Қайран сауаттылық-ай! Осы кеткенің – кеткен болар ма екен шынымен...Солай сияқты. Солай болмай қайтеді енді, мұғалімдердің өздері мынадай жазуларын ешкімнен ұялмай-ақ жарыққа (әлеуметтік желіге) шығара беретін болса (орфография, пунктуациясы осылай!):
«Бүгін 19 шілле соңғы тест тапсыратын күн. Осы соңғы күнге тіркеліп тест тапсыруға кіріп өкінішке орай 1 ұпай жетпей Оқу әдістемесінен көңіліміз түсіп тест басшысынан енді қалай болады десем дұрыс жауап бермеді опелацияға берейін десем, дайындығыңыз жоқ не үшін бересіз дегені. Сонда еріккеннен жүрміз ба. Сонымен аудиториядағы кезекшіден көмек сұрадым ол да білмеймін дегені, сондағым өтінішті қалай толтыру керектігін сұрағаным. Әйтеуір толтырдым. Сыртқа шығып басшыға опелацияға бердім деген едім неге бердіңіз бәрі бір қаралмайды дегені. Сонда опелация қарамаса шықпай тұрып неге айтпаған. Түсіндіру айту деген жоқ екен. Біздей қарапайым халықпен дұрыс сөйлессе дейміз. Құрметті оқырмандар сіздер опелацияға беріңіздер ме? Сіздерде қалай?».
«Аппеляция» деңіз. Бір ұпай өкінішті екен...».
Екі мұғалім ортаға алса да, ең болмағанда атауы дұрыс жазылмаған «апелляцияны» аяп кетеді екенсің мұндайда. Осындай «опелациялар» оқытып жатқан балалар туралы ойлаудың өзі қорқынышты. Меніңше, білім саласын шаласауаттылықтан құтқаруға аттестацияның әлі жетпейді. Не істеу керек? Бұл масқараны қайтіп түзеуге болады. Әлде сауатты жазу деген шартты нәрсе ме? Керек емес пе шынымен? Оқып отырған адам жазғаныңды шамалап түсінсе болды ма? Бұл не болды?
Жекелеген мұғалімді қойып, білімге басшылық жасайтын ұйымдардың қойыртпақтары да басты айналдырады. Шыдай алмаған мұғалімдер шырылдап жатыр, жалпы көпшілік үнсіз.
«Бара-бара қате мен дұрысты ажыратудан да қаламыз ғой сөйтіп» деген қорқыныш жүректі суылдатады.
Міне, бір ғана мысалға көз жүгіртіңіз.
«Мектепке дейінгі ұйым педагогінің ойын құзыреттілігін дамыту» деген тақырыпты түсінбедім. Ойлау қабілетім тежеліп қалды ма? Әлде біртүрлі қабылдап отырмын ба? Сіз қалай қабылдап, қалай түсіндіңіз?» дейді жоғарыдағылар жіберген тақырыпты түсіне алмай, басы қатқан бір мұғалім.
«Педагогтің емес, «Баланың ойын кезіндегі құзыреттіліктерін дамытудағы педагогтің шеберлігін арттыру» десе болар еді...» деп жауап қатады оған келесісі. Содан кейін «Негізі, «Игровая компетентность воспитателя» дегенді аударған-ау... Онда «Ойнау құзыретін қалыптастыру» емес пе? «Баланы ойнауға үйрету» десе, өті ағып кете ме?» деп ренжиді тағы бір әріптес.
«Дұрысы: «Мектепке дейінгі ұйым педагогінің баланы ойнату құзыреттілігін дамыту» немесе «Педагогтің баланы дамыту амалы» әлде «Баланың ойнау қабілетін дамыту амалдары…» деген нұсқаларды ұсынады келесілері.
«Курстың тақырыбы дұрыс болмаса, мазмұны қалай дұрыс болады?» деп сұрақты қабырғадан қояды батылдау біреуі. «Сөйлем дұрыс емес, арасында үтір болса, «Ойы мен құзіреттілігін дамыту» болар еді. Бұл жерде ойын туралы айтылған ба? Әлде ойнау құзіреттілігі ме?» дейді енді бірі.
«Тақырыпты қоя береді ғой...
«Развите игровой компетентности учителя до школьного образования» деп ақыл қосады «сауаты тасып бара жатқан» бір мұғалім «дошкольное образование» деген сөздің жазылуына қолма-қол «жаңалық» енгізіп...«Ойындармен керемет етіп балаларды тәрбиелейтін, үйрететін, барлық ойын түрін жүргізе алатын шеберлерді дайындау шығар. Осы құзіреттілік деген сөзді қолданыстан алып тастау керек шығар. Жалпы мағынасын түсінбеймін» деп таусылып отыр және бір оқытушы (орфографиясы сол күйі берілді).
«Орысшадан төте аударған ғой», «Біртүрлі сөздер көбейіп барады негізі. Түсініксіз» десіп жамырап отырған мұғалімдерді оқығанда не жыларыңды, не күлеріңді білмейсің...
Мына бір жазбаларды да оқи отырыңыз:
«Ата-ана қайда қарайды, осы медресе мен мектеп үшін тұып берема. Сабақта отырады ертерек кетуім керек апай неге деп сұрасаң мешітке баруым керек. Әке шешең білема деп сұрасаң ия дит өздері рұқсат берген дит сабақты оқып қарқ етіп алшы деп жбермейміз. Сол кезде оқушының агрессиясы оооохооооо үйдегілерге айтам сіз дінге қарсы степ жатсыз деп оебоооо деп қаламыз. Сомен ата ана звандайды жберіңізші мешітке деп. Ал сонда не болды әке шеше жауапты бәріне қарасын тәрбиені дұрыс берсін».
Айтарға сөз жоқ! «Қай бетімді шымшиын-ай» деуші ме еді мұндай сасқанда шешелеріміз... Шынымен бала оқытып жүрген адамдар ма мына шимайлардың авторлары?
Мәселенің екінші жағы да бар, әрине. «Мұғалімнің жұмысы – ең жауапты, ең азапты жұмыс. Бір шетінен «сиықсыз» оқулықтармен ебін тауып оқытып жатырмыз. Әуелі бір мектепте үш түрлі баспамен де оқыта береміз. «А» сыныбының тақырыбымен «Ә» сыныбының тақырыбы ұйқаспай жатады. Мұндайда жауапкершіліктен азап асып түседі. Сабақ жоспарын жазудың тәртібін өзгерту керек. «Сапа» деп тақылдайтындар бір күндегі үш сабаққа жоспар жазып көрсінші. ҚМЖ – мұғалімнің шығармашылық жұмысы. Әр сабағында нені қалай түсіндіреді? Қандай әдіс қолданады? т.т. жоспарлап, еркімен жазатын көмекші парақ. Бір сабақ жоспарының өзін құрап, жазып шығу үшін кемі 1-2 сағат керек. Екі ай жазсаң, жетер жеріңе жетесің. Отбасы, бала-шаға, тіршілік жоқ па мұғалімде? Дайын ҚМЖ сатып алатынымызды білмей ме? Біледі. Амалымыз жоқ.
Қарамаймыз да ол қағазға.
Біреудің дүниесіне қалай қарайсың? «Ойбай, сабағың жетісіп тұрған жоқ» деу қате. Мықты мұғалімдер бар, қағазға жалтақтай бермей, тамаша сабақ өткізіп шығады. Әр мұғалімнің алдына қойған мақсаты, әдіс-тәсілі болады. Сол пикке жетсе, жеткілікті. Жылдың соңында «Не бітірдім» деген есеп талап етіледі. Оны толтырып отырып, аспанға ұшуға дайындалған космонавттан бетер боласың. Ұшқыш болу жеңілірек шығар?! Дұрыс! Сапа керек! Сапалы білім керек! Сапа оқулықтан басталмай ма? Сапасыз оқулықпен (сапалы) білім беріп жүрген мұғалімнің ісі – көзсіз батырлық емей не?! Дүбәрә оқулық пен бағдарламадан шаршадық. 10-11 сыныптың бағдарламасындағы кейбір тақырып микробиологияға терең енгені сонша, маман микробиологтар да жауабын білмейді. Жанын жеп жұмыс істейтін мұғалімдер көп. «Показухаға» емес, жетістікке ұмтылып жүреді. Бірақ тоғыз ай шапқылай беру – жүйрікке де зорлық!
Төрт тоқсан министрліктен жоспарлану керек деп ойлаймын. Мысалы, 1-тоқсан: олимпиада тоқсаны, 2-тоқсан: көркем сөз оқу, конкурстар тоқсаны; 3-тоқсан: мұғалімдердің сайыс, жарыс тоқсаны деген сияқты.
Үсті-үстіне топырлатып жібере салатын конкурстардың қайсысына шабарыңды білмей, ентігіп кетесің. Мұғалімге жан тыныштығы керек! Сансырап, шаршап-шалдығып, оқу жылының ортан беліне жетпей діңкелеп қалған оқытушы сапалы білім бере алмайды! Шығармашылықпен айналысуына, өзінөзі дамытуына да бұйрық, мәжбүрлеу, талап, «Келесі жылы сағат жоқ саған» деп қорқыту емес, құлшынысын арттыратын жағдай керек!
Сағат бөлуде былтырғы жетістіктерді де өлшеп, екшеген дұрыс шығар... Шынтуайтына келгенде, барлық мұғалім мамандығын сүйеді! Баланы сағынып, шуды аңсап, жадырап келеді қыркүйекте.
«ТЖБ, БЖБ-ның көзін құртыңыздаршы!» деп жалынар едім биліктегілерге. Сапаны құлдыратып тұрған осылар. Диктант, мазмұндама, шығарма қайтарылса, жылап көрісетін жағдайға жеттік. Жазуы құрыды баланың. Жаппай сауатсыздық белең алып барады. Ешқандай әдіс-тәсіл де, ТЖБ, БЖБ да білім сапасын көтермейді! Мықты маман кадрлар дайындалу керек, сосын, тақта мен бор, диктант, мазмұндама, шығарма, бақылау жұмыстары қайта қолданылуы керек.
Басқа әркімге еліктеген, әркімнен әкеліп жапсырылған әдіс-тәсіл еш нәтиже бермейді!» деп қақсап жатқандар баршылық.
«Домбырам не дейді, мен не деймін» болып қала бармаса ғой, әрине...
Ал мына жазбаның сарыны тіпті бөлек, бірақ бұл мәселе туралы да үнсіз отыруға болмайды: «...Квалтест мәселесі. Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Тараз қалаларындағы тест тапсыру кезіндегі ереже бұзушылықтар туралы білеміз. Тараз қаласында кеше ғана 34 мұғалім ұсталған... Заң бәріне ортақ. Бұйрықты ақтарып шықтым. Тәртіп бұзған педагог бес жылға дейін тапсыра алмайды екен. Және қандай категория болса да педагог санатына түсіріледі. Бұл енді артық. Кез келген заңгер айтуы керек. «Бір тәртіптік немесе әкімшілік құқықбұзушылыққа бір ғана жаза қолданылады» деп. Арақ ішіп, рульге отырған адамның правасын алып қойса да, оған таксиге отыру құқын қалдырады. Шпор қолдану қылмыс деп айтпаңыздар тек. Оған жақындата алатын адам болса жазсын.
Тест сұрақтарының сапасы туралы кейінірек әңгімелесерміз. Жаттау мен еске сақтау қабілеті төмен адамдар жетерлік. Әсіресе жасы қырықтан асқан соң ол қасиет төмендей береді. Мұны бәрі біледі. Енді қайтеді халық. Шпор қолдану білімсіздіктен емес, осы шамадан тыс қатал талаптан шығудың жолы деп түсінемін. Ақшасы тасып бара жатқаннан да тест орталығындағы помогайкаларға жем болмайды. Против лома нет приема, если нет другого лома. Кезінде, 1932 жылы ғой деймін, СССР-да «Үш масақ» аталып кеткен заң шыққан. Колхозшы даладан үш масақтан артық бидай ұрласа, кемі он жылға Сібірге айдалған. Мынау аттестация туралы бұйрық та соған ұқсас па деп қалдым.
30 жыл стажбен ұсталып қалсаң, бес жыл бойы изгой болып жүру, одан қалса, ең төменгі айлық алу – шектен шыққан қатыгездік. Қай грамотей ұсынды екен? Мұғалім мұндайды ұсынбайды. Бухгалтерлердің, басшылардың ұрлаған миллиондары мұның қасында баланың еркелігі ғой. Өзіне берген мүмкіндікті пайдаланып, қиналған ұстаздан ақша алған тесттің айналасындағы қызметкерлер ше? Бір бүгін емес. Осы тест басталғалы келе жатқан әңгіме.
Неге қалаған жерде тест тапсыруға болады? Бекер емес.
Педагог сол тест күні санаторийде, құдалықта, қонақта болып қалуы мүмкін ғой басқа жерде. Хохма... Тест тапсыратын күні қонақтап жүру нағыз ессіздік екенін білмей ме? Әр облыстың бір ауданынан сол кезде ворота ашылатыны түсінікті ғой. «Все капризы за ваши деньги». Тест тапсыру ережесін бұзған педагог қандай жазаға лайық? Компромисс болуы керек. Бір-екі жыл тапсыруға жібермеу немесе бір санатын төмендету. Екі жаза қолдану дұрыс емес».
Тағы бірі «Мұғалімді осынша төмендету – қорлау. Оданда анау миллиардтарды жеп жатқандарды жазаласын. Біздің елде білім саласын басқарушылар (қай деңгейде болсын) шала білімді, мейірімсіз, адамгершіліктері төмен сияқты ғой. Еш санатсыз кезінде кішкентай ауылда бізге білім берген ұстаздар қандай еді?! Сол кішкентай мектептен академик, профессор, мектеп директорлары, колледж, университет ұстаздары шықты. Ұстаздың еңбегінің көрінісі – оқушыларының жетістігі деп министр айтты ғой. Енді неменеге мың құбылтып, жүз құйқылжытады?..».
Бәрі де жаны бар пікірлер. Қоғам ауыр тыныстап тұр, әсіресе білім саласы жағынан... Тамыз орта шеніне келіп, қыркүйектің де жүрек соғысы тарсылдап естіле бастады. Білім сапасы да, жалпы қарапайым сауатты жаза білудің өзі де, оқулықтардың мазмұны мен оқытушының қауқары да, тіпті мектепке бара жатқан, келе жатқан балаларды көше толы арсылдаған бұралқы иттердің талауынан қорғау да саған аманат, жаңа оқу жылы! Бітпей қалған, шала біткен мектеп құрылыстары туралы сөз басқа!
Басқа не дейік, «Кімге барып сырымды айтам, кімге барып мұңымды айтам, кімге барып өтінем» дегендей, АПЕЛЛЯЦИЯ беретін жер табу қиындап кетті...
Дариға Мұштанова,
«Үзіліс» арнайы бетінің қоғамдық редакторы,
«Парасат» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалінің,
«Ы. Алтынсарин» белгісінің иегері, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, ҚР Мәдениет саласының үздігі