15.08.2023, 9:45
Оқылды: 94

Оқу жылына және жылыту маусымына дайындық нешік?

Облыс әкімдігінің «Астана» залында облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен аппараттық кеңестің отырысы өтті. Күн тәртібіне жаңа оқу жылына және алдағы жылыту маусымына дайындық мәселелері шығарылды.

d9840b88-cc84-4540-b81d-adaf0658f90d

Кеңесте жаңа оқу жылына дайындық барысы туралы облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева баяндады. Болжамды мәлімет бойынша алдағы оқу жылында өңірдегі 377 (оның ішінде 369 мемлекеттік күндізгі және 3 кешкі, 5 жеке) мектепте 121 мыңнан астам оқушы білім алады. Оқушылар контингентінің азайып, талап үдесінен шықпауына байланысты 1 бастауыш мектепті жабу (Ақжайық ауданындағы Есім БМ), 2 мектепті орта етіп (Ақжайық ауданындағы Еңбекші НМ, Теректі ауданындағы Пойма БМ) қайта құру жұмысы жүргізіліп жатыр.

– Шекара маңында орналасқан 73 елді мекенде 14 998 оқушыны 85 білім беру ұйымы оқытуда. Соның 58-і  – шағын жинақталған мектеп, 12-сі – бастауыш, 17-сі – негізгі,  56-сы  – орта мектеп. Осы білім ұяларының 51-і қазақ тілінде, 9-ы орыс тілінде, 25-і  аралас тілде оқытады. Шекара маңындағы мектептерді сақтау мақсатында жергілікті әкімдіктермен бірге  тұрғындармен жұмыс ұйымдастырылуда,  – деді  Айгүл  Әділгерейқызы.

Ата-аналардың шоттарына көмек қаржы түсе бастады

Оқушыларды оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 1 млрд 845 млн теңге бөлінген. Соның ішінде 1 млрд 483 млн 208 мың теңге оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді сатып алуға (637 767 дана), 32 млн 30 мың теңге тасымалдау қызметтеріне бағытталған.

2023 жылғы 1 тамыз – 30 қыркүйек аралығында аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларды, жетім балаларды, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған ұл-қыздарды оқу жылының басталуына дайындау, оларға материалдық қолдау көрсету мақсатында «Мектепке жол» республикалық акциясы «Жақсылық жаса» ұранымен өткізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес акция жыл бойы өтетін сипатқа ауыстырылды. Сондай-ақ әлеуметтік себептер бойынша шәкірттердің мектепке келмеуінің алдын алу жұмыстары жүргізілуде. 2020 жылдан бері «Атамекен» қоғамдық қорының қолдауымен www.atamekenim.kz порталында көмекке мұқтаж ата-аналар өз өтінімдерін қалдыра алатын «Мектепке жол» платформасы жұмыс істейді. Биыл жалпыға бірдей білім беру қорынан оқушыларға (кеңсе тауарлары, мектеп формасы, спорттық киім, аяқ киім және т.б. сатып алуға) 372  млн теңге қарастырылды. Бүгінде облыс бойынша 6909 атаана балаларының құжаттарын тапсырып, 3941-інің есепшотына әр балаға 40 мың 567 теңгеден аударылды. Оқу жылында  мектепке дейінгі ұйымдарда әлеуметтік әлжуаз топтағы отбасылардан шыққан мектеп жасына дейінгі балалар тегін ыстық тамақпен қамтылады.  Сонымен қатар 192 елді мекеннен 82 мектепке 5349 оқушыны 72 аутокөлік күнделікті тасымалдайды. Шәкірттерді күнделікті тасымалдауды сапалы ұйымдастыру және аутокөліктерді жаңарту үшін республикалық бюджеттен облысқа 54 автобус қаржылық лизинг арқылы сатып алынған.

Облыстың білім беру ұйымдарында 15 104 педагог қызмет етеді. Алайда 94 мұғалім, оның ішінде қазақ мектептерінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, математика, бастауыш сынып мұғалімі және тәрбиеші, орыс тілі, педагог-психолог, логопед, дефектолог мамандары жетіспейді. Ағымдағы жылы жергілікті қаражат есебінен білім беру гранттары өңірдің жоғары білімі бар кадрларға қажеттілікті ескере отырып тағайындалды. Десе де биыл мұғалімдер тапшылығы оқу бітірген жас мамандарды жұмысқа қабылдау арқылы жойылады деген үміт бар.

912a7b62-a2df-46c8-a07a-5ed133f84c28

Мектептегі қауіпсіздік, құрылыс барысы...

Биыл білім беру мекемелерінде балалардың қауіп-сіздігін қамтамасыз етуге 511 млн 980 мың теңге бөлінді. Қазіргі кезде бейнебақылау жүйесімен қамту, дабыл түймесін орнату 100%-ға орындалды. Енді бейнебақылау жүйесін полицияның бақылау орталығына қосу жұмыстары жүргізілуде. Жиында облыс басшысы Сырым, Қаратөбе ауданының әкімдеріне бақылау құралдарын уақтылы орнату мәселесін қадағалауды тапсырды.

Облыста 23 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде бюджет қаражаты есебінен 3 мектептің (Казталов ауданында 600 орындық А. Оразбаева атындағы, 108 орындық А. Құсайынов атындағы, Қаратөбе ауданында 60 орындық Шалғын мектептері) және 7 ауданда (Ақжайық, Бәйтерек, Бөрлі, Жәнібек, Қаратөбе, Казталов, Теректі) 15 білім ошағының құрылысы «ҚПО б.в.» компаниясының әлеуметтік міндеттемелері аясында салынуда. А. Мыңбаева бұл мектептердің құрылысы жыл соңына дейін аяқталып, пайдалануға берілетінін айтты. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 16 200 орындық 18 мектептің құрылысы 2023-2025 жылдарға жоспарланған. Соның ішінде 9 мектептің құрылысын биыл бастап келесі жылы, қалған 9-ының  құрылысын 2024 жылы бастап 2025 жылы аяқтау жоспарланған. Бүгінде 9 мектептің бесеуінің құрылысы басталды. Қалған 4 мектептің құрылысын жүргізуге мердігерлер анықталуда.

2023 жылы 6 білім беру нысанын күрделі жөндеуге 678 млн теңге  бөлінді. Тамыз айында 6 мектептің үшеуіндегі күрделі жөндеуді  аяқтау, қалған 3 мектептің жөндеуін (Ақжайық ауданындағы Базартөбе, Бәйтерек ауданындағы Раздольный және Чувашка мектептері) жыл соңына дейін бітіру көзделген.  Осы нысандарда құрылысшылар жұмыс кестесінен қалыс келеді.  Сондықтан жөндеу жұмыстары аяқталмаған білім ошақтарында оқу үдерісі басқа әлеуметтік нысандарда (клубта, жатақханаларда, мектеп-интернаттарда, ауылдық әкімдіктерде) ұйымдастырылады. Мектептер 100% жылы дәретханалармен жабдықталған. Өңірдегі 377 мектептің 60-ы орталықтандырылған жылумен, 291-і автономды қазандықпен, 21 мектеп пешпен, 5 мектеп электр қуатымен жылытылады. Ағымдағы жылдың 1 шілдесіне 1839 тонна қатты отын, 26838 текше метр газ, 220 тонна сұйық отын жеткізіліп, толық қамтамасыз етілген. Сондықтан барлық мектепте жылу уақты-лы берілмек. Биыл 14 мектеп (Бәйтерек ауданында – 2, Казталовта – 5, Жаңақала ауданында – 2, Теректіде – 5) көгілдір отын желісіне қосылады.

Қоянның қысы тоңдырмасын...

Кеңесте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мирас Мүлкәй алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарының барысын баян етті. Баяндамаға сүйенсек, облыс аумағындағы 1 900 шақырым инженерлік желіге күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізу жоспарланған. Әзірге 1 мыңдай шақырым инженерлік желі (электрмен жабдықтау бойынша, 16 қосалқы станса, 976 шақырым электр желісі, 78 кешенді трансформаторлық станса) жөнделді. Сонымен қатар жылумен жабдықтау бойынша 5,2 шақырым жылу, 3,1 шақырым сумен жабдықтау және суды жеткізу желілері  жөндеуден өткен. «Жайықжылуқуат» акционерлік қоғамының негізгі жабдықтары 76%-ға, «Орал газотурбиналық электростансасы» ЖШС-ның негізгі жабдықтары 32%-ға жөнделсе, «Батыс Пауэр» ЖШС жөндеу жұмыстарын қазан айына жоспарлады. Облыс әкімі аталмыш кәсіпорындардың басшыларын орындарынан тұрғызып, жөндеу жұмыстарын ертерек тыңғылықты аяқтауды тапсырды.

Облыстық денсаулық сақтау нысандары бойынша жылыту маусымына 373 мекеменің (342-cі) 92%-ы дайын. Жәнібек ауданының Майтүбек медициналық, Тау фельдшерлік-акушерлік пункттары күрделі жөнделуде. Казталов ауданындағы Сексенбаев, Көпкүтір, Аққурай, Қаракөл және Қараоба ауылдарының медпункттарына 19 тонна қатты отын жеткізу жұмыстары қолға алынған. Қараоба дәрігерлік амбулаториясы күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Денсаулық сақтау мекемелерінің автономдық қазандықтарының жалпы саны – 352, оның 29-ы – резервтік қазандық. Алайда әлі 323 резервтік қазандық жетіспейді. Қазандықтардың орташа тозуы 67% шамасында. Кеңесте бұл ақпарат облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшылығының назарына ұсынылды. Дегенмен шұғыл және жоспарлы оталар жүргізілетін орындар  резервтік генераторлармен қамтылған. Ал білім беру саласының 538 мекемесінің 509-ы (95%) қысқы жылыту маусымына дайын. Орал қаласы бойынша 16 білім беру нысанының жылыту жүйесін дайындау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Білім беру нысандарында 439 автономдық қазандық бар және 225 резервтік қазандық қарастырылған. Әлі 214 резервтік қазандық жетіспейді. Нысандардағы қазандықтардың тозуы 35%-ды құрайды. Сондай-ақ қазандықтардың 428-і газбен, 10-ы қатты отынмен жағылады. Аталмыш ақпарат облыстық білім беру басқармасының назарына ұсынылды.

Қаннен-қаперсіз басшыға – сөгіс

М. Мүлкәй мәдениет саласындағы 356 мекеменің 336-сының қысқы маусымға (94%) дайын екенін айтты. Ақжайық ауданының Бударин, Мерген ауылдарының мәдениет нысандарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.  Тасқала ауданының Оян және Мереке мәдениет үйлерінің жылыту жүйесі күрделі жөнделуде. Казталов ауданындағы 10 нысанға 73 тонна қатты отын жеткізу қолға алынған. Мәдениет мекемелерінің автономдық қазандықтарының жалпы саны – 340, 132 резервтік қазандық бар, әлі 208 резервтік қазандық жетіспейді. Қазандықтардың орташа тозуы – 38%, 324 қазандық газбен, 16 қазандық қатты отынмен жұмыс істейді.

«Әлеуметтік нысандарға қатты отын жеткізу бойынша конкурстық рәсімдер кезінде жеткізушілердің болмауына байланысты кешеуілдеген. Содан да отын жеткізу шабандап отыр», – деді М. Мүлкәй.

Н. Төреғалиев мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сайран Дүйсеновтің резервтік қазандықтармен қамту мәселесіне қатысты сұрағына «Энергетика басқармасымен бірге жұмыстанудамыз» деген жүрдім-бардым жауабына қанағаттанбады.

208 резервтік қазандық жетіспейтінін біле тұра қаннен-қаперсіз жүрген басшыға қатаң сөгіс арқалатты. «Жұмыс істемейтін болсаңыздар, оны айтыңыздар. Бұл мәселе Мемлекет басшысының бақылауында тұр», – деп ескертті әкім.

Қала әкімі Миржан Сатқановтың баяндауынша, Орал қаласындағы 849 тұрғын үйдің 718-і (84,6%) қысқы маусымға дайындықтан өткен. Басқару нысандары, яғни пәтер иелері кооперативі, меншік иелері бірлестігі және  жай серіктестік қызмет көрсетпейтін 336 үйдің 56-сының (16,7%)  ғана жылыту жүйелері жуылып, дайындалған. «Проблемалық» үйлердің тұрғындарына түсіндіру жұмысы жүргізілуде.

Шаһар басшысы қала бойынша жылыту маусымына дайындық жұмыстары  қыркүйек айында толықтай аяқталады деп сендірді.

Облыс әкімі кеңесте Орал қаласы және аудандардың әкімдеріне жергілікті жерлерде «Мектепке жол» акциясы аясында осал топтағы балалардың отбасыларына барынша қолдау көрсетуді тапсырды. Шекара маңындағы мектептерді сақтау мақсатында тұрғындарды тұрақтандыру бойынша шараларды қабылдау қажет екенін айтты. «Облыстық білім басқармасы жаңа оқу жылына барлық білім беру нысанының толық дайын болуын қамтамасыз етіп, күрделі жөндеу жұмыстарының аяқталуын қатаң бақылауға алсын, оқу жылы басына аяқталмау қаупі бар мектептерде оқу үрдісін ыңғайластырылған нысандарда ұйымдастырсын. Облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, денсаулық, білім, мәдениет басқармаларына Орал қаласы және аудан әкімдерімен бірлесе отырып, әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, тұрғын үй қоры нысанының жылыту маусымына әзірлігін қамтамасыз етіп, барлық тиісті шараларды қабылдауды тапсырамын», – деп қорытты жиынды Нариман Төреғалиев.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале