Орал қаласында 18 тамыз күні "AMANAT" партиясы БҚО филиалына қарасты "Мектеп" бастауыш партия ұйымының қолдауымен және "Жұлдыз" комьюнити орталығы және «Жастар Рухы» ЖҚ ұйымдастыруымен «Баланы мектепке даярлайық!» акциясы өтті. Акцияға әлеуметтік аз қамтылған , жалғызбасты және әлеуметтік көмекті қажет ететін 27 отбасының 50 бүлдіршіндеріне мектепке қажетті оқу құралдары мен сөмкелер табыс етілді.
Акцияның мақсаты – аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан оқушыларға мейірім мен қамқорлық сыйлау болып табылады.
Шара барысында көңілді аниматорлар балаларға сабақ құралдары салынған сөмкелерді табыстап, қызықты ойындар ойнатты.
Халқымыздың салт-дәстүрін қастерлеу, үлкенге құрмет, кішіге – ізет көрсету, жас ұрпақ бойына рухани адамгершілік дәндерін себуге бағытталған шаралар жүргізілді.
Жаңа оқу жылының қарсаңындағы игі бастама елімізде дарынды, білімді, алғыр, дені сау ұрпақ өсуіне ұйытқы болмақ.
Жыл сайын балаларға мейірім мен шуағын төге келетін акция көпшілік көмегімен өз дәрежесінде өтеріне сеніміміз мол.
Акция барысында Орал қалалық мәслихат депутаты Мухамбетжанов Бауыржан Қамарұлы сөз сөйлеп, бүлдіршіндерді келіп жеткен оқу жылымен құттықтап, толағай табыстар тіледі. Республика көлемінде өтіп жатырған «Баланы мектепке даярлайық» қайырымдылық акциясы Партия бастамасымен 2010 жылдың тамыз айында іске қосылған.Акция дәстүрлі түрде «Бақытты отбасы» жобасы аясында өткізіліп келе жатыр.
Жыл сайын партия филиалдары, бастауыш партия ұйымдары, партия белсенділері мен фракциялардағы партия депутаттарының қолдауымен 1000-нан аса бала оқу құралдары, мектеп және спорттық формалармен қамтылып келе жатыр. Былтырғы жылы осы акция аясында 1500 бала қамтылса, биыл 1600 баланы акция аясында оқу құралдарымен қамту жоспарлануда.
Зулқашева Айсезім,
«Жастар Рухы» Жастар қанаты БҚОФ менеджері