10 тамыз күні Казталов ауданында «Құрылысшылар күні» аталып өтті. Аудан орталығындағы «Достық» саябағында өткен мерекелік концертке аудан әкімі Асланбек Сарқұлов қатысып, құрылысшыларды кәсіби мерекемен құттықтады.
- Бүгінде ауданымызда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұның бәрі аянбай тер төккен құрыш білекті құрылысшылардың еңбегінің нәтижесі деп білеміз. Ауданның инфрақұрылымын дамыту бағытында күні бүгінге 8,8 млрд теңгені құрайтын 17 жоба іске асырылуда.
Ауылдың шырайын келтіріп, білім нысандарында, пайдалануға берілген барлық нысандардың барлығында құрылысшылардың өзіндік қолтаңбасы жатыр. Алтын қолды құрылысшылардың қажырлы еңбегінің арқасында ауылымыз одан әрі ажарланып, көркейетініне сенім мол. Сондықтан, құрылысшы еңбегі қашан да құрметке лайық! Барлық құрылысшы мамандығының иелерін төл мерекелерімен құттықтай отырып, ел экономикасының дамып, көркеюіне қосқан үлестерінің жемісін көре берсін деп тілейміз, - деді аудан әкімі.
ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен тамыз айының екінші жексенбісі «Қазақстан құрылысшылары күні» кәсіби мерекесі болып бекітілген болатын. Айтулы мерекеге орай оздырылған «Құрыш қолды құрылысшы» атты кеште ауданымыздың құрылыс саласының дамуына үлес қосып, бірқатар әлеуметтік нысандарда қолтаңбасы қалған Қайырбек Бекболатұлы, Темірхан Жұмағалиұлы, Роман Асқарұлы, Сәкен Дүйсенғалиұлы, Дүйсен Ізбасарұлы, Ізмағамбет Тілекқабылұлы, Арманбек Дауылбайұлы, Ғаділбек Биболұлы, Тельман Болатұлы, Нұрлан Мұратжанұлы, Қуаныш Кенжебайұлы, Ерболат Елдузерұлы, Аслан Ермағамбетұлы, Төлеген Жамбылұлы сынды азаматтар аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Мерекелік кеште С.Садықов атындағы аудандық мәдени-демалыс орталығының өнерпаздары жырдан шашу шашып, мерекелік көңіл күй сыйлады.
Асылбек Нәсіпқалиұлы6
Казталов ауданы
zhaikpress.kz