгінгі ахуал қалай? Алдағы уақытта пациенттер жеделсаты игілігін көре ала ма?

- Жеделсаты мәселесі жөнінде жөндеу жобасына кіргізуге ұсынылды.

- Өзіңіз тек басшы емес, хирургсіз. Басшылық қызметті қоса атқару кәсібилікке кедергі келтірмей ме?!

- Басшылық қызметтікке қоса атқару кәсібилікке еш кедергі келтірмейді. Жұмысын сүйетін жан үшін өзінің саласына байланысты қандай жұмыс болса да қолбайлау емес. Керісінше, жан жақтылық тәжірибе сыйлайды десем артық айтқандық емес.

Сұхбатыңызға рақмет! Жұмысыңызға табыс тілейміз!

 

Сұхбаттасқан Айжан Бауыржанқызы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале