1.08.2023, 10:45
Оқылды: 78

Балаңызға кітап алып бердіңіз бе?

 

Озық елдердің тәжірибесі көрсеткендей, еліміз дамуы үшін балалар кітап оқуы керек. Кітап болғанда да,  баланың ойлау жүйесін дамытатын, қарым-қабілетін арттырып, жаңа кеңістікке жол ашатын кітап болуы қажет. Ол кітаптар және қолжетімді болуы тиіс.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың  биылғы маусым айында Түркістан  қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың  алқалы  жиынында сөйлеген  сөзінен.

DboxoLNX0AA3rBw

Міне,  биылғы жазға  қоса, биылғы жазғы каникулдың да соңғы айы басталды. Демек, бұл  – жаңа оқу жылы таяп қалды деген сөз. Ал сіздің ұл-қызыңыз сабақ басталғанда ұстазы  «Қане, жазғы каникулда кім қандай кітап оқыды?» деп сұрағанда көзімен жер шұқып қалмай ма?

Кітап  оқу  – перзенттерімізді  кемелдікке,  яғни  жан-жақты жетілуге жетелейтін төте жол. Әдеби шығармалардың әсері ұл-қызымыз бен немере-шөберелеріміздің санасына елжандылық пен еңбекқорлық, адалдық пен мейірімділік секілді асқақ  гуманизмге  негізделген асыл қасиеттерді сіңіретіні шүбәсіз.  Осындай  орасан  зор рухани игіліктен  сіздің  перзенттеріңіз сіздің кесіріңізден құр қалып жатқан жоқ па? Редакция тілшілері осы бағытта ел-жұрттың  арасында сауалнама жүргізіп көрген еді...

IMG_0523

Редакция алқасы

 Әсел  Ерментаева, Ақжайық ауданы:

– Балаларыма тұрақты түрде кітап алып беремін деп айта алмаймын. Орал қаласына немесе басқа қалаға барған кездерімде сатып аламын.

Себебі кітап оқуға деген ынта-ықыластары енді ғана байқалуда. Негізінен танымдық бағыттағы энциклопедияларды алып беруге тырысамын. Өткен жылы бастауыш сыныпта оқитын балама «Отбасы хрестоматиясы» сериясымен шыққан «Құндылықтар қалтасы» деген кітаптар жинағын алып бердім. Бастапқыда оқығысы келмеді. Мен де «Оқы» деп қинай қоймадым. Ал биыл сол балам бесінші сыныпты бітірді. Былтыр оқығысы келмеген кітабын биыл оқып тауысты. Жақсы әсер алғанын айтып жүр. Байқағаным, кітап оқуды баланың өз еркіне қалдыру керек. Көңілі өзге дүниеге ауып жүрген баланың қиялын бұзып, қинап оқыту кітапқа деген қызығушылығын өшіріп тастауы мүмкін. Өз уақытында қызыққан тақырыбына сай кітабын оқығаны дұрыс деп есептеймін.

Думан Ғаббасов, Орал қаласы:

– Жалпы, ұл-қызымның кітап оқуына жағдай жасауға тырысамын. Жылына кем дегенде 6-7 кітап оқиды. Үлкен қызым – студент.

Ол көбіне көркем әдебиеттерді, әсіресе поэзиялық шығармаларды көп оқиды. 6 және 4-сыныптарда оқитын ұлдарым  кітап насихаттаушы блогер Айнұр Бұлақбайдың  сабақтарына  қатысады.

Шыны керек, қазіргі кітаптарға көңілім толмайды. Парақтап қалсаң, өріп жүрген қателерден көзің сүрінеді. Мұндай олқылық, әсіресе аудармаларда жиі ұшырасады. Бір-бірімен байланыспайтын сөздер көп. Бағалары да қымбат.

Балаларымның кітап оқуға деген ынта-ықыласы баршылық. Өзім де кітапты жиі оқуға тырысатын жандардың бірімін. Менің кітап оқып отырғанымды көріп өскендіктен, олар да кітапты жатырқамайды. Қазірдің өзінде Мұхтар Шахановтың «Әке үкімі» және «Шың басындағы оқиға» поэмалары мен Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін жатқа біледі.

Жаңылсын Есенәлиева, Ақжайық ауданы:

– Балаларыма мүм-кіндігінше көбірек кітап алып беруге тырысамын. Және сол кітаптың оқылуын да шамам келгенше қадағалап отырамын. Себебі кітаппен ерте жастан дос болған бала кез келген ортада өзін еркін ұстап, тығырықтан жол таба алады. Сонымен бірге қиялын дамытып, ойының ұшқыр болуына да септігін тигізеді. Ал қазіргі кезде креативті болу – заман талабы. Қысқаша айтқанда, балаларымның заман талабына сай

болуы үшін осы жасынан кітаппен дос болуын  қалаймын. Менің балаларымның кітапқа деген ықыласы әртүрлі. Үлкен қызым қысқа әңгімелерді  оқығанды жақсы көреді.  Ортаншы балам анимациялық 3Д форматындағы кітаптарды оқиды. Екеуі де оқыған дүниелерін бір мезгілде  көзбен көріп отырады. Шамам келгенше қағаз кітап түріндегі әдеби шығармаларды оқуға бағыттап жүрмін. Себебі оқыған дүниеңнің бір мезетте суретін көзіңмен көріп отырсаң, ол қиялыңды дамытпайды. Бала оқыған әр сюжетті көзіне елестетіп отыруы керек. Сонда ғана баланың қиялына қанат бітіп, танымы тереңдеп, ой көкжиегі кеңейеді.

Дәметкен Сайытова,

Теректі ауданы, Сарыөмір ауылы:

– Иә, әрине. Бүгінде 3 перзентім бар. Үлкені 4 жаста. Фатима есімді тұңғышыма әзірге ертегілерді оқытып жүрмін. Өсе келе таным көкжиегін кеңейтетін кітаптарды жиі алып беру ойда бар. Буыны бекімеген балаға әуелі халық ертегілерін оқытқан дұрыс деп санаймын. Мәселен, жақында «Аруна» баспасынан басылып шыққан «Әжемнің ертегілері», «Зерделі ертегілер» сияқты жинақтар мен «Жануарлар әлемі» атты кітапшаны сыйладық. Талап-талғамы қалыптасқанша өзіміз таңдап бергенді жөн көріп отырмыз. Кейін қызығушылығына қарай сыйлаймыз. Басты мақсат – перзенттеріміздің кітапқа құштарлығын ояту.

Жасұлан Пайдин, Жәнібек ауданы,

Талов ауылдық мәдениет үйінің директоры:

        –  Шынын айту керек, балаларымның кітапқа деген қызығушылығын байқамаймын. Кітап алуға мүмкіндік болмай жүрген жоқ. Олардың жасына сай деген оқулықтардың өзі тілі ауыр, күрделі жазылған. Кейде соларды өзіміз оқып, түсінбей қаламыз. Көбінің сапасы көңіл көншітерліктей емес. Сол себепті кітап алып беруге біз де құлшына қоймаймыз. Мен де ұл-қыздарымның кітап оқығанын қалар едім. Бір жағынан, телефонның «тәрбиесіндегі» бүгінгі балалардың әдеби шығармаларға әуестенуі екіталай. Бала кезіміздегі бізді осы күнгі балдырғандармен салыстыруға келмейді. Өйткені олардың ойлау деңгейі, таңдау-қалаулары мүлдем басқа.

Айгүл Құлданаева,

Орал қаласы:

– «Алып бердім» деп жалған сөйлемей-ақ қояйын. Жалпы өзім студент кезімде қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын жиі оқитынмын. Сондықтан да болар, мен 10-сыныптағы ұлыма әдеби шығармаларды оқуға кеңес беремін. Алайда балам психологиялық сипаттағы және белгілі бір бағытқа құлшынысты арттыратын кітаптарды оқуға құмар. Өз бетімен кітап алып, ізденісте жүргеніне қуанып қаламын. Арасында жалпы кітап оқудың маңыздылығын түсіндіргенім болмаса, былай қай аутордың шығармасын жақсы көретінін сұрамаппын. Бірде әлемдік деңгейдегі мотиваторлардың бірі – Ник Вуйчичтің кітабын оқып отырғанын байқадым. Жетістікке жетудің жолдарын жазатын ауторларды тани түссе, еңбекке деген құлшынысын ерте оятады деп те ойлаймын. Әлі мектеп жасындағы баламның осындай ізденісіне сырттай сүйсінемін.

Негізі сіздер ел-жұрттың ойына жақсы салып отырсыздар, бүгіндері ата-аналардың басым көпшілігі балаларына әдеби кітап алып беріп жарытпайды-ау осы.

Бұл дұрыс емес, әрине. Енді өз басым балаларыма кітап сыйлауды қолға аламын.

Әнуар Аманжол,

Аманжол Исламғали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале