10.08.2023, 17:15
Оқылды: 87

БҚО: Теректіде бірнеше жоба жүзеге асып жатыр

Бүгін Теректі ауданына ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Арман Өтеғұлов пен Ләззат Рысбекова жұмыс сапарымен келіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына қанықты.

Ең әуелі Подстепный ауылдық округіне қарасты Юбилейный ауылындағы «Ringo Milk» ЖШС сүт-тауарлық фермасына табан тіреді. Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова жүзеге асқан және жоспарланған жобалар хақында кеңінен таныстырып өтті. Тінін тарқатсақ, «Ringo Milk» ЖШС 640 бас голштин ірі қара малын алып, жылына 6000 тонна сүт өндіру жобасын қолға алған болатын.

terekti (12)

Жобаның құны 3 млрд. 900 млн. теңге. Ал жер көлемі 2575, егістік жері — 2112 гектарды құрап отыр.

Жоба жетекшісі Айдос Жақсымбетовтың айтуынша, 2022 жылы Германиядан 331 бас голштин тұқымды малды іріктеу және сатып алу сынды шаруалар жүргізілген.

— Биыл ферма пайдалануға берілді. Нәтижесінде 39 адам жұмыспен қамтылды. Бүгінгі таңда 331 бас мал әкелдік. Оның 310 малын сауып, күн сайын «Каверин» жеке кәсіпкерлікке өңдеу мақсатында 5,5 тонна сүт тапсырылады. Осы жылдың қазан айында Германиядан екінші партиясын сатып алуды жоспарлап отырмыз, - дейді Айдос Ибрагимұлы.

Бұл шаруашылықтағы егістік жайына тоқталсақ, 192 гектарға қара бидай, 360 гектарға арпа, 45 гектарға сұлы, 335 гектарға мақсары, 235 гектарға судан шөбі, 392 гектарға жүгері егілгенін айта кеткен жөн.

terekti (14)

Халық қалаулылары одан әрі аталмыш ауылдағы «КТК 888» ЖШС сүт-тауарлық фермасының тыныс-тіршілігінен хабардар болды. Мұнда жеке кәсіпкер Киікбай Айдаралиев құны 3 млрд. 600 млн. теңгені құрайтын жобаны бастамақ. Айталық, 400 бас голштин ірі қара мал алып, жылына 3000 тонна сүт өндіру — басты мақсат. Жоба жетекшісінің айтуынша, 2022 жылы 544 гектар жерге «Жайық Плем ЗКО» ЖШС-дан екі жер учаскесін сатып алған. Сөйтіп биыл нысанның іргетасын құю жұмысы басталды.

terekti (15)

Депутаттар мұнан кейін Ақжайық ауылдық округіндегі «West Agro Food» ЖШС-ға ат басын бұрды. Картоп өсіру және жартылай фабрикаттар өндіру жобасын бастауды жөн көрген Азамат Бисенов:

— Жобаның құны 1,3 млрд теңге, жер көлемі 486 гектар, жылына 5000 тонна өнім алсақ деп отырмыз. Қытайдан 2 бірлік жаңбырлату қондырғыларын, 1 бірлік сорғы станциясын сатып алдық. Биыл 70 гектар жерге картоп егілді. Сонымен қатар келешекте, яғни 2024 жылы егіс алқабын 235 гектарға дейін ұлғайту жоспарда бар, - деді Азамат Ғимранұлы.

Айшабибі Мәмет,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале