1.08.2023, 17:15
Оқылды: 117

Ет дүкені ашылды

Бүгін Жәнібек ауданында жеке кәсіпкер Алтынбек Исаевтың ет дүкені есігін айқара ашты.

IMG_0216

Жалпы аудан орталығында кәсіпкерлік саласы жыл санап дамып жатыр. Соның айшықты айғағындай болған ет дүкенінің ашылу салтанатына аудан әкімі Тимур Шиниязов қатысып, ізгі тілегін білдірді.

Жаңа кәсіпкерлік нысанның лентасын қию құрметі аудан басшысы мен «Ардагерлер ұйымы» РҚБ аудандық филиалының төрағасы Амангелді Уәлиевке берілді.

Мұндағы ет өнімдері тек жергілікті мал өсірушілерден, жеке тұрғындардан және шаруа қожалықтарынан сатып алынады. Дүкеннен еттің барлық түрін сатып ала аласыз.

IMG_0184

Атап айтсақ, жұмсақ, сүйексіз һәм сүйекті ет, жіліктер, майлы сүбе, майлы қабырға, тартылған ет балғын күйінде болады. Тұрғындар ақшасымен бірге уақытын да үнемдейді. Орталықтан орын алған дүкен үйге қонақ келіп, ет асуға тура келіп асыққан жандарға өте ыңғайлы жерде орналасқан. Таңдай қағатын жайт — кәсіпкер дүкенді салып, қажетті құралдарды алуға ешқандай несие алмай, өз маңдай терімен жинаған шамамен 20 млн теңгесін жұмсаған. Алдағы уақытта мал бордақылау бекетін ашып, шұжық дайындап, кәсібін дөңгелету үшін еңбектенетінін айтты.  Нұр жауған сәтте біз де ортадан табылып, толайым табыстар тіледік.

IMG_0213

- Бұл тек бастамасы ғана. Әлі жоспарда біраз дүниелер бар. Ауданымызда мал шаруашылығы жақсы қарқынмен өсіп келеді. Шүкір дейміз. Енді оның жемісін қарапайым тұрғындар да көруі керек. Сол үшін халыққа арзан бағада ет өнімдерін ұсынамын, - дейді Алтынбек Әлібекұлы, кәсіпкер.

 

Ақтілек Әлібекұлы,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале