Осыдан үш жыл бұрын 1400 халқы бар Ақжайық ауданының Қарауылтөбе ауылына «Beeline» байланыс операторы 4G интернет желісін орнатып, тұрғындар бір қуанып қалған еді. Енді биыл телефонында «Kcell» нөмірі барлар да осындай мүмкіндікке ие болды. Яғни аталмыш оператордың абоненттері интернетті 4G жылдамдықта пайдалана алады. Ұялы байланыс, соның ішінде ғаламтор күнделікті тұрмысымызда, тіпті қызметте де қажет болатын бүгінгідей кезеңде ауылдықтар үшін мұның ерекше игілік екені айтпаса да, түсінікті.
– 2020 жылы әкім болып тағайындалғанымда, тұрғындардың айтқан алғашқы өтініші ауылға интернет желісін қосу болатын. Ол кез – пандемия белең алып тұрған шақ, мектеп оқушылары онлайн сабақ оқығаны есіңізде шығар. Байланыс операторларымен келісімге келіп, төрт айда бұл тілек орындалды,- дейді ауылдық округ әкімі Жәнібек Әбіров.
Әйткенмен, «Beeline»-нан ұсынылған интернет ауылды түгел қамти алмапты. Себебі аталмыш оператордың интернет желісін тарататын құрылғысы ауылдың оңтүстік-шығысында орналасқан ескі телемұнараға қондырылып, келесі шетіне дейін жетпей ыңғайсыздық туғызған. Бұл мәселені жуырда ауылдың ортасына жаңадан тұрғызылған мұнара арқылы таратылған «Kcell»-дің интернеті шешті.
Азамат Қанапия,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz