8.08.2023, 12:15
Оқылды: 63

Биыл Қазақстанда 1000 мектеп жаңғыртылмақ

Бұл туралы бүгін мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық штаб отырысында Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан айтты. 

ukimet

Штабта шағын қалалардағы, аудан орталықтары мен ауылдардағы мектептерді заман талабына сай жаңғырту, білім беру ұйымдарын қауіпсіздік жабдықтарымен қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспанның баяндауынша, биыл 1000 мектеп жаңғыртылмақ.
Бүгінгі таңда 567 мектепте жұмыс аяқталған.
Бұл ретте биыл 1000 заманауи пән кабинеттерін (робототехника, химия, биология немесе физика) ашу жоспарланған. Қазір 16 өңірдегі 290 мектепте осындай 543 кабинет жабдықталған. Осы бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр.

Тамыз айының басындағы жағдай бойынша 74% білім беру ұйымдарының (мектептер, колледждер, мектепке дейінгі мекемелер) бейнебақылау камералары ішкі істер органдарының жедел басқару орталықтарына қосылған.

Білім беру ұйымдарының 79%-ы лицензиялық күзетпен, 78%-ы дабыл түймешесімен, 64%-ы турникетпен қамтамасыз етілген.

Бұл бағыттардағы жұмысты жүргізуге қажетті қаражат бөлінді. Облыс әкімдіктері жақын арада жұмысты аяқтауы керек.
Премьер-Министр өңірлерде көптеген баланың сапалы білімге қол жеткізе алмай отырғанын атап өтті. Әсіресе, Атырау, Маңғыстау, Алматы және Түркістан облыстарындағы күрделі жағдай қалыптасып отыр.

«Ауыл мектептерінде талапқа сай жабдықталған кабинеттердің жетіспеуіне байланысты физика, химия, биология пәндері бойынша көптеген зертханалық және тәжірибелік жұмыстар тиісті деңгейде жүргізілмейді. Мұндай мектептер педагогтерді де, оқушыларды да тартпайды», — деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, жағдайды жақсарту және ауыл мен қала арасындағы білім сапасындағы айырмашылықты азайту үшін жыл сайын 1000 мектептен жаңғыртып отыру қажет. Алайда Оқу-ағарту министрлігі жергілікті жерлерде осы міндеттерді шешу бойынша үйлестіру жұмыстарын тиісті деңгейде қамтамасыз етпей отыр.

«Мектептерді жаңғыртудың нақты стандартталған талаптары бекітілмеген. Әр мектеп жаңғыртуды өз бетінше түсінеді, өздеріне қалай ыңғайлы, солай бұрып алады. Мектепті кешенді жаңартудың орнына бір немесе екі жұмыс түрі бойынша (ағымдағы жұмыс, асхананы, кітапхананы жаңарту) есеп береді. Мектеп қабырғасын әктесе болды – жаңғырту жүргізілді, есеп беруге болады деп ойлайды. Нәтижесінде жергілікті жерлерде не оқушылар, не ата-аналар, не қоғам өз мектептеріндегі көзге түсетін өзгерісті байқамайды», — деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысы мұндай есеп беру үшін жасалған формальды тәсіл білім берудің сапасын жақсартуға, мектептерде жайлы жағдай жасауға мүмкіндік бермейтінін атап өтті. Ол білім беру объектілерін қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз ету жұмыстарында да осындай жауапсыздықтың орын алып отырғанын айтты.

«Қауіпсіздік талаптары бойынша бейнекамералардағы ақпаратты сақтау мерзімі кемінде 30 күн болуы керек, бірақ бұл барлық мекемеде орындала бермейді. Оқу-ағарту министрлігі мен Ішкі істер министрлігі тарапынан білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздікті сақтау талаптарына тұрақты мониторинг жүргізілмейді. Нәтижесінде камераларды, турникеттерді, дабыл түймешелерін есепке алу және оларды жедел басқару орталықтарына қосу тәртібі жоқ», — деді Әлихан Смайылов.

Қорытындылай келе, Премьер-Министр білім беру мекемелерін кешенді жаңғырту бойынша стандартталған талаптарды және бақылау механизмдерін әзірлеуді және бекітуді, 15 тамызға дейін мемлекеттік және жекеменшік мектептердегі бейнебақылау камераларына толықтай инвентаризация жүргізуді тапсырды.

Үкіметтің баспасөз қызметінен

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале