«Тамырсыз тал болмайды, тарихсыз ел болмайды» дегендей, түп-тамыры терең, алып бәйтеректің жалғасы, кешегі тұлпарының тұяғымен дүниені дүр сілкіндірген көне сақтар, ежелгі ғұндар, байырғы түркілерден бастауын алатын бүгінгі ұрпақтың болашағы, ел мен жердің келешек тағдыры халық арқа сүйейтін тұлғаларды түгел толғандырады, әрине. Себебі мемлекеттің егемендігі, бәсекеге қабілеттілігі білім мен ғылымды меңгерген, рухани қасиеттерді санасына сіңірген ұрпақпен тығыз байланысты екенін тарих талай мәрте дәлелдеді. Осындай ұрпақ сабақтастығының жалғасы, төл тарихымыздың бүгінгі таңдағы алып тұлғаларының бірі, киелі Жетісу өңірінің тумасы – Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұлов.
Фото: senate.parlam.kz
Ол соғыс ардагері Тұрсын әкей мен Кенжетай анамыздың отбасында өмірге келді, тәрбиеленді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, әке еңбекке, табандылыққа, ал ана білімге, даналыққа баулыды.
Мектеп қабырғасынан басталған математика әлемінің құпиясын білуге деген құштарлық, ақыры, оны қолданбалы математикаға алып келді. Ол С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің механика және қолданбалы математика факультетін тәмамдап, «Әділет» жоғары құқық мектебінің үздік түлегі атанады.
Б. Жұмағұлов ұзақ жылғы еңбек жолында С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде оқытушы, кафедра меңгерушісі, проректор, университет ректоры қызметтерін атқарып, зор ғылыми-педагогикалық тәжірибе жинақтады. Осындай бай еңбек өтілінің нәтижесінде Бақытжан Тұрсынұлы 1991-2001 жылдары Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясы төралқасының хатшысы, вице-президенті, президенті, 2008 жылы Ислам елдері инженерлік академиялары федерациясының бірінші вице-президенті болып сайланды. 2001-2002 жылдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің бірінші орынбасары, кейін Білім және ғылым министрі болып тағайындалды. Бертін келе ҚР Президенті әкімшілігінің, Премьер-министр кеңесінің, Президент әкімшілігі ішкі саясат, Үкімет кеңесінің әлеуметтік-мәдени даму бөлімдерін басқарды. 2007-2008 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары, ал 2023 жылға дейін Сенат депутаты, комитет төрағасы қызметтерін атқарды. Айтуға оңай болғанымен, мұндай еңбек жолы қажымас қайратты, сондай-ақ үздіксіз ізденіс пен зор жауапкершілікті талап ететіні шүбәсіз.
Өмірдегі досым әрі ғылымдағы айтулы әріптесімнің бұл қарайған жетістігі қанды қырғын соғыстың куәгері, жеңіс сарбазы әкенің һәм бесік пен әлемді тербеген ананың тәрбиесімен тығыз байланысты екені анық. Бекасыл бабамыздың «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген өсиеті осындай тектінің тұяқтарына арналып айтылғандай.
«Әке ұлды тәрбиелесе, ана ұлтты тәрбиелейді» дейді дана халқымыз, ұрпағының табысты болуы туралы марқұм Кенжетай анамыз: «Ешбір сүйемелдеуші, жетелеуші болған жоқ. Құдай ұлдың жетесіне, қыздың санасына берсін. Қолдан келсе, ұлдың ұлағатты, қыздың инабатты болғанына не жетсін! Перзенттерімнің оқып жетілуіне ағасы мен әкесінің ақ тілеуі, әжесі мен менің ақ ниетім де себепкер болған шығар. Балаларымыз ес біліп, ержете бастағаннан-ақ арманымыз соларды оқытып жеткізу болды, тапқан-таянғанымызды керегіне жұмсап, еш нәрсе аямадық», – деп толғана еске алушы еді...
Біз қызмет бабында жиі кездесетінбіз, бірде студенттермен болған шарада ата-анаға құрмет туралы Бақытжан Тұрсынұлы бастауын көне тарихтан алатын Кейқаустың атақты «Қабуснама» кітабынан «Перзент жеміске, ата-ана жеміс ағашына ұқсайды. Жеміс ағашын жақсы күтсең, жемісі де тәтті болады. Сол сияқты ата-анаға деген құрмет-мейіріміңді аямасаң, саған деген олардың ізгі тілегі қабыл болады», – деп үзінді келтіріп, өз ойымен бөлісті.
– Әкеміз бен анамыз өте жарасымды жұп болды. Әкем де, анам да зиялы әулеттен шыққан жандар. «Ана алдында – құрмет, ата алдында – қызмет» деген сөз бар. Ата-анамызды сол деңгейде құрметтедік. «Ананың хақы – Алланың хақы» екенін жете түсіндік. Бізге осындай ата-ана бұйыртқан Аллаға алғыс айтамыз! Олардың өмірлік тәжірибесі – баға жетпес құнды қазына. Олар біздің өмірімізді махаббат пен тектіліктің шуағымен нұрландырды. Өнегелі отаудың өрісі кең болатынын сөзбен емес, өмір тәжірибесімен дәлелде-ді, талант пен талаптың тек еңбек арқылы келетінін санамызға сіңірді, – деп ғалым сөзін сабақтап еді аталмыш жүздесуде.
Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті ғылыми кеңесінің 2022 жылдың 23 қыркүйегіндегі шешімімен білім ордасындағы көпсалалы ғылыми кітапханаға Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрметті профессоры, ардагер кітапханашы, «Ғұмырдария», «Дәуір дәрісі» және «Жизнь – река» кітаптарының авторы, марқұм анамыз Кенжетай Батырбекқызының есімі берілді. Ұрпақтары ардақтаған ана есімі Батыс Қазақстан өңірінде осылайша ұлықталды.
– Бақытжан Тұрсынұлы – адамгершілігі, азаматтығы және қарапайымдылығы қатар өрілген тұлға. Жол түсіп Ақ Жайық атырабына келгенде, ең алдымен, гүл шоқтарын алып, анам Тұмарша Ибрагимқызына сәлем беремін деп әулетіміздің қара шаңырағына арнайы келіп, аман-саулық білісті. Сол жолы әлемге әйгілі академиктің кішіпейілдігіне риза болған анам:
«Жарылқа, Алла, қабыл ет,
Жарылқаудың қамын ет,
Ізет, абырой, бақ, дәулет,
Қызыр қарап, бақ қонып,
Не тілесең,
Соның бәрін қабыл ет,
Әумин!», – деп бата берген еді, – деп тебіренді академик, Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің құрылтайшысы, техника ғылымдарының кандидаты, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының вице-президенті және Батыс Қазақстан филиалының төрағасы Ақсерік Әйтімов.
Сан ғасыр бойы арман болған ең басты құндылығымыз – Тәуелсіздігімізді баянды етуде, қоғамдық сананы қайта жаңғыртуда, мемлекеттілікті нығайтар жасампаз идеяларды жүзеге асыруда білім мен ғылымның алатын орны ерекше. Әрі ғалым қайраткері, әрі еліміздің Білім-ғылым министрі ретінде Б. Жұмағұлов еліміздің әр өңірлеріндегі білім ошақтарының тыныс-тіршілігіне қан жүгіртіп, күрделі жөндеулерден өткізді, шалғай ауылдардағы мектеп-балабақшалардың жұмысын жандандыруға орасан зор еңбек сіңірді, өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына, ғылыммен айналысуына ерекше көңіл бөлді. Отандық ғылымның жаңа мүмкіндіктерін ашуға, инженерлік-техникалық, инновациялық зерттеулермен қатар, гуманитарлық саланың дамуына ықпал ететін Қазақстан Республикасының «Ғылым туралы» заңының қабылдануына айтулы үлес қосты.
Интеллектуалды ұлтты қалыптастыру, инновациялық технологияларды өндіріске енгізе алатын білікті мамандар даярлау, ғылым мен жаңашылдыққа ұмтылған жастарға жан-жақты қолдау көрсету академик Жұмағұловтың басты ұстанымына айналды. Осының бір айқын мысалындай, Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының жастар қанаты да заман талабына сай дамып келеді.
XXI ғасыр – ғарыш, жасанды интеллект, баламалы қуат (энергетика), робототехника, блокчейн және биотехнология дәуірі. Ғылым мен білім адамзат қоғамына қанат бітірді, ғаламат істерге бастады. Осы орайда Бақытжан Тұрсынұлы қандай лауазымда болмасын, ғылым мен білімнен алыстаған жоқ.
Ғалымның ғылымдағы негізгі бағыттары – мұнай өндірудің технологиялық үдерістерін математикалық модельдеу, мұнай кендерін игеруді автоматты талдаудың компьютерлік жүйесін жасау мәселелері. Ол сұйықтық пен газ механикасының модельдері үшін жуықтама әдістерінің математикалық проблемаларын зерттеді, мұнай өндіру өнеркәсібі үшін болжау мен талдаудың автоматты жүйелерін жасады. Академик Жұмағұловтың ғылыми зерттеулерінің нәтижелері республиканың бірқатар мұнай өндіруші кәсіпорнында қолданылып, мұнай өндірудің тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді.
Бақытжан Тұрсынұлы «Көпбайланысты саладағы Навье-Стокс теңдеуін шешудің сандық әдістері» тақырыбында кандидаттық, «Біртекті емес сұйықтықты өткізудің математикалық үлгілері және олардың мұнай орындары үшін компьютерлік технологиялардағы қосымшасы» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады. Ғылыми зерттеулерінің практикалық маңыздылығы дифференциалды теңдеулер мен есептеу математикасының теориясы саласындағы проблемалардың терең теориялық зерттемесін жүргізуге негізделді. «Сұйықтық пен газ динамикасын сандық үлгілеу. Теория және есептеу тәжірибелік сынағы» жұмыстары үшін Бақытжан Тұрсынұлы бір топ әріптесімен бірге ғылым, техника және білім саласы бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Ұлттық ғылым академиясының академигі болып сайланды.
Жылдар бойғы жемісті ғылыми ізденісі және мемлекеттік қызмет саласындағы қажырлы қызметі үшін «Парасат», «Достық» ордендерімен марапатталды, «ХХ ғасырдың атақты инженері», «ҚР Құрметті инженері», «Ресей Федерациясының еңбек сіңірген инженері» атақтарына ие болды.
Бүгінде Бақытжан Тұрсынұлы өзі басқаратын Ұлттық инженерлік академия және бірқатар жоғары оқу орнымен бірлесіп, іргелі ғылыми жобаларға жетекшілік жасауда. Ол 2014 жылы Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде өткізілген ғылыми форумда баламалы қуат көздері жөніндегі бастамалар мен ұсыныстардың ұйытқысы болды. Нәтижесінде күн мен жел қуатын өндіретін технологиялардың маңыздылығын бүкіләлемдік «EXPO-2017» көрмесі айқындап берді, кейін Әлемдік инженерлер конгресінде өз жалғасын тапты.
Қазіргі ғылым мен техниканың қарыштап дамуы адамдардың көзқарасын өзгертті, жоғары оқу орындарында жаңаша білім беру, заманауи мамандықтарды игеру экономика мен бизнесті дамытуға үлкен бетбұрыс жасады. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, өңірімізде Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің құрылып-қалыптасуына, Ұлттық инженерлік академиясының бүгінгі дәреже-деңгейге көтерілуіне Бақытжан Тұрсынұлының сіңірген еңбегі ерекше. Бүгінде заман талабына сай «мектеп-лицей-колледжуниверситет» жүйелерін біріктіретін көпсалалы ғылыми-өндірістік кешен қалыптасты. Білім ордасында Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалы, П. Н. Кузнецов атындағы тұрақты даму ғылыми мектебі, «Ноосфера» студенттер технопаркі жұмыс жасайды әрі ядролық зерттеулер орталығындағы Дубна университеті, басқа да ғылыми-зерттеу институттарымен әріптестік байланыс нығая түсуде. Сочи қаласында дүниежүзінің 47 елінен 360 студент қатысқан халықаралық роботтехника жарысында студенттеріміз Жапония, Қытай, Сингапур, Малазия және Европа елдерінен кейін 12-орынды иеленді. Бұл жұмыстар бүгінде өз жалғасын табуда.
Сөз соңында, ғалым Бақытжан Жұмағұловтың: «Дамыған елдердің тәжірибесі көрсеткендей, заманауи мамандар тәрбиелеп шығару үшін білім беру мен ғылым үдерістерін біріктіру керек. Шығармашылық ойлау қабілетін, жаңа білімді үйрену қабілетін арттыру үшін студенттердің ғылыми зерттеулерге көптеп қатысуын қамтамасыз ету маңызды», – деген ойларын жүзеге асыруда жүйелі жұмыстана бермекпіз.
«Тарихты тұлғалар жасайды» дегендей, өз елімізге қоса, алыс-жақынды шетелдерде кеңінен танымал қоғам һәм мемлекет қайраткері, ғалым Бақытжан Жұмағұловтың өмірі мен еңбек жолы білім мен ғылым саласындағы жас ұрпаққа үлгі-өнеге деп санаймын.
Бауыржан Ғұбайдуллин,
Ұлттық құрылтайдың мүшесі, Қазақстан Республикасы
Ұлттық инженерлікакадемияның мүшесі,
Әліби Баяхов,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы,
профессор, академик,
Қазақстанның инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің ректоры
Жұмағұлов Бақытжан Тұрсынұлы – еңбек жолын қарапайым ауыл мектебінде қатардағы мұғалімдіктен бастап, техника ғылымының докторы, академик, мемлекет және қоғам қайраткеріне дейін көтерілген кемел тұлға.
Ол – Қазақстанның білім мен ғылым саласына қатысты ірі ұйымдастырушы.
Қазақ-станның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының білімғылым және техника саласы бойынша мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР Ұлттық академиясының академигі, Халықаралық инженерлік академияның академигі, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының президенті, Түркі әлемі математика қоғамының президенті Бақытжан Жұмағұлов – көптеген шетелдік университеттің құрметті профессоры және халықаралық инженерлер қауымдастығының мүшесі.
Жұмағұлов Бақытжан Тұрсынұлы 1953 жылы 18 тамызда Талдықорған облысының Қапал ауданына қарасты Қапал ауылында жарық дүниеге көрінген. Әкесі Тұрсын Жабықбайұлы – Ұлы Отан соғысының ардагері. Тұрсын әкей – 18 жасында өзі сұранып Отан қорғауға аттанып, жауынгерлік жолын Сталинград майданынан бастап, неміс басқыншыларының ошағы Берлинді алуға дейінгі қиян-кескі шайқастарға қатысқан Жеңіс сарбазы. Елге Жеңіс туын желбіретіп оралғаннан кейін орта мектепте ұстаздық қызмет атқарды. Бертін келе институтқа қоса, партия мектебін тәмамдап, Жетісу өңіріндегі бірқатар шаруашылықта бас бухгалтер, партия ұйымының хатшысы және колхоз төрағасы лауазымдарын абыроймен атқарып, ел-жұртқа іскерлігіне қоса, адал да әділдігімен сыйлы болған азамат.
Анасы Кенжетай Батырбекқызы – ұзақ жыл аудандық кітапхананың меңгерушісі болып қызмет істеген еңбек ардагері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері. Жеті перзент тәрбиелеген ата-ана ұл-қыздарының тең құрбысының алды болып, жоғары білім алып, саналы азамат болып қалыптасуларына жағдай жасай білді. Тұрсын әкей мен Кенжетай ана, ең алдымен, перзенттерін қаршадайынан адалдық пен еңбекке баулып, оларға кітап оқу мен білімге құштарлықты дарыта білді. Осындай тәлім-тәрбиенің нәтижесінде қазақтың бір қарапайым отбасынан бес бірдей ғылым докторы шықты. Демек, Жұмағұловтар әулетін ғалымдар әулеті деуге толық негіз бар.
Бақытжан Тұрсынұлының жұбайы Жұмағұлова Валентина Ивановна да танымал ғалым-лингвист, филология ғылымының докторы, профессор, Халықаралық жоғары білім академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ал қос академиктің ұлы Руслан – экономика ғылымдарының докторы, ал қызы Алина – заң ғылымдарының кандидаты.
Академик Б. Т. Жұмағұловтың тұлғалық қадір-қасиеті ауқымды ақыл-ой жүйесі мен дарынды ғалымдықтан, адалдық пен азаматтықтан, ірі ұйымдастырушылық қарым-қабілет пен жанашырлықтан, еңбекқорлық пен мақсаткерліктен, сонымен қатар, ең бастысы, Отанының мүддесі үшін білім-білігі мен қажыр-қайратын сарқа жұмсар елжандылықтан құралған. Бірге қызмет істеген жылдары біз Бақытжан Тұрсынұлының осындай қыр-сырына қанығып, оның асқақ азаматтығына тәнті болдық.
Мұхтарбай Өтелбаев,
физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық академиясының академигі, Қазақстан Республикасының білім-ғылым және техника саласы бойынша Мемлекеттік сыйлығының иегері,
Тынысбек Қалменов,
физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық академиясының академигі,
Нұрлан Темірбеков,
физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының академигі, ҚР Ұлттық
академиясының мүше-корреспонденті