Бүгін Самғау коворкинг орталығында «Жан демеуші» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрайымы, жеке кәсіпкер Жансая Талғатқызы, Жаңақала аудандық мешітінің ұстазы, жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық оралығының теолог маманы Диана Қазбекқызы және аталмыш мекеменің психолог маманы Индира Миржанқызының ұйымдастыруымен «Ақ шашты, ақ сақалды қарияны ізет тұту» тақырыбында алғыс білдіру кеші өтті.
Алдымен Жансая Талғатқызы сөз сөйлеп, кеш қонақтары - Әліпбай Махсотұлы, Нұрболат Өтегенұлы, және Қайырбек Жұмағұловпен таныстырып, оларға аудан әкімінің алғыс хатын табыстап, шапан кигізіп, сыйлықтар берді.
Теолог маман асыл дініміз бен салиқалы салтымызда үлкенге құрмет дегенде ең алдымен ата-анаға құрмет меңзелетіндігін және әке-шешені құрметтеу әр перзенттің парызы екенін айтты.
Алла Тағаланың үлкендердің алдында ізеттіліктен айнымаған жас құлын қартайғанда елге сыйлы ететінін сөзге тиек етті.
Содан соң келген қарияларымыз өз өмірлерін, еңбек жолдарын баяндап, өскелең ұрпаққа дуалы сөздерін жеткізді.
Көрермен арасынан сұрақтар қойылып, ақсақалдармен еркін шүйіркелесті.
Жанна Миха,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz