Бүгін шаһардағы Тұңғыш Президент алаңында ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік әскери қолбасшылығы Орал қаласындағы 5517 әскери бөлімінің қатарға жақында қосылған жас сарбаздары салтанатты түрде Әскери ант қабылдады.
Қатарға жаңадан қосылған 185 сарбаз еліміздің Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Алматы және Түркістан өңірлерінен келген.
Әскер қатарына қабылданған олар бір ай ішінде саптық дайындықтан өтіп, әскери өмірмен танысты.
Ант қабылдау жиыны дәстүрлі түрде әскери бөлімнің жауынгерлік Туын саптық алаңға алып шығу шеруімен басталды. Кейін бөлімнің командирі жеке құраммен амандасып, оқу пунктінің басшысына рәсімді бастауға пәрмен берді.
Салтанатты іс-шараға қатысқан өңір басшылығы, құқық қорғау құрылымдарының қызметкерлері мен Ұлттық ұланның басшылығы жауынгерлерді құттықтады.
«Жас сарбаздарды Отан алдындағы әскери ант қабылдауымен шын жүректен құттықтаймын! Жаңадан қатарға қосылған сарбаздар әскери міндеттеріңізді атқара жүріп, тұрғындардың, көрікті қаламыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде үздіксіз еңбек етесіздер. Сол қызметтеріңізді абыроймен атқарып, аман-есен үйлеріңізге оралуға тілектеспін», - деді салтанатты шараға қатысқан қала әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов.
Жауынгерлердің ант қабылдау рәсіміне арнайы келген ата-аналар да ізгі лебіздерін білдірді.
Сонымен қатар 5517 әскери бөлімінің командирі, подполковник Сағындық Алқайдаров сарбаздар сертіне берік болып, мемлекетке адал қызмет етуі керектігін айтты.
zhaikpress.kz