Бәйтерек ауданында «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Іс-шараның мақсаты – орын алған әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін жазаның бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз ету. Сонымен қатар республикалық, облыстық маңызы бар автожолдардағы көлік қозғалысын жақсарту.

«Жедел-профилактикалық іс-шараны өткізу барысында әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша төленбеген айыппұлдарды өндіру жұмыстары жүргізілуде. Өрескелдікке барып, өсім қосылған айыппұлды төлемеген жүргізушілердің көліктері арнайы автотұраққа жабылады. Темір тұлпар иелері мен тұрғындардан түсіністік танытып, бар айыппұлдарды уақытылы төлеуіңізді сұраймыз» деп жазылған Бәйтерек аудандық полиция бөлімшесінің әлеуметтік желідегі парақшасында. Жедел-профилактикалық іс-шара аясында күні бүгін 1153085 теңге айыппұлдың 96600 теңгесі төленген. Ал бейнебақылау камералары арқылы тіркелген 4126200 теңге көлеміндегі айыппұлдың қазіргі таңда 23 тұлғадан 250125 теңгесі өндірілді. Арнайы автотұраққа тоғытылған көліктер әзірге жоқ. Шарада барысында аудандағы мемлекеттік емес ұйым мүшелері мен жастардан құралған полицияның ерікті көмекшілері де белсенділік танытуда! Жедел-профилактикалық іс-шара 28 шілдеге дейін жалғасады.


Гүлжаз Баделова,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz