Жаңақала ауданындағы «Аманат» партиясы филиалының мәжіліс залында партияның кезекті конференциясы өтті. Конференцияға аудандық мәслихат депутаттарымен бірге ауданның белсенді тұрғындары, қоғамдық кеңес мүшелері, үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.
Көптің алдында аудандық филиалдың төрағасы Азамат Тағаниязов баяндама жасап, «Аманат» партиясы Шыңғырлау аудандық филиалының 2023 жылдың 7 айында атқарған жұмысы туралы айтты. Төрағаның сөзінше, партия қатарында 1270 мүше бар, оның ішінде ер адамдар саны 347 болса, әйелдер үлесі 923 екен. Филиалда 12 бастауыш партия ұйымы жұмыс жасап келеді. Олардың 5-уі аудан орталығында, қалғаны ауылдық округтерде. Жыл басынан бері партия қатары тағы да 32 адамға толыққан.
Айта кету жөн, 2023 жылдың 19 наурызында өткізілген Қазақстан Парламенті Мәжілісінің және мәслихат депутаттарының сайлауының қорытындысы бойынша аудандық мәслихатқа 10 адам сайланып, оның 7-уі «Аманат» партяисы атынан өткен. Фракция жұмысы бойынша жыл басынан бері үш отырыс өткізілген. Аманаттықтар жұмысын қалыпты жүргізіп жатыр.
- Биыл аманаттықтарға тұрғындар тарапынан 25 аманат келіп түскен. Қазіргі таңда осы аманаттарының орындалуын қамтамасыз ету жұмыстары атқарылуда. Тұрғындардың төрт аманаты толық орындалған. Қалған 21-і орындалу үстінде, - деді филиал төрағасы.
Конференцияда белсенді зейнеткерлер атынан Сабыр Сәмиев, Адақ Шотпанов және басқалары сөз алып, өз ой-пікірлерін ортаға салды. Аманаттықтардың көмегімен аудандағы жол салу үрдісі қатаң бақылауға алынған. Үнемі рейдтер жүргізілуде. Партияның сайлауалды бағдарламасына енгізілген жобалар бүгіндері біртіндеп іске асуда. Мысалы орталықтағы үш қабатты тұрғын үй, Шоқтыбай ауылындағы ауыз су құбырының құрылысы, Қарағаш ауылындағы су құбырын қайта жөндеу жұмысы, Шыңғырлаудағы ашық стадион құрылысы, тағы басқа да жұмыстар партялықтардың үнемі бақылауында. Сонымен қатар «Балаларды мектепке даярлайық!» акциясы аясында 20 балаға оқу құралдары әперілген. Тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында «Қарызсыз қоғам» әлеуметтік жобасы іске асырылған. «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы» сияқты көптеген жоба бойынша ілкімді жұмыс атқарылған.
Конференция соңында партияның саяси бюро құрамының мүшелері бекітіліп, облыстық конференцияның делегаттар сайланды.
А.Арыстанова,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz