17.08.2023, 13:00
Оқылды: 347

Исатай туралы орыс деректері не дейді...

Біле жүріңіз!

Исатай батыр туралы орыс деректері де, оның батырлығына еш шек келтірмейді. Тіпті Исатаймен екі рет соғысқан полковник Гекенің өзі: «Ол өзінің қайсар ер жүректілігінің құрбаны болды!» деп жазды батырдың өлімі хақында. Сондай-ақ «Оны тірідей қолға түсіре алмағанымызға өкінеміз. Сақтық ойлап, Исатайдың қашып құтылуына мүмкіндік беру қаупінен қорыққан мен, енді оған аяушылық істеп, тірідей апарудың қажеті жоқ деп шештім де, өзінің қаншалықты туған-туыстарына бақытсыздық сыйлап, қаншама адамды қайғыға душар еткен мұндай қатыгез жазалау құқығын бір құдайдың өз билігіне тапсырдым. Өлгендердің ішінде көптеген көрнекті халық өкілдерінің болғанын білеміз. Бірақ өкінішке орай, кейбіреулерінің ғана болмаса, олардың аты жөндері белгісіз» деп жазды.

жп дала

Міне өздері «қарақшы» деген Исатайға Гекенің өзі осылай баға берді. Батырдың ерлігіне дұшпаны басын иді деген осы. Ерліктің аты - ерлік. Ерлікті досың түгіл жауың да қадыр тұтқанын талай тарихтан жақсы білеміз. Ендеше ұрпақты құлдыққа емес, ерлікке шақырайық, елдің елдігі «хан» емес, «халық» дегенді жадымызға сіңірсек қандай тамаша болар еді! Сол кезде сұлтан Баймағанбет Айшуақов Исатай өлімі туралы: «Мен полковник Геке мырзамен бірлесе отырып, Исатайды және оның сыбайластары болған Шекті, Адай, Алаша, Кете руы қазақтары, түркімендер барлығы 600 адамды Қиыл өзені бойынан мендегі жиналған жігіттер мен отряд көмегі арқасында 12 шілде күні кездестірдік те, ол жауыздың қолын ыдыратып, өзін өлтіріп тындық. Сыбайластарынан қолға түскендері: ішкі орданың қазағы Ахмет Өтемісұлын, Қаратоқай беріш Бүбітай Құшақовты, есен бөлімінен Бақай Сариевты, алаша руының бармақ бөлімінен Байкерік Нұржановты, түркімен Балабек Батыровты, ақ кете руының, айдар бөлімінен Құдайберген Елемесовты қылмыстарын түсіндіріп, сотқа тарту үшін полковник Гекеге тапсырдық. Шайқас кезінде Тайманов тобынан түрлі рудан 70-80 қаскүнем қазақтар қаза тапты» деп жазғаны белгілі.

Қазірде сол кездегі Жәңгірхан мен Баймағанбет сұлтанға қарсы халық арасындағы дүрбелеңнің қолдан жасалған қиянат пен хан-сұлтандардың халыққа орынсыз тізе батыруы, әділдіктің шектелуі болғанын архив деректерімен қатар, сол кездегі халық жырларында жырланған жыраулардың өлеңдерінде көрініс тапты. Жоғарыдағы деректерден Исатай батыр тобының ерлерше соғысып, өзінен әлде қайда көп және жақсы қаруланған патша әскеріне қарсы шығуы шындығында ерен ерліктің үлгісі еді.

Зулхожа Шарафутдинов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале