Шыңғырлау ауданы әкімдігі, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен, аудандық мәдени демалыс орталығының ұйымдастыруымен аудандағы орталық саябақта ауданның 95 жылдығына орай «Аққұмнан шыққан Ақберен» атты фильм көрсетілді.
Ашық аспан астында, демалыс сәтінде, халық көп жиналатын жерде көрсетілуі де ұтымды болды. Аталмыш тарихи танымы мол туындыны көруге аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев келіп, аудан тұрғындарымен бірге өзіндік мағынасы мол фильмді тамашалады.
Бұл фильм - Бөкенбай Қарабатырұлы туралы. Ал оның есімі Шыңғырлау өңірімен тығыз байланысты. Данқты қолбасшы, айбынды саясаткер 17 ғасырдың соңы мен 18 ғасырдың 40-шы жылдарына дейін қазақ даласында, соның ішінде Кіші жүз жеріндегі саяси істерге белсене араласқан аса беделді тұлға. Бөкенбайдың көш бастап, елді ұйыстырып, әрдайым рух-жігерін көтеріп отыруы оның беделінің зор болғандығын паш етеді.
Батыр бабамыз туралы түсірілген фильм аудан тарихының алтын қорына енетініне сөз жоқ.
Гүлшат Ибрагимқызы,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz