4.08.2023, 15:45
Оқылды: 62

Алматыда 16 мың нысанды қамтитын сейсмикалық аудит жүргізіледі

Алматыда 2000 жылдан кейін салынған қала нысандарына жаңа сейсмикалық аудит жүргізу қолға алынды. Жаңа сейсмоаудит мегаполис объектілерінің паспорттарын оның соңғы 5 жылдағы дамуын ескере отырып, жаңартуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

тау

Мемлекет басшысы биыл ақпан айында Алматыда сейсмоаудит жүргізу жоспарын мақұлдаған болатын. Бұл шаһардағы нысандардың құжаттарын жаңартуға мүмкіндік береді.

Сарапшылардың айтуынша, энергетикалық класы жоғары жер сілкінісі болса, тектоникалық сызаттар шөгіп, қала жердің астына кетіп қалуы мүмкін.

Алматыда жылына 300-ге жуық жерасты дүмпулері болады. Жыл басынан бері 44 жер сілкінісі тіркелді. Оның үшеуі қала тұрғындарына сезілді. Мегаполисте 1116 ғимарат тектоникалық жарықта орналасқан. Оның 754-і сейсмикалық төзімді, 362- сі сейсмикалық төзімді емес.

Ерболат Досаевтың айтуынша, Алматыда 2000 жылдан кейін салынған қала нысандарына жаңа сейсмикалық аудит жүргізіледі.

Аталған жұмыс биыл басталып, келесі жылы аяқталады. Оның аясында 16 мың 700-ден астам нысан зерттеледі, оның ішінде 1 641-і – көппәтерлі тұрғын үй, 15 060-ы – азаматтық және қоғамдық ғимараттар.

Биыл мегаполисте әлеуметтік нысандарды сейсмикалық күшейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. 20 млрд теңгеге 16 нысан нығайтылады.

Қазір 34 нысанды сейсмикалық нығайтуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.

Қала басшысының пікірінше, жаңа сейсмоаудит Алматы қаласы объектілерінің паспорттарын оның соңғы 5 жылдағы дамуын ескере отырып, жаңартуға мүмкіндік береді.

2017-2018 жылдар кезеңінде «ҚазҚСҒЗИ» АҚ сейсмикалық төзімділік тұрғысынан қаланың 10 158 объектісіне паспорттау жүргізілді. Нәтижесінде 3 087 нысан сейсмикалық тұрғыда төзімді емес деп танылған еді.

Сондай-ақ Алматыда әр үйдің кіреберісіне жер сілкінісі кезінде эвакуацияланатын орынның картасы ілінеді. Бұл туралы Ерболат Досаев Бостандық ауданының тұрғындарымен кездесу барысында айтқан болатын.

«Төтенше жағдайға қатысты. Бізде әр подъездің қасында баруға болатын жердің нақты схемасы орнатылады. Қалада 25 мың кіреберіс бар. Төтенше жағдайлар департаменті ұсыныстарын көрсетті, ақша бөлеміз. Күзге қарай әр адам қайда бару керектігін білетін болады. Жер сілікінісі кезінде жиналатын орындарды аралап көрдім. Оның кейбіреулері сапасыз жағдайда, оларды ретке келтіру қажет. Тапсырма бердім. Күзде қалада үлкен оқу-жаттығу өтеді, сол уақытқа дейін қала дайын болады деп сенемін. Аталған орындарды көрсетеміз, адамдарды дайындаймыз», - деді әкім.

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале