2.08.2023, 16:15
Оқылды: 54

Нағашым жасаған трактор

Көлігі бар адам техниканың тілін түсінбесе әлде машинаны ойыншықша шашып-жинайтын танысы болмаса қиын-ақ. Анау-мынау жерлерін өзің ауыстырып, жөндеп аларсың-ау. Мыңдаған бөлшектен тұратын көліктің кейде "ауруын" табу, тапқан күнде де жөндеу оңай дүние емес. Ондай кезде амалсыз көлікті шемішкідей шағатын шеберге жүгінесің. Бұл шаруада да менің жолым болғыш екен...

Қайсыбір жылдары шағынауданға жаңадан көшіп келгенде біздікілер аз-ақ үйдің арасынан бір танысын тауып алыпты. Жүрген жерінде тума-туыс, дос-жаран іздеп жүретін көпшіл халықпыз ғой. "Әнеубір үйде Батырғали деген нағашың тұрады. Содан барып тағы бір күрек сұрап кел", - деп артқы жақтағы көрші үйге жұмсады әкем. Сырттай жаңадан салынған үй екені көрініп тұр. Біз секілді жақында көшіп келген болуы керек. Аула ішінде екі-үш көлік. "Машина жөндейтін болғаны ғой", - деп болжадым. Кейін ол үймен ет-жақын араласып кеттік.

Уақыт өте келе біздің көше де жаңадан қоныстанушыларға толды. Бірінің соңынан бірі үй салып, құрылыс қызу қайнап жатыр. Соның ішінде Батыр нағашымның үйіне тыным жоқ. Күніне көліктің оны келіп, оны кетіп жатады. Жұмыстан қолы қалт еткенде көлік жөндейді. Ақсайдың біразы сол кісіге көлігінің жанына дауа іздеп келеді. Кейін біздің үй де көлік сатып алды. Темір болған соң бұзылмай қоймайтыны анық. Ондай кезде "нағашылап" жүгіріп барамыз.

a4e04312-db5a-4138-baec-2fddc5a2fbec

Адамды адам түсінбей жататын заманда темірдің тілін түсіну де бір өнер. Ал нағашым болса көліктің "әулиесі" секілді. Оталдырып, қарап, тексергені былай тұрсын, кейде көшеден кетіп бара жатқан көлікке қарап: "Мынаның ана жері дұрыс емес, мына жері кетіп жүр, анаусысын ауыстыру керек", - деп болжайды. Сол болжамының дұрыс болатынын қайтесіз. Өзгелер: "Ойбай, мынаны істеу біраз уақытты алады", - деп аспандағы айды сұрағанда нағашым "Аулаға әкеліп қойып кет, жұмыстан кейін қарап көрейін", - дейді. Айналдырған 2-3 сағатта көлігіңді зауыттан шыққандай күйге келтіреді. Бала кезде бізге жанашырлық танытып: "Үш ай демалыста кілт алып беріп болса да қасымда жүрсеңдерші. Әйтеуір анау-мынау жерлерін өздерің-ақ жөндеп үйренесіңдер ғой", - дейтін. Бірақ ол кезде бала болған біздің көңіліміз ойынды көп қош көретін.

– Әкем тракторист болған. Ол кісі де машина жөндейтін шебер еді. Біз де сол бала кезден қасында жүріп өстік. Үйрендік. Ол уақытта көбіне "Жигули", "Волга" деген машиналар ғой. Иномаркі деген аз. Ауылдағылардың анау-мынау көлігін жөндеп беретін. Әкемнің арқасында бүгінде мен де көліктің тілін түсінетін болдым. Басында сол жигулилерді жөндейтінмін. Қазір қай-қай көлікті де жөндей беремін. Кешкілік жұмыстан келгенде, оңай болса түскі үзілістің 1-2 сағатында келген адамның көлігін жөндеп беруге тырысамын. Қысқасы қолыма кілт ұстамасам жүре алмаймын", – дейді Батырғали Айтқалиұлы әзілдеп.

Машинаның майынан қап-қара болған қолдарын көрсетіп "Адал еңбектің нәтижесі. Мына қара қолдың арқасында ақ нан жеп, қарнымыз тоқ отырмыз", – дейді сосын. Жалпы көлік жөндеу үшін ақылдың да, қара күштің де қажеті көп. Бірде білектің, бірде білімнің күшімен нанын тауып жүрген азамат бүтіндей бір отбасының отағасы да. Екі ұл, екі қызды тәрбиелеп отырған Батыр ағамның күні кеше тағы бір атқамінері дүние есігін ашты. Қыздары үй шаруасына тастай болса, ұлдары әліппеден бұрын кілттерді жаттап алғаны жасырын емес. Әсіресе ортаншы баласы Бекзат жасы 6-дан енді асса да кілт ұстауға жарап тұр. Айтпақшы, жұбайы Фарида жеңгем де көліктен алыс емес. Аз-маз ауруын біліп, қай-қай көліктің тізгінін ұстаудан тартынбайды.

ШАҒЫН ТРАКТОР (5)

...Оқуым бітіп, елге оралдым. Үйдегілермен ананы-мынаны әңгімелеп отырмыз. "Сен Батыр нағашыңды газетке жаз", - дейді анам. "Газет дегенге ананы-мынаны жаза бермейді ғой. Ол үшін бір жетістікке жету керек. Қызық оқиға ма, әйтеуір елең еткізер дүниесі болу керек. Нағашым машина жөндейді деп жазамын ба? Ондайлар көп емес пе?" - деймін газеттің абыройын көтерген болып, бір жағынан нағашымды әзілдеп мысқылдаған болып. "Әй, машина жөндеу өз алдына. Нағашың, қарағым, екінші трактор жасап шығарды", - дейді шешем. Қандай трактор? Қалай жасады? Неден жасады? Сұрақтар ойыма сап ете қалды. Қызықтырғаны анық.

– Алло, нағашы, мен ғой жиенің Аслан. Сені трактор жасады деп жатыр ғой. Газетке жазсақ қайтеді?, – дедім.

Жан-дүниесі қарапайым кісі қаша жөнелді. "Қой-қойдан" басталған әңгіме "Әлі толық дайын емес", - деген сылтауларға ұласты. Тақырып өзімді де қызықтырған соң қоймадым. Оның алдында балаларының велосипедіне қозғалтқыш салып беріп "мотоцикл" жасағанын көргем. Бірде "ИЖ 2715" көлігінен пикап жасап, Ақсайда біраз "хит" болған. Кейін ол көлікті Атыраудан келіп арнайы сатып алғаны есімде. Енді велосипед пен көлікті қойып ауыр техникаға көшкені қызықтырды.

Расымен трактор жасапты нағашым. Шынжыр табанды (гусеничный -  орыс.) трактордың шағын түрі. Шағын болғанмен күші де аз емес. Әлі толық дайын болмаса да алдағы уақытта шөміш (ковш - орыс.) орнатуды жоспарлап отыр екен. Сырттай баланың ойыншығы сияқты көрінгенмен, кәдімгі үй шаруасына жарап-ақ тұрған шағын трактор. Қыста қарыңды күреп, жазда аулаға топырағыңды төсеуге ыңғайлы-ақ. Шетелдік кинодан көріп жүрген шағын тракторлар секілді. Бірақ шетелдікінен он есе артық. Қазақстанда, Ақсайда жасалған. Зауытта емес кәдімгі үйде, арнайы құралмен емес қолмен жасалған. Қозғалтқышы да, жүріс қорабы да күнделікті қолданыста жүрген қолға үйреншікті көліктердікі. Бұзылса қосалқы бөлшектері де оңай табылады. Бұған дейін жасаған бір тракторын шыңғырлаулық фермерлер арнайы келіп сатып алған. Енді екіншісін жасап жатыр.

P.S. Темір мен темірді байланыстырып, қолдан техника жасау шын шебердің қолынан ғана келеді. Көліктің жілігін шағып, майын ішкен азаматтың бұл тракторы көп қызығарлық дүние екені анық. Бөлшекті бөлшекке жалғап шағын трактор жасаған Батырғали Бекмағамбетов Ақсайдағы көлік шеберлерінің бірі. Нағашымды «Батырғали Бекмағамбетов» деп ресми түрде атауым да бекер емес. Кім білген, бірер жылда Ақсайдан сол кісінің тракторлары "Ақсайда жасалған" деген мөрмен шығып жатар...

Аслан Нұразғалиев,

Бөрлі ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале