Әлішер Мағзом Ақжайық ауданының Ілбішін ауылында 1993 жылы қарапайым отбасында дүниеге келген. 2011 жылы Қаршы орта мектебін бітіріп, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-ға оқуға түсіп, ветеринар мамандығын алып шыққан.
Бүгінде әкесі Нұрпейіс жүргізуші болса, анасы Ажар білім беру саласында қызметте. Ағасы Елдос Ақтөбе қаласында дәрігер болса, қарындасы Гүлден – студент. Әлішердің келіншегі Назерке гинеколог-дәрігер, қазір бала күтімімен демалыста отыр. Әлішер – Ақжол ауылдық округінде мал маманы. Сонымен қатар Ақшкол елді мекенінде өзінің «Алаша» шаруа қожалығына жетекшілік етеді. Шаруашылықтың басында тұрғын үй, монша бар. 600 сиырға арналған қораны да жаңадан салған. Қазақтың ақбас сиырын өсіретін қожалықта 8 адам жұмыс істейді. Жұмысшылардың жалақысы – 150-200 мың теңге. Барлығының бабын тауып, жағдайын жасап отырған кәсіпкерге қасындағылар дән риза.
Әлішер Нұрпейісұлы наурыз айында аудандық мәслихат депутаты болып сайланған еді. Бүгінде тұрғындармен кездесіп, мұң-мұқтажын тыңдап, сеніміне ие болып жүр. Есенсай ауылында саябақ салуға екі миллион теңгеден астам қаражат аударды. Демалыс орнының айналасын қоршады. Кәсіпкер есенсайлықтардың ұсынысы бойынша балалар ойын алаңына жарық өткізді. Жалғызбасты ана Нұргүл Махошеваның үйінің айналасындағы күл-қоқысты тазартып, бұзылған үйінің орнын тазартуға демеушілік жасады. Есенсайдағы малы жоқ үш отбасыға екі сиыр, бес қой берді. Осылайша кәсіпкер азамат халықтың алғысына, ілтипатына бөленіп отыр.
Әлішер өткен жылы ауданда «Үздік жас ветеринар» аталымына ие болса, 2022 жылы облыс басшысының марапатын алды.
Меруерт Қауымбаева,
Есенсай ауылдық ардагерлер кеңесінің
төрайымы,
Ақжайық ауданы