Шыңғырлау ауданы орталығындағы ауыл шаруашылық өнімдерінің сатылымын ұйымдастыру аудан халқы үшін өте тиімді болып отыр. Қысы-жазы бұл алаңда небір түрлі жәрмеңке ұйымдастырылып, бірі өзі өндірген өнімін сатып тұрса, енді бірі іздегенін осы жерден тауып алады.
Жәрмеңкеде қызанақ пен қияр өте көп ұсынылады. Бағасы да қолжетімді. Себебі өнімін әкеліп сатушылардың қатары көбейген сайын, балама баға да құбылып тұрады.
Осы жерге шыңғырлаулық Рудьтің отбасы - Петр және Татьяна келіп, сатылымға тауарын шығарып жүр. Ауыл шетіндегі бау-бақшасынан өндірген көкөністерін әкеліп, жыл сайын тұрғындарға ұсынып келеді. Бағасы да қымбат емес.
Бұған дейін, аздаған жерге бақша салып, тәжірибе жинақтап, жұмысқа ысылған ерлі-зайыптылар бүгіндері 3 гектар жерді толығымен пайдаға асырып отыр. Көкөністің ондаған түрі, қауын-қарбыздың небір түрін өсіріп отыр. Нақтырақ айтсақ, тек қиярдың «Криспина-Ғ1» сұрпынан биыл 15 тонна өнім алған. Биылғы жаңбырдың, әрі Елек өзінінің суына қаныққан бақшаның өнімдері қараған адамның көзін қуантады.
- Осы жылы қарбыздың «Продюсер», қауынның «Гурмет Ғ1» сұрпын егіп бастаған. Екеуінің де өнімділігі мен сапасы да ойдағыдай. Демек біздің жердің құнарлылығы мен біз өткізген агротехникалық шараларымыз пайдасын тигізгені рас, - дейді Татьяна.
Бақшаның көлемін үлкейткен сайын, жұмыс қолы да қажет болатыны белгілі. Рудьтардың иелігінде бес жұмысшы еңбектеніп жүр. Олар өздеріне тиесілі еңбек ақысымен бірге бақша өнімінің де қызығын көріп жүр.
Бақшасын гүлдетіп, 15 тонна өнім алған Рудь жанұясы тек өз күштерімен қолдан келетін жұмысты атқарып жатыр. Бұл отбасы несиесіз де іс бастауға, көп күттірмей нәтижесін көруге болатындығын дәлелдегендердің қатарынан.
Айсулу Муса,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz