Бүгін облыстық цифрлық технологиялар басқармасы Оралдағы Жұлдыз шағынауданындағы жеке тұрғын үйлерді талшықты-оптикалық интернетпен қамту жұмыстарымен таныстырды.

Аталмыш басқарманың басшысы Нұрсұлтан Нұрлан айтып өткендей, облыста үш ірі байланыс операторы – «Қазақтелеком», «Транстелеком» және Jusan Mobile компаниялары қызмет көрсетеді. Сонымен қатар осы компаниялармен жұмыс істейтін «NewNet KZ» ЖШС және «OralTrans» басқарушы компаниясы» ЖШС, SAS Telecom секілді дилерлік шағын операторлар шаһардағы жеке тұрғын үйлерге интернет желісін қосуда.
Мысалы, «NewNet KZ» ЖШС-сы абоненттерді интернет желісіне GPON технологиясы бойынша қосуда. Аталмыш компания Жұлдыз шағынауданында 500 үйге желілер салу жобасын жасаған. Қазір 87 абонент интернетке қосылған. Тарифтік жоспарларға сәйкес интернеттің өткізу қабілеті (байланыс арнасы) «Транстелеком» АҚ-ның жоғары тұрған операторынан 30 мБит/с-тан 500 мБит/с-қа дейін беріледі. Алдағы уақытта Ескі әуежай, Деркөл кентінің ПДП-2 шағынаудандарын оптикалық интернетке қоспақ. «Біз жеке кәсіпкерлерді мобильді байланыс нарығына шақырамыз. Себебі Орал қаласындағы жеке секторларды оптикалық желімен қамту жұмысын қолға алуға болады», – деді басқарма басшысы. Облыстық цифрлық технологиялар басқармасы Орал қаласының тұрғын үй массивтерін оптикалық интернетпен қамтамасыз ету үшін шағын және ірі операторлардың қызметін үйлестіреді.

«Қазақтелеком» АҚ БҚО филиалының техникалық директоры Андрей Чеботаревтың айтуынша, ірі телеком-операторы ескірген мыс желілерді заманауи оптикалық-талшықты байланыс желілеріне ауыстыруда. Былтыр Бөрлі ауданының Ақсай қаласында Шанхай шағынауданында 400 үйге жаңа байланыс желісі тартылған. 2024 жылға дейін Ақсай қаласындағы 5500 үй оптикалық-талшықты байланыс желілісіне қосылмақ. Жыл басынан бері Орал қаласындағы Зашаған кентінде Гринько, К. Әзірбаев, 152-атқыштар дивизиясы, Доспанова көшелері мен Автомобилист шағынауданында ескірген мыс желілер оптикалық желіге ауыстырылуда. Екінші жартыжылдықта Деркөл кентіндегі ПДП 1 және ПДП 2 шағын аудандарына және Западная, Строительная, Селочная көшелерінде оптикалық желі салу жоспарланған. Онда 2000-нан астам үй қамтылады.

Толығырақ «Орал өңірі» газетінен оқи аласыздар
Айна Имашева,
zhaikpress.kz