3.08.2023, 23:23
Оқылды: 71

Боз кілемнің батыры

Көптеген ұлттық күрестің әдіс-айласынан жинақталған, күрделі спорттың  бірі – самбо күресі. Самбо спорттық, әскери және өзін қорғау ретінде 3 түрге бөлінеді. Елімізде бұл спорт түрімен айналысатындар да көп. Бұл спортпен әлемді бағындырып жүрген ерлер де, бұрымдылар да баршылық.

Әділбек 3

Ауданымызда да самбо дамыған спорттың бірі болып саналады. Біздің ауданның спортшылары қандай жарыс болмасын, құр алақан қайтпаған. Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі аталмыш саланың дамуына өз септігін тигізіп, спортшыларды әр кез қолдап отырады. Бүгінгі мақаламыз ауданымыздың абыройын асқақтатып жүрген, самбошы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Әділбек Сеисов жайында.

Спортты серік еткен Әділбек

Әділбек - халықаралық жарыстарда еліміздің намысын қорғап жүрген спортшыларымыздың бірі. Ол жастайынан спортты өзіне серік еткен жан. Кішкентайынан алғыр Әділбек 2-сынып оқып жүргенде алғаш рет күрес үйірмесінің табалдырығын аттаған. Басында қазақ күресі мен дзюдодан жарыстарға қатысқан. Күреске үйреткен алғашқы жаттықтырушысы Қайрат Шарипов. Өз салмақ дәрежесі бойынша аудандық, облыстық жарыстарда мықтылығын көрсетіп, бірнеше рет чемпион атанды. Республикалық, халықаралық жарыстардан да құр алақан қайтқан емес.

Әділбек Орал қаласындағы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің әскери дайындық және дене шынықтыру мамандығын бітірген. Самбомен 2021 жылдан бастап тұрақты түрде айналысып келеді. Қазіргі таңда жарыстарға тек самбо және жауынгерлік самбодан шығады. Ол қазір Орал қаласында Нүфтолла Түменов пен Темірлан Ихсанғалиевтың қол астында жаттығып жүр.

Әділбек 5

Қобалжу да, уайым да болды

Әр спортшыда жарысқа шығар алдын қорқыныш болады . Әділбекте өзінің жарысқа шығар кезде қобалжитынын жасырмады.

-Басында күрестен жарыстарға шығып жүрдім. Алайда, алғаш рет қашан жарысқа шыққаным қазір есімде жоқ. Дегенмен, ол кезде қатты уайым да, қобалжу да болды. Алғаш рет боз кілемге шығып тұрған спортшының ол кездегі сезімі ерекше болады. Менің ең алғашқы халықаралық жарысым - кіші жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионаты болды. Ол кезде де қатты қобалжыдым. Қазірдің өзінде жарыстарға шығардың алдында уайымдаймын. Бірақ та өзімді қолға алып, еліміз үшін аянбаймын, - дейді Әділбек.

Мақсат – әлем чемпионы болу

Әділбек осы уақытқа дейін көптеген жарыстарға қатысты. Мысалы, ол 2021 жылғы Әлем чемпионатының қола жүлдегері (Өзбекстан), Азия чемпионатының  күміс жүлдегері. Жақында Астана қаласында өткен Азия және Океания чемпионатында жауынгерлік самбодан 64 келі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанды. Дегенмен, ең үлкен жетістіктерінің бірі - халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алу дейді. Әділбектің ендігі мақсаты - самбодан әлем чемпионы болу.

«Дайындықта көп тер төксең, жарыста жеңіске бір табан жақындай түсесің» дегендей, Әділбек үнемі дайындық пен ізденіс үстінде. Ал ол қашанда өз нәтижесін беріп келеді.

Әділбек 6

-Өз формаңда болу үшін, ең алдымен денсаулық керек. Уақытылы ұйықтау, тамақтану, үздіксіз жаттығу жасау және дәрумендер ішу – спортшының басты қағидасы.Спорт болғасын, әттеген-ай деген кездер болып тұрады. Жеңіске қол жетіп тұрып, бұйырмай қалған уақыттар да болды. Ол кезде бірден сынбай, елге оралып, жіберген қателіктермен жұмыс жасаймыз. Сол кезде келесі жарысқа бұл қателікті жібермейтіндей болып, дайындалып барамыз. Ауқымды жарыстарға дайындықты жарты жыл бұрын бастаймыз. Біз негізінде тек жексенбі күні демаламыз, ал қалған уақыттың бәрінде жаттығу жасаймыз, - дейді самбошы.

Спортшының бос уақыты спортпен айналысумен өтеді екен. Әділбек бос уақытында қимылсыз қалмауға тырысады. Мысалы, достарымен кездесіп, футбол ойнау  - оның ең жақсы көретін уақыты.

Жаттықтырушы боламын

Әділбек қазіргі таңда әлемдік жарыстарда көк туымызды көкке желбіретіп жүр. Әр спортшының жарыстарға шығатын және спортпен қоштасатын белгілі бір уақыты болады. Көптеген спортшы жарыстық жолын аяқтағаннан кейін шәкірт тәрбиелеп жатады. Әділбек те спорттық мансабын аяқтағаннан кейін жаттықтырушы боламын дейді.

WhatsApp Image 2023-08-04 at 00.20.14

-Әр спортшы өзінің артынан із қалдырғысы келеді. Сол себепті спорттық мансап аяқталғаннан кейін шәкірт тәрбиелеп, олардың жарыстардан жеңген сәттерін көру - әр жаттықтырушының арманы. Спортқа енді қадам басып жатқан спортшыларға айтарым, жұмыс істеп, еңбектену керек. Спортшы үшін маңызды дүние – жаттығу. Жеңіс те, жетістік те бірден келмейді. Айтарлықтай нәтижеге бірнеше жылдан кейін де жетуің мүмкін. Әрбір спортшы өзінің алдына мақсат қоюы тиіс. Сол мақсат жолында аянбай, үздіксіз еңбек етсе, жетістікке жетеді, - дейді халықаралық дәрежедегі спорт шебері Әділбек.

Әлемдік жарыстарда еліміздің атын шығарып жүрген жерлесіміз Әділбекті әлі талай жеңістің тұғырынан көргіміз келеді.

 

Айдана Абдрахманова,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале