18.08.2023, 9:15
Оқылды: 46

Партия төрағасы кәсіпкерлермен кездесті

Облысқа жұмыс сапарымен келген «Ақжол» демократиялық партиясының төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев өндіріс орындарын аралап, кәсіпкерлермен кездесті.

перуашев (1)

Депутат алдымен «Орал «Зенит» зауыты» АҚ-ға барды. Зауыттың цехтарын аралап, құрастырылып жатқан кемелердің жай-жапсарымен танысқан А. Перуашев жұмысшылармен жүздесті.

- «Зенит» – тарихы терең, елімізге танымал зауыт. Талай қиындықты жеңіп, дағдарысты еңсерген зауыт бүгінде бірегей кәсіпорынға  айналды. Ең бастысы, білікті кадрларды сақтап қалды. Мен зауытқа бұрнағы жылдары да келген едім. Уақыт өте түрлі мәселенің туындайтыны сөзсіз. Бұл жолы мемлекеттік салып алуға қатысты, яғни зауытты тапсырыстармен қамту мәселесі айтылды. Сонымен қатар қажет материалдарды сатып алу да өзекті. Мен ісі алға басқан мұндай кәсіпорынға мемлекет тарапынан жүйелі қолдау көрсетілуі керек деп есептеймін, - деді депутат А. Перуашев.

перуашев (3)

Сондай-ақ ол соңғы 3-4 жылдан бері ҚР Ұлттық банкінің базалық мөлшерлемені көтеріп келе жатқанын, ал бұның тауар өндірушілерге тиімсіз екенін атап өтті. Ұлттық валюта бағамының тұрақсызданып кеткенін де тілге тиек етті.  Зауыт жұмысшылары депутатқа коммуналдық қызмет тарифтерінің көтерілуіне, сапасыз жолдарға қатысты сұрақтар қойды.

Бүгінде кеме құрастыру басты брендіне айналған зауытта ел шекарасын күзетуге қажетті жүрдек катерлер, сыйымдылығы жоғары корабльдер құрастырылады. «Зениттіктер» күні бүгінге дейін 34 кеме мен катерді пайдалануға берді. Бас директордың бірінші орынбасары Алексей Солодовниковтың айтуынша, келесі жылы көктемде «Айбар» №3 шекаралық-патрульдік кемесі, яғни  35-ші кеме суға жіберіледі.

Аталған су көлігі ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты шекара қызметінің тапсырысымен жасалуда.

«Сонымен қатар зауытта жаңа жоба – ҚР Қорғаныс министрлігінің тапсырысымен көпфункциялы кеме құрастырылуда. Су көлігінің су ығыстырылымы – 750 тонна. Ол су, жанар-жағармай, экипажды тасымалдау секілді жұмыстарды атқарады. Одан басқа биыл зауытта екі кемеге күрделі жөндеу жүргізілуде. Біздің зауытқа қорғаныс саласынан тапсырыс жеткілікті түсіп тұрады. Бірақ біз КПО б.в. компаниясы секілді жергілікті жер қойнауын пайдаланушылардың шетелге емес, «Зенитке» тапсырыс бергенін қалаймыз. Зауыттың машина жасау өндірісі қандай болса да тауарды жасауға дайын. Депутаттар, ел үкіметі осы мәселеге зер салуы керек деп санаймын», - деді Алексей Константинович. Бүгінде зауытта 750 адам жұмыс істейді. Сонымен қатар зауытта мұнайгаз компанияларына қажет жабдықтар дайындалады.

 ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев бұдан соң, «Кублей» ЖШС-ға барды. Кәсіпорын директоры Талғат Берекешев консерві өндіретін цехтарды, қойма мен мұздатқыштарды аралатып, таныстырды. «Кублейде» 100-ден астам консерві өнімі өндіріледі. Олардың қатарында ет, көкөніс, сүт, балық консервілері, жемістер мен көкөністер консервілері және жартылай дайын тағамдар бар. Қажет шикізатты жергілікті шаруалардан, жеке қосалқы шаруашлықтардан сатып алады. Барлығы 3000-дай  жеткізуші бар екен. Тек балықтарды импорттап отыр. Бүгінде кәсіпорында 750 адам жұмыс істейді.

перуашев (4)

Мәжіліс депутаты бұдан соң БҚО «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының ғимаратында бизнес өкілдерімен кездесті. Онда «ӨЖК «Серік», «Кублей» және «Стройтех» ЖШС-ларының басшылары депутатқа өздерін толғандырған мәселелер жөнінде баяндап, олардың оң шешілуіне көмек сұрады.

Толығырақ «Орал өңірі» газетінің алдағы санынан оқи аласыздар.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале