22.08.2023, 15:15
Оқылды: 63

Бөрлі ауданында спорттың 34 түрі кеңінен дамып келеді 

Бөрлілік спортшылар республикалық, тіпті әлемдік жарыстарда еліміздің, ауданның атын шығарып, көк туымызды желбіретіп жүр. Облыстық жарыстарда да аудан спортшылары әрқашан алдыңғы қатардан көрінеді. Әрине мұндай жетістіктердің артында ауданның спорт саласы мамандары мен бапкерлер қауымының еңбегі тұр.

2023 жылы аудандық дене шынықтыру және спорт бөліміне аудан бюджетінен 480 млн 407 мың теңге бөлінген. Соның ішінде биыл бұқаралық спорттық шараларды ұйымдастыру үшін 421 млн 132 мың теңге, ал аудан спортшыларының түрлі деңгейдегі жарыстарға, біріккен оқу-жаттығу жиындарына қатысуы үшін 40 млн теңге бөлінген.

Аудан спорты даму жолында

Ауданда 34 спорт түрі кеңінен насихатталған. Әсіресе бұқаралық спорт түрі басты назарда. Тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстанып, тұрақты түрде спортпен шұғылдануы үшін ауданымызда 135 спорттық құрылым қызмет етіп келеді. Тоғыз тир, үш спорт кешені, 87 спорт алаңы, бір жүзу бассейні мен 35 спорт залы бар.

спорт 6

 2022  жылдың қорытындысы бойынша аудан халқының саны 56 206 адамды құраса, оның 39%, яғни 21 923 адам спортпен тұрақты түрде шұғылданып келеді. Спорт бөлімі жазда «Жастар» стадионын және қала бойынша сегіз спорт алаңын күтіп ұстайды. Ал қыс мезгілінде қала және ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында сырғанау төбешіктері мен мұз айдындарының құйылуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар тұрғындарға «Ақсай» мәдени-бұқаралық, ұлттық ат спорты кешені ғимаратында 25 метрлік төрт жолақты жүзу бассейні және фитнес залы жұмыс жасайды. Балаларды спортқа баулу үшін ауданда балалар-жасөспірімдер спорт мектебі де бар. 2022-2023 оқу жылында спорт мектебінде 1394 оқушы жаттықты.

Спорт мектебінде барлығы 46 оқытушы-жаттықтырушы балаларды түрлі жарысқа дайындайды.

Бұдан бөлек, бұқаралық спортты дамытудың негізгі жолы – спорттық жарыстарды көп өткізу болса, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында түрлі деңгейдегі жарыстар ұйымдастырылып келеді. 2022 жылы ауданның спорт бөлімі ірі көлемді облыстық, республикалық деңгейдегі спорттық жарыстарды жоғары деңгейде өткізді. Олардың қатарында волейболдан ҚР чемпионаты, бәйге түрлерінен облыстық турнирлер, жүгіру марафондары, шаңғы спорты, жекпе-жек, таеквондо, асық ату және бес асықтан ҚР және БҚО чемпионаттары, пауэрлифтингтен БҚО кубогы, қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» турнирінің облыстық іріктеу кезеңдері де бар.

СПОРТ 5

Тұрғындары тұрақты түрде спортпен шұғылдануы үшін қала және ауылдық округтерде биыл бірнеше спорт нысандарының құрылысы жоспарланды. Қазақстан Респубкасы Үкіметінің 2023 жылғы 28 наурыздағы №256 бекітілген қаулысына сәйкес ауданның әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларының тізіміне енген спорт саласында бірнеше жоба бар. Соның ішінде Қызылтал шағын ауданынан мәдени-спорт кешені және Жарсуат пен Кеңтүбек ауылдарында спорт кешендерін салу жоспарланған. Одан бөлек, LLF футбол алаңы (қыс мезгілінде мұз айдыны), шағын футбол, волейбол, баскетбол, теннис, street workout стрит және балалар ойын алаңдарын салу жоспарда бар. Сонымен қатар Ақсай қаласындағы «Жастар» стадионын қайта жаңғырту, ұлттық ат спорты түрлерін дамыту мақсатында «Ұлттық ат спорты кешенінің» құрылысы, жекпе-жек түрлерін қамтитын көпфункционалды «Жекпе-жек сарайының» құрылысы бойынша эскиздік жоба дайындалып жатыр.

Бөрлілік спортшылар алған асу

Жыл басынан бері ауданымыздың спортшылары бір Азия, тоғыз ҚР және 18 БҚО чемпионатына, бес халықаралық, жеті республикалық және 12 қалалық және аудандық турнирге, бір ҚР спартакиадасына, үш ашық біріншілік, төрт оқу-жаттығу жиыны және үш Орал қалалық чемпионаты мен кубоктерге қатысқан. Осындай әр түрлі деңгейдегі спорттық жарыстарға қатысқан спортшылардың бағындырған белестері аз емес.

Әлемдік жарыстарда еліміздің атын шығарып жүрген жерлестеріміз Темірлан Көлбай, Әділбек Сейсов, Меруерт Байниязова, Анастасия Панасович, Сара Айтасова, Мәриям Сәлімгереева, Вадим Симаченко, Гауһар Ирмағамбетова, Мәлік Мұқашев секілді спортшыларымыз да бар. Ардагер спортшыларымыз да неше түрлі жарыстарға қатысып, аудан намысын қорғап жүр. Соның ішінде жақында Астана қаласында өткен спорттық және жауынгерлік самбодан Азия чемпионатында ардагерлер арасында күміс жүлдегер атанған ауданның спорт ардагері Айтбай Қалмышұлын да атап өтуіміз керек. Сонымен қатар Орал қаласында өткен зейнет жасындағы ардагерлер арасындағы облыстық спартакиадада аудан спортшыларынан құралған команда жеңімпаз атанған болатын.

СПОРТ 1

Аудан командасы топ жарды

Биыл 10-13 және 17-19 тамыз күндері Орал қаласында ұлттық спорт түрлерінен Батыс Қазақстан облысының VІ фестивалі өтті.

Бұл спорттық дода төрт жылда бір рет өткізілетін жарыс. Фестивальге Орал қаласы және аудандардың құрама командалары қатысқан. Жарыс бағдарламасы бес спорт түрінен тұрды. Аудан құрамасы аламан, қазақ күресі, дәстүрлі садақ ату, асық ату мен бес асықтан І орын, ал жамбы ату жарысынан ІІ орын алды. Қорытындысында аудан командасы І орынға ие болып, фестивальдің чемпиондары атанды.

СПОРТ 4

- Бұқаралық спорт – ұрпақ саулығының кепілі, ұлт денсаулығын сақтау жолындағы амалдардың бірі. Қазіргі таңда жылдан-жылға спортпен шұғылданатын жандар көбейіп келеді. Бұл дегеніміз аудан тұрғындарының бұқаралық спортқа деген қызығушылығы артқанын көрсетеді. Жыл басынан бері спорт түрлері бойынша жасақталған аудан құрама командасы қысқы президенттік көпсайыс, мемлекеттік қызметшілер, зейнет жасындағы ардагерлер арасындағы облыстық спартакиадалардан және күні кеше аяқталған ұлттық спорт түрлерінен  облыстық фестивалінен жеңімпаз атанды. Бұқаралық спортпен қатар жоғары спорттық жетістіктеріміз де аз емес.  Биыл самбо, қол күрес, гір спорты, паратаеквондо секілді спорт түрлерінен Азия чемпионаттарында жақсы нәтиже көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Ауданымыздың спорт саласының даму қарқыны жоғары болуы үшін осы салаға бағытталған жұмыс бірлесе отырып атқарылады, - дейді аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Исатай Қарабаев.

Айдана Абдрахманова,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале